Медицина қызметкерлері марапатталды
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВ медицина саласында қажырлы қызмет атқарып, тұрғындардың денсаулық сапасын жақсарту жолында тер төгіп жүрген бірқатар ақ халатты абзал жандарды мерекелік төсбелгілермен марапаттап, алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған 25 жылда саяси тұрақты елге айналып қана қоймай, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты артып, дамыған мемлекетке айналғаны белгілі. Ел экономикасының, әлеуметтік жағдайының көтерілуі тек саяси тұрақтылыққа ғана емес, ұлт денсаулығына тікелей байланысты. Ендеше, елдің дамып, өркендеуі ең бірінші денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне байланысты. Тұрғындардың денсаулығы болмаса, тұрақты даму қайда? Осыны ескерген Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әлемдік стандартқа сай қызмет көрсете бастаған отандық медицина өрге басып келеді. Еліміздің барлық аймақтарында жоғары технологиялық оталар жасалып, медициналық зерттеу шоғырларының пайда болуы, аталған сала бойынша орталықтар ашылып, ауруханалар мен емханалардың салынуы – соның айғағы. Осыған байланысты медицина қызметкерлерінің саны мен сапасы жыл санап артып келеді.
Медицина саласының майталмандарын «Нұр Отан» партиясы ғимаратында қабылдап, мерекелерімен құттықтаған басқарма басшысы әріптестері жұмысының жауапкершілігі жоғары болғандықтан, еңбектері де шексіз құрметке лайық екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Ержан Шәкірұлы сексен төрт медицина қызметкерін мерекелік төсбелгілермен, мерейтойлық медальдармен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Оның ішінде, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медальімен, «ҚР Денсаулық сақтау және Әлеуметтік даму министрлігінің» Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жәнібек ӘЛИМАН
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.