Медицина

Медицинаның мол мүмкіндігі

Кеше Қарағанды медицина университетінде «Медициналық білім 4.0: Жаһандық трендтер және локалды шешімдер» атты медициналық білім беру бойынша VII Орта Азиялық халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы бастау алды. Бас қосу медициналық білім берудегі заманауи жаһандық тенденциялар мен инновациялар, Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі медициналық оқытудың ерекшеліктері мен мәселелері, цифрлық трансформация, симуляциялық оқыту, жасанды интеллект және телемедицинаның рөлі сынды тақырыптарды қамтыды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Халықаралық деңгейдегі жиын оқу орнының 75 жылдығы аясында ұйымдастырылғанын атап өту ләзім. Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та оқу орнын мерейлі тоймен құттықтап, оның ғасырға жуық уақыт ішінде өңірдің ғана емес, ел медицинасын дамытуға сүбелі үлес қосқанын атап өтті.

– 75 жылда университет қабырғасынан 47 мың маман түлеп ұшты, оның 40 мыңы – дәрігерлер. Төрегелді Шарманов, Салидат Қайырбекова, Анатолий Дерновой сынды түлектері Денсаулық сақтау министрі болып қызмет етті. Сонымен қатар, өз ісінің һас шеберлері, елде ғана емес, шет елдерде де мәлім академик профессорларымыз – Раушан Досмағамбетова, Валентина Сирота, Бауэр Алтынбеков, елімізде алғашқылардың бірі болып эндоскопиялық операцияларды енгізген Серік Тоқпанов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ахмет Алдашев бар.
Мемлекет денсаулық сақтау саласын модернизациялау үшін көптеген шаралар қабылдауда. Бірақ, мықты академиялық базасыз, біздікіндей университеттерсіз қолға алып жатқан реформалар жүзеге аспақ емес. Осы конференция тәжірибе алмасу ғана емес, медициналық білім берудегі маңызды міндеттер мен жаңа перспективаларды айқындауға, осы саладағы мемлекеттік саясатты әрі қарай реформалауға ғылыми негіздемелер мен ұсыныстар береді деп сенемін, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Сыла Скендер, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Қадиша Оспанова, елдегі аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің бас директоры Алина Жұмағұлова лебіздерін білдірді.

Қарағанды медицина университеті ректорының міндетін атқарушы Виктор Риклефс мерейлі жылда ұйымдастырылып отырған шараның ерекше маңызға ие екенін айтты.

Кешегі күні «Жасанды интеллект, қолжетімділік және рефлексивті оқыту: медициналық білім берудегі 4.0 соқыр нүктелерін анықтау», «Медициналық білім беру жүйесін дамыту: дәстүрлер, инновациялар, перспективалар», «Орталық Азияда тағамтану және диетология саласында білім беру және зерттеу әлеуетін арттыру» (BERNICA) жобасын іске асырудың негізгі нәтижелері сынды тақырыптар бойынша секция жұмыс істеді.

– «Орталық Азияда тағамтану және диетология саласында білім беру және зерттеу әлеуетін арттыру» Erasmus Plus бағдарламасы Орталық Азиядағы бірнеше медициналық жоғары оқу орындарында қолға алынған. Ол оқу процесінде нутрициология бойынша модульдерді енгізуді көздейді. Бұл халықаралық жобаға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ, Аустрия мен Түркия елдерінің де оқу орындары енді. Әзірленген бірнеше модуль биылғы оқу жылынан бастап, білім беру процесіне қосылып, оқытыла бастайды. Неге бұл тақырып маңызды дейтін болсақ, «Ас – адам арқауы», әсіресе, дұрыс тамақтану қазіргі қоғам үшін өзекті. Осы конференцияда дұрыс тамақтану, диетология бойынша жобаларды ұсынамыз, – деді Erasmus Plus бағдарламасының Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Кенеш Джусупов.

Әлемнің оннан астам елінен жиналған медициналық университеттердің оқытушылары мен ғалымдары, денсаулық сақтау саласының мамандары, халықаралық сарапшылар мен серіктестер медициналық білім берудегі жаңашылдықтарды қаузады. Екі күнге созылған бас қосу бүгін аяқталуы тиіс. Ұйымдастырушылар конференция нәтижесінде жинақталған тәжірибе алдағы уақытта оқу орнының білім беру процесінде қолданылатынын жеткізді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button