Медицина

Мамандық таңдау мектептен: медицинаға қадам

Сөзсіз, мамандық таңдау – маңызды іс. Оқушы болашағын қандай кәсіппен байланыстыратынын айқын сезіну үшін оларға кәсіптік бағдар беру қажет. Облыстың бірқатар мектептерінде қолға алынған медициналық және педагогикалық сыныптардың көздеген мақсаты – осы. Мамандығын қазірден бастап айқындаған жас мектеп бітірер кезде әуре-сарсаңға түспейді. Әрі саналы таңдаудан сапалы маман шығады деген үміт зор.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Медициналық және педагогикалық сыныптар өңірдің 30 инновациялық мектебінде жұмыс істеу­де. Олардың болашақ дәрігерлер мен мұғалімдерді даярлауда әсері зор. Баспасөз туры аясында біз барған Шахтинск қаласының Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің бағыты – медицина. Ол – облыстағы «Медицинаға қадам» жобасын жүзеге асыратын он мектептің бірі. Мұнда былтыр жобаға қатысқан 39 баланың 11-і медицина саласы бойынша оқуға түсіпті. Оның үшеуі – мемлекеттік білім грантының иегері.

Оқу орны директорының орын­басары Ұрхия Жолшыбекова­ның айтуынша, жобаға оқушылардың қызығушылығы жоғары.

– Бұл – Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдіс­темелік орталығының жобасы, – дейді Ұрхия Жолшыбекова. – 8-11 сынып оқушылары арасында іске асырылуда. Оған қатысатын оқушыларды мектеп психологының арнайы сауалнамасы арқылы іріктейміз. Оқушылар екі топ­қа: 8-9 және 10-11 сыныптарға бө­лінеді. Балалар сабақтан тыс уақытта оқиды. Жоба нәтижелі болу үшін 11 сынып оқушыларына қосымша «Табиғат және адам», «Адам генетикасы» курстары ен­гізілген. Оны биолог мамандарымыз жүргізеді. Биыл да 40-қа жуық баланы оқытуды жоспарлап отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларға дұрыс мамандық таңдауға көмектесу.

Жоба аясында кәсіптік бағдар беру маманы Әсем Абраева үнемі балалардың басы-қасында. Оның ұйымдастыруымен балалар Шахтинск қаласындағы емханалар мен қалалық ауруханада болып қайтты.

– Жоба былтырдан бастап енгізілді. Мақсаты – баланы мамандыққа бейімдеу. Жұмыс жоспары, кестесі жасалды. Соған сәйкес, айына төрт рет шара өткізілді. Балалардың шешіміне қалалық ауруханада реаниматолог болып жұмыс жасайтын мектеп түлегімен кездесу де әсер етті деп ойлаймын. Емдеу мекемелеріне баратын уақыты келісіледі. Ата-аналармен алдын ала дөңгелек үстел өткіздік. Мұндай мүмкіндік ашылғанына олар да қуанышты, – дейді Әсем Абайханқызы.

Оқыту мектепте де, тікелей медициналық мекемеде де жүргі­зіледі. Шахтинск қаласының же­дел жәрдем подстанциясы фельд­шері Алексей Друговтың ай­туынша, оқушылардың медициналық мекемелерге барғаны қы­зықты әрі нәтижелі болмақ.

– Бүгін біз ес-түссіз жатқан адамға көмек көрсету шараларын көрсеттік. Жасалуы тиіс реанимациялық шаралар мен жедел жәрдемді қалай дұрыс шақыру керектігі де айтылды. Мұның алдында жол апаты кезінде не істеу керектігін түсіндірген едік. Адамды көліктен қалай алып шығу қажет, мобилизация деген сияқты. Оқушылар көктемде экскурсияға келген. Біздегі аппараттар, көлік жыл сайын жаңарып жатады. Реанимациялық құралдар, дефибриллятормен жұмыс жасауды көр­сеттік. Медицинаны таңдаймын деген балаға мұның барлығы қызық, – дейді ол.

Ол қиындық тудырғаны – ша­қыртулар екенін тілге тиек етті. Бұл кезде сабақ шақыртуға барып келгенше үзіліп қалады. Дегенмен, қалалық жедел жәрдем станциясында Алексейден өзге екі маман бар. Олар оқушылардың кез келген сұрағына жауап беруге әзір.

Шахтинск қаласы орталық ауруханасы директорының орынбасары Әсел Маханова аурухана мен білім ордасы арасында меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Соның арқасында балалар емдеу мекемесіне барып, қабылдаудан бастап, емдеу барысын көре алады.

– Медицинаға көбісі бара бермейді. Оқуы да ұзақ. Бірақ, бізге мамандар керек. Оқушыларды мамандыққа қызықтырып, болашақта оларды маман ретінде өз ауруханамызда көргіміз келеді. Бүгінде жалпы тәжірибе дәрігерлерге, бірқатар бейінді мамандарға қажеттілік бар, – деді Әсел Маханова.

Аталған аурухананың қабылдау бө­лі­мінің аға медбикесі Тамара Алданыш жоба басталғалы балалармен тікелей жұмыс істеуде. 20 жылдық тәжірибесі бар маман оқушылардың әр сұрағын назардан тыс қалдырмауға тырысады.

– Қолымыздан келгенше кө­мектесуге, түсіндіріп, көрсетуге дайынбыз. Аптасына екі рет келеміз. Мектепте жоқ жабдықты өзімізбен алып келеміз. Жүректі кардиограммадан өткізу, қан қысымын өлшеу, таңу әдістерін көрсетеміз. Балалар ауруханаға келгенде мүмкіндігінше барлық бөлімдерді аралатып, әрқайсының ерекшелігін айтып береміз. Әр баланың қабылдауы әртүрлі. Дәрігерлік жұмысты шынымен ұнатып жатса, қуанамыз, – дейді Тамара Алданыш.

Мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Айдана Алдашова жобаға қатысқаннан кейін дәрігер болуға бел буған. Бұған дейін медицина саласына бару туралы ойламапты. Адам өмірін сақтап қалғысы келеді.

– Медицинаға қызығу­шы­лы­ғым арнайы сабақтардың нәти­жесінде пайда болды. Біз теория­лық білім алып қана қоймай, ауруханаларға барамыз, экскур­сиямен жедел жәрдем подстанция­сында болдық. Маған фельдшерлердің жұмысы қатты әсер етті. Мен де адам өмірін сақтап қалғым келеді, – дейді Айдана.

Облыстың білім басқармасын­да мәлімдегендей, өткен оқу жы­лында 9 және 11 сыныптардың 178 түлегі осындай сабақтарға қатысқан. Нәтижесі де жаман емес. 130-ы білім грантын жеңіп алды. Жоба биылғы оқу жылында да жалғасын таппақ.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button