Медицина

«Медициналық сақтандыру жүйесіне реформа қажет»

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірге жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында бірқатар емдеу мекемелерін аралады. Оның ішінде, Осакаров ауданының аудандық ауруханасы, облыстық клиникалық аурухана, еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығына да барды. Сонымен қатар, Қарағанды медицина университетінің жұмысымен танысты.

Сурет денсаулық сақтау басқармасынан алынды

Университет қабырғасында өңір тұр­ғындарымен кездесіп, жеке қабылдау жүр­гізді. Журналистердің де сұрақтарына жауап беруге уақыт тапты.

МӘМС-ке қатысты қойылған сұ­рақ­қа жүйені толығымен реформалау керектігін айтты.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі – өзекті, халықтан шағым көп. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС пакетінің аражігін ажырату керектігін Президенттің өзі ескертті. Оған талдау жасап жатырмыз. Консультациялық-диагностикалық көмек беруді қаржыландыру 11 есе, оңалту қызметімен қамту 7 есе, дәрімен қамтуға да бөлінген қаражат бірнеше есе өскенімен, медициналық көмек әлі де қолжетімсіз. Бұл жерде бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану көрінісі байқалады. Бірінші жартыжылдық соңына дейін бұл мәселені шешеміз. Үнемделген қаражат есебінен медициналық қызмет тарифін көтереміз, – деді Ақмарал Шәріпбайқызы.

Министр бұдан басқа да мәселелерді атап өтті. Ол науқастың маршрутын азайту, бейінді мамандарға терапевтің жолдамасынсыз бару мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.

– Одан кейінгі мәселе – цифрландыру, – деді ол. – Дәрігерлер қабылдау уақытының көп бөлігін компьютер алдында өткізеді. Оларды қағазбастылықтан арылтамыз деп компьютерге телміртіп қойған сияқтымыз. Бүгін емханаға бар­ғанда көрдім, есептесек 6 минут дәрігердің жеке кабинетіне кіріп, науқастың дерегін толтыруға кетеді екен. Мұның барлығы артық.

Бүгінде 3 млн.-ға жуық адам сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Оларды тарту – негізгі жұмыс. Ал, мүлдем төлей алмайтындарды Мемлекет басшысының тапсырмасымен жергілікті билік есебінен сақтандыру мәселесі де қаралатынын жеткізді.

– Бүгінде мемлекет 20 млн. халық­тың 11 млн. үшін сақтандыру жарнасын төлеп отыр. Бұл – 18 жасқа дейінгі балалар мен 63 жастан асқандар. Экономикалық белсенді 4,5 млн. адам аударым жасап отыр. Бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдар екі төлемеуі, еңбек демалысы кезінде жүйеден шығып қалатын жағдайлар да ескеріледі, – деді Ақмарал Әлназарова.

Сонымен қатар, былтыр жаздағы арнайы әлеуметтік қызметтер орталығында балалардың улану себебі әлі күнге дейін анықталмағанын айтты министр.

– Рас айтасыз, зерттеу жұмыстары созылып кетті. Алдын ала себептері де белгісіз. Тергеу органдары жұмыс жүргізіп жатыр. Осы қызметке тағайындалысымен қолға алған едім. Бұл іс – менің бақылауымда, – деді ол.

Брифинг барысында вакциналардан бас тарту жайлы да айтылды. Вакцинадан бас тарту жағдайларына ата-аналар ғана емес, ақпараттық түсіндіру жұмыс­тары кемшін денсаулық сақтау мекемелері де жауапты екенін жеткізді министр.

– Вакцинамен «басқарылатын» аурулар денсаулық сақтау саласында ерекше орын алады. Екпемен қамтылмау, вакциналауды дұрыс жоспарламау, вакцинаны таңдау мүмкіндігінің жоқтығына да байланысты. Жалпы қоғамдық және жеке баланың денсаулығына қатысты вакциналау бар. Жеке денсаулығына қа­тысты екпеге ата-ана өзі жауапты. Ал, бірінші жағдайда, мысалы, қазіргі қызылшаның таралуы сияқты уақытта вакцина салдырту қажет. Ауырған балалардың 75 пайызы екпе алмаған. Жасы келмей, екпе алмаған балалардың қайтыс болып кеткенін де білесіздер. Бұл жерде ата-ана бас тартып жатса, түсіндірудің дұрыс жасалмайтынын көрсетеді, – деді ол.

Бұл ретте министр Қарағанды мектептерінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттардың анықталғанына мектепке қызмет көрсететін емхана жауапты екенін айтты.

– 2018 жылдан бері мектеп медбикесінің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берілген. Әр емханаға бекітілген мектептер бар. Мектептегі препараттардың қолда болуына, жарамдылық мерзіміне сол емхана жауапты. Мектеп медбикесі және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауапты емхананың аға мебдикесі қандай препаратты қай уақытта бергенін, оның бар-жоғын тексеріп отыруға міндетті. Бұдан кейін ел бойынша барлық мектептерде тексеріс жүргізіледі, – деді министр.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button