Мейірханның мәңгі шырағы
Ән десе, жүрегі ояу Алаш баласының құлағына Арқа даласында әуелеген ән келеді. Бұл далада қазақ әнінің қоржынын толтырған небір жауһар туындылар жазылып, соларды қазаққа мәшһүр еткен дүлдүлдердің дүбірі өткен. Осы тұста Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжін атамасқа болмас. Дәл осы білім шаңырағында қазақтың классикалық әндерін жаңғыртып, жаңа леп берген дарындар білім алып жатыр. Тәттімбет өнер колледжі десе, еске Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Мейірхан Адамбеков оралатыны анық. Ол колледж қабырғасында 30 жыл бұрын «Дәстүрлі ән айту» бөлімін ашқан. Міне, сол бөлімнің 30 жылдық мерейтойына орай тағы бір сынып есігін шәкірттерге айқара ашты. Сыныпқа Мейірхан Адамбековтің есімі берілді.
Сыныптың салтанатты ашылу рәсіміне қазақ өнерінің бір-бір жалауын ұстаған азаматтар қатысты. Алдыңғы қатарда классикалық қазақ әндерін бір кезеңде өз биігіне шығарған Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов бар. Ол шараға жиналғандарды сыныптың ашылуымен құттықтады.
– Бұл – көңілге қуаныш ұялатқан ерекше жаңалық болды. Аяулы азаматтар ән дүлдүлінің есімін осылайша жаңғыртып жатыр. Қазақтың ән өнерінде Мейірхан Адамбековтің өз төрі бар. Осы сыныптан сол мол мұрамызды, жақұтымызды одан әрі жарқырататын таланттар шығатынына сенімім зор. Баршаңызды айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ әнінің тұғыры биіктей берсін! – деді Қайрат Байбосынов.
Ән дүлдүлінен кейін сөз кезегі сөз өнерінің жарқын өкілі, Алаш рухын қара өлеңмен асқақтатқан ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлына келді.
– Қарағандының рухани өмірі үшін бүгінгі күн ерекше. Мейірхан Адамбеков – қайталанбайтын әнші. «Шайтанкөл» әні Мейірхан Адамбековтің аузына түспесе, осы күнге дейін қадірі болмас еді. Аяулы әншінің көзі кеткеннен кейін оның әндерін ешкім айта алмады. Себебі, Мейірхан бауырымның дауысы ерекше. Оның маған қаны да, жаны да жақын. Марқұмның топырағы торқа болсын. Есімі ғасырдан-ғасырға жете берсін! Соңынан ерген шәкірттерінің қашан да жұлдызы жарық болсын! – деді Серік Ақсұңқарұлы. Дүлдүл әншінің көзін көрген, өнерде де, өмірде де қатарлас жүрген жақсы мен жайсаңдар да жүрекжарды естеліктерін айтып, мынадай игі істің құптарлық өнеге екенін жеткізді. Олардың қатарында, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Әбдуғалисын Шоқанбаев, Жақсыкелді Кемалов, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры Бауыржан Ермұхамбетов, Қазақ ұлттық өнер университеті ән кафедрасының меңгерушісі Ербол Сарин, дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген дүлдүлдер Айтбек Нығызбаев, Толу Сембаев, Тельман Нұркен бар.
Ал, сыныпты салтанатты түрде Қайрат Байбосынов, Рымбала Омарбекова, әншінің жары Нәсіп Еңсебаева ашты. Өнердегі әріптестері, шәкірттері, жалпы, колледж ұжымы сыныптың ашылуына жұдырықтай жұмылғанын айту ләзім. Ұстазға, дара туған дарынға деген зор құрмет осылайша тағы бір сүйсіндірді. Сыныптың ашылуына мұрындық болған колледж басшылығы қажетті жиһазды алса, техникалық жабдықтармен кәсіпкерлер, Мейірхан Сәйдіұлының бауырлары Қайрат Турдиев, Ержан Әділбеков, Ерлан Әзімбеков қамтамасыз еткенін атаған жөн.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz