Жаңалықтар

Медиация – сауапты іс

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылдың 5 ақпанында қабылданып, алты айдан кейін, яғни, сол жылдың 5 тамызынан күшіне енді. Оған да 5 жыл болыпты.

Небары 28 баптан тұратын осы Заң еліміздегі сот, құқық қорғау саласына айтарлықтай өзгеріс жасап, жаңа процедураны қолданысқа енгізді. Бұл заң негізінде дау-дамайларды шешудің балама формалары пайда болды, бітімгершілік арқылы екі жақты да риза ететіндей, болмаса қанағаттандыратындай тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік туғызды.

Оны біздер осы іске кірісіп, кәсіби емес медиатор болып тіркелген соң анық сезіндік. Ақсу-Аюлы ауылдық округінде медиатор болуға алғаш үш адам келісім бердік. Бұл 2011 жыл болатын. Содан бері медиациямен тұрақты айналысып келе жатырмын. Қарағанды облыстық сотының оқу орталығындағы бірқатар семинар-тренингтерге қатыстым, кәсіби және кәсіби емес медиаторлармен таныстым, жұмыс тәжірибелеріне қанықтым. Анығында ауылдан көрі медиация қалаларда жақсырақ дамыған және оған заң, құқық қорғау қызметтерінде бұрын істеген адамдарды тарту оңайырақ екен.

Медиация жүйесін өрістете түсуге Шет аудандық соты да аз жұмыс жасап жатқан жоқ. Медиаторлар қа­тарын көбейту, істеп жүргендерінің жұмысын насихаттау мақсатында сот қыз­меткерлері адамдармен жиі бас қосып тоқсан сайын семинар-оқу өткізеді. Баспасөзде де мақалалары шығып жатады. Дұрысында әр ауыл мен кентте өз бітімгерлері болған жөн және ондай азаматтары бар да. Дуалы ауыз, сөз ұстаған сондай жандармен соттар, заңгерлер ай сайын жоспарлы түрде кездесіп тұрады.

Медиаторға судьяның өкілеттігі берілмеген. Ол нақты шешім қабылдай алмайды және дауласушы тараптарды өз шешімін орындатуға міндеттей алмайды. Бірақ, ол келіссөздердің тиімді жүргізілуіне барынша көмектеседі және оларды қажетті арнаға бұра алады. Сөйтіп, ол өзінің бейтараптығы арқасында дау-дамайдың, талас-тартыстың мән-жайын әділ бағалап, мәселенің оңтайлы шешілуіне нақты ықпал ете алады.

Семинарлардан ұққанымдай жә­не өз іс-тәжірибеме сүйенсем, бұл жерде медиатордың іс-әрекеті, түр-тұлғасы мен сөз әлпетінің де дау­ласу­шыларға психологиялық үлкен әсері бар. Біріншіден зейнет жасында болғандықтан көбінесе олардан жасың үлкен, былайша айтқанда ақсақалсың. Әрине, медиаторлық кәсіпке бұрын сотты, жалалы болмаған адамдар тартылатындықтан жұрт алдында арың таза, моральдық құқың жоғары.

Сондықтан дауласушыларға өзімнің бейтараптығымды, ешқайсысына жақын емес екендігімді, олардың істерінен пайда табу ниетімнің жоқ екенін бірден ашық айтамын.

Алдын ала іспен танысқан соң заңгерлерден адамдар сотты болған жағдайда қандай баптар күтіп тұрғанын, одан туындайтын салдарын сұрап алған да дұрыс.

Медиатордың «алтын» принципі екі жақты тең ұстау.

Жеке-жеке сөйлескенде бірдей уақыт бөлу, кімді бірінші шақырып тыңдау – бәрі ретімен болуы керек. Әрине, бірінші келгенді бірінші қабыл­даған дұрыс, ал екеуі қатар келсе, алфавит бойынша шақыратыныңды ескерт. Сөйлескенде заң тілімен емес қарапайым тілде, дос адамша тіл қатысу, дау бойынша өз варианттарыңды ұсынып, татуластыруға қарай икемдеу де үлкен шеберлікті, «темірдей» логиканы талап етеді.

Медиация үрдісінде тыңдау өтетін орынды дұрыс белгілеудің өзіне мән берілген.

Шынын айтқанда әуелде ара ағайындық жұмысына ел көп мән бере қойған жоқ. Медиаторлар адвокаттардың нанын жеп жатыр дегендер де болды.

2011 жылдан бері жиырмадан аса іс қараппын, солардың ешбірінен ақы сұраған емеспін. Маған елдердің татуласып, соттаспай тарағаны олжа. Өзім татуластырған адамдардың біразымен жақсы дос, жанашыр болып кеткенім бар. Қиындық болып қалса жүгіріп келетінін қайтерсің?!

Дегенмен, қараған істерім бойынша дауласқандардың бәрі татуласып, медиациялық келісімге қол қойды деп айта алмаймын.

Арызданушылардың шамамен 80 пайызы істі сотқа жібермей өзара келісіп, тіпті, татуласып тарасты. Бұған да шүкіршілік.

Адамдарымыздың тату- тәтті өмір сүргеніне не жетсін?!

«Еліңнің ішін даудан, сыртын жаудан сақта» демеп пе еді атам қазақ?! Солардың өсиетін орындай алсақ, қане.

Ертай Жәнібеков,

зейнеткер, кәсіби емес медиатор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button