АймақНұра

Механизатор мерейі

Мамандықтың жаманы жоқ. Егер кімде-кім өз кәсібін меңгеріп, жұмысын адал атқарып, тапқан-таянған табысы маңдай терімен келсе, ол сол бейнетінің зейнетін де көреді. Міне, бүгінде 82 жасқа келіп, Нұра ауданының Мұзбел (бұрынғы Пржевальское) ауылында тұрып жатқан Штефан Киркені осы санатқа жатқызуға болады.

Тың игеру жылдарында құрылған сол кездегі Пржевальский атындағы кеңшарға 18 жастан жаңа асқан молдаван жігіті 1961 жылы осы аудандағы Чернигов селолық кәсіптік-техникалық училищесін кең бейінді тракторшы-машинист мамандығы бойынша бітірген бір топ достарымен келіп, қалып қойған болатын. Оған еш өкінбейді де. Осында отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, табан аудармастан 50 жылдай еңбек етіп, атақ-марапатын да алып, абырой-құрметпен зейнет демалысына шықты.

– Қазіргі ақша мен мансап билеген заманда жұмысшы мамандықтары мен қарапайым еңбек адамдарының қадірі кеміп, құны түсіп кеткен еді. Енді Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаннан кейін олардың бәсі артып, беделі жоғарылайды деген сенімдемін, – дейді Штефан ақсақал. – Осы Жолдауда айтылғандай, «Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі.

Жасынан осы қағидаға берік Киркенің көз алдынан шаруашылықтың жарты ғасырлық өсіп-өркендеу, кейінгі құлдырап, қайта өрлеу кезеңдерінің бәрі де өткен. Ол оның мерейі үстем болуы үшін жан аямай тер төгіп, таңның атысы, күннің батысы талмай жұмыс істеді. Алғаш еңбек жолын механизатор болып бастаған ол көктемде дән сеуіп, жазда шөп шауып, күзде егін орып, қыста қар тоқтатты. Осылайша жылдың төрт мезгілінде тыным таппай, тырбаңдаған тірлігінің арқасында егістік бригадасының бригадиріне дейін көтеріліп, одан кейін машина-трактор шеберханасының меңгерушісі қызметін 2010 жылы зейнетке шыққанша атқарып, соңынан ерген жастарға білгенін үйретіп, тәлімгер болып жүр. Себебі, ол техниканың да, адамдардың да тілін таба алады.

Кезінде кеңшар болған шаруашылықтары 1992 жылы жекешелендіріліп, «Алтын дән» ұжымдық меншік кәсіпорны, ол банкрот болған соң өндірістік кооператив болып, ақыры 1999 жылы «Пржевальское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылған. Осы ауылшаруашылық құрылымын 1996 жылдан бастап, қашан 2023 жылдың 19 тамызында мезгілсіз қайтыс болғанша білікті маман, тәжірибелі ұйымдастырушы Ықсан Таттыбаев отыз жылдай басқарған-ды. Ол әбден тарауға айналған шаруашылықты қайта құруды қолға алып, техникалық паркін жаңартып, егістік көлемін 25 мың гектарға дейін жеткізіп, барлық әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени нысандарды жаңғыртып, жөндеп, ауылды ыдыратпай сақтап қалды. Бұл жерден бірде-бір отбасы көшіп кетпей, қазір мұнда еңбек ететін 140 адам ай сайын орташа есеппен 350 мың теңгеден жалақысын, жыл соңында миллион теңгелеп үстемақысын алып, шалқып өмір сүріп жатыр. Сол қайта құрулар мен жаңартудың басы-қасында мұның өзі де жүріп, белсене атсалысқан.

Сол жанқиярлық еңбегі қай кезде де лайықты бағаланып, кешегі Кеңес заманында Ленин және «Октябрь Революциясы», Еңбек Қызыл Ту ордендерін өңіріне қадап, 3 рет Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысып, 1 алтын, 2 қола медаль алды. Ал, еліміз егемендік алғаннан кейін бір кездері өзі жұмыс істеген серіктестік ұжымының ұсынысымен 2022 жылы Нұра ауданының Құрметті азаматы атанды.

Бұл күндері Штефан Кирке жұбайы Светлана Александровнамен Мұзбел ауылында сау­-саламат ғұмыр кешуде.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Нұра ауданы
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button