«Мал-жан амандығы – маңызды»
Биылдан бастап елімізде 10 шілде Ветеринария қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, аталып өтетін болды. Осы кәсіби мереке қарсаңында «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Мысырұлы Бекетбаевпен әңгімелескен едік…
– Ержан Мысырұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Әдетте халқымыз сәлемдесуді мал-жанның амандығын сұраудан бастайды ғой. Осының алдындағы облысымыздың Еркіндік, Үміткер ауылдары мен Топар кентінде пайда болып, кейбірінде кісі өліміне соқтырған оқиғалардан кейін жағдай түзелді ме?
– Рақмет құттықтауыңызға! Рас айтасыз, мал аман болса, жан да аман болады. Өйткені, мал өнімдерін тұтынбайтын адам кемде-кем. Жоғарыда аталған елдімекендерде мал індетінің кесірінен қайғылы жағдайлардың болғаны шын. Бүгінде олардағы індет ошақтары жойылып, қауіпсіздік пен сақтық шаралары үзбей жүргізілуде.
– Мәселен, ол қандай шаралар?
– Бүгінгі таңда бізде Қарағанды облысының Ветеринария басқармасы, 7 аудан мен 6 қалада ветеринарлық станциялар, ауылдық және кенттік округтерде ветеринарлық пункттер жұмыс істеуде. 2017 жылдан бері 50 сібір жарасы көмілген нақты жерлердің орнын анықтау бойынша әрекет жасалды. Соның нәтижесінде барлық жерлеу орындарында қоршаулар мен тану белгілері орнатылып, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне деректерді орналастыра отырып, жерге мемлекеттік актілерді ресімдеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Жергілікті бюджеттен 94,6 миллион теңге бөлініп, 2 мал қорымы салынып (Нұра ауданы мен Балқаш қаласында), 17 мал қорымы ветеринарлық талапқа сәйкестендірілді (Абай – 1, Ақтоғай – 1, Жаңаарқа – 2, Ұлытау – 2, Шет – 7, Жезқазған – 3, Саран – 1).
Эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету 3 жылжымалы инсинератор (өлекселерді өртейтін пеш) сатып алынды. Сонымен қатар, 25 миллион теңгеге ветеринарлық пункттер интернетпен қамтылды. 2019 жылы ветеринарлық препараттардың сапалық көрсеткішін сақтау үшін аудандық ветеринариялық станцияларға 15 тоңазытқыш сатып әперілді (3,9 миллион теңгеге). 2020-2021 жылдары саланы басқарудың «тік жүйесін» құруға бағытталған реформалар сәтті іске асырылды.
Инфекцияның өршуі туындаған кезде басқаруда және жедел ден қоюда бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында ветеринарлық станциялар мүліктік кешендері аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауыстырылды. Облыс аумағында 7 типтік мал қорымы салынып, аудандық ветеринарлық станциялардың балансына берілді (Ақтоғай ауданында Шабанбай би, Сарытерек ауылдық округі, Қарқаралы ауданында Қарқаралы қаласы, Бақты, Нұркен ауылдық округтері, Осакаров ауданында Осакаровка кенті, Ақбұлақ ауылы).
– Білікті мамандардың жетіспеушілігі мен материалдық-техникалық жабдықтаудың нашарлығынан ветеринария саласындағы жұмыстардың ақсап жататыны жайлы жиі естиміз. Оған не себеп және оны жою жолында қандай қадамдар жасалуда?
– Сөзіңіздің жалғаны жоқ. Соны болдырмай, алдын алу мақсатында мамандарды тарту үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2019 жылы талапкерлер арасынан 10 адамға білім беру грантын орналастыру туралы шешім қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілді. 2021 жылы ішкі бағдарламалар арқылы 1 650,4 миллион теңгеге дейін ұлғаюына қол жеткізіліп, салалық мамандардың жалақысы өңірлер бойынша орташа есеппен 20 пайызға дейін арттырылды. Ветеринарлық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Абай ауданының Дубовка, Нұра ауданының Ахмет, Ақтоғай ауданы, Бұқар жырау ауданының Ботақара ауылдарында жаңа малдәрігерлік пункттер салынып, сондай нысанның құрылысы Абай ауылының Көксу ауылында да жүріп жатыр.
2022 жылдың мамыр айынан бастап, облыс бойынша ветеринар мамандардың жалақысы орта есеппен 50 пайызға дейін өсті.
Кеңес өкіметі тұсында ауыл шаруашылығы жануарларына диагностикалық зерттеу жүргізу үшін қан алу инелері қолданылатын. Қазіргі уақытта бір реттік вакуумдық құтылар пайдаланылады. «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасы Заңына патогендік биологиялық агенттер мен қосымша жұмыс істегені үшін қосымша ақы белгілеу жөніндегі заңға тәуелді актілерге сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен облыстың ветеринарлық мамандарының жалақысы 35 пайызға өсіп, екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы белгіленді.
– Осы күні қаңғыбас иттер мен мысықтар мәселесі де жұртты алаңдатып отырған жайы бар. Олардың ауру таратуы былай тұрсын, тапа-тал түсте адамға шабуыл жасау фактілері жиілеп кетті. Бұл проблеманың бәрі сіздердің құзыретіңізге жатпағанмен, өздеріңізге қатысты сұрақтарға байланысты не істелінуде?
– Жасыратыны жоқ, мұндай проблеманың бары рас. «Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңын іске асыру жөніндегі Жол картасында» белгіленген іс-шараларды сапалы және уақытылы орындау мақсатында аудан, қала әкімдері қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау пункттеріне жер телімдерін бөлу жұмыстарын қолға алды. Үй жануарларының иелеріне, жануарларды қорғау ұйымдарына, сондай-ақ, ветеринарлық-профилактикалық қызметті жүзеге асыратын субъектілерге, «TANBA» ақпараттық есепке алу жүйесі пайдалануға берілді.
Жалпы жануарлар ауруларының диагностикасын жүргізуде облысымызда республикалық ветеринарлық зертхананың Қарағанды бөлімшесі, 6 аудандық, 1 қалалық (Балқашта) зертханалар бар. Оларда 112 ветеринарлық маман жұмыс істеп, 15 автокөлікпен қамтамасыз етілген. Жануарлар мен құстардың аса қауіпті аурулары тіркелген жағдайда сауықтыру және індет ошағын жою мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық эпизоотияға қарсы отряды» республикалық мемлекеттік мекемесінің Қарағанды филиалы құрылып, ол індет ошақтарында сауықтыру жұмыстарымен айналысады. Бұл мекемеде 10 маман жұмыс істеп, олар 3 «УАЗ» автокөлігімен, дезинфекциялық құрал-саймандармен, 1 «Нива», 2 «ДУК», 1 «Газ-53» көліктерімен жабдықталған.
– Ержан Мысырұлы, кейінгі кезде бізге шеттен келетін азық-түліктің, соның ішінде мал өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне жұрттың көңілі тола бермейді…
– Облыста шет елдерден келетін жануарлар мен олардан алынатын өнімдердің тасымалдануы «Меркурий» және «Аргус» бағдарламалары арқылы бақылануда. «Сарыарқа» әуежайында шет елдерден келетін бақылауға жататын, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) нысандарды бақылау бекеті бар. Сол сияқты экспорттық әлеуетімізді арттыру мақсатында шет елдерге жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттайтын тізілімге (реестр) 77 кәсіпорын енгізілді. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа 67, Еуроодаққа 1, Қытайға 1, Жапонияға 5, Біріккен Араб Әмірліктеріне 2, Әзірбайжанға 1 кәсіпорын ветеринариялық талаптарға сәйкестендірілді.
– Енді қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарыңыз бен алға қойған жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз…
– Облыстық аумақтық инспекцияның тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бөлімінің мамандары қысқы және жазғы, ер мен әйелдердің нысанды киімімен (погонсыз), арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Облыс аумағындағы базарларда жануарлардан алынатын өнімдерге ветеринарлық-санитариялық сараптама жүргізетін лицензиялық ветеринариялық-санитариялық зертханалар жұмыс жасауда. Облыс бойынша жануарларды өсіруді, олардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс нысандарына, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен оның қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік номерлер беру (1284 есептік номер) арқылы бақылау және қадағалау жүргізілуде. Жалпы, облыс бойынша ветеринариялық бақылау мен қадағалауға жататын 40948 нысан жұмыс істеп тұр.
Облыс бойынша мал өлекселерін жоятын 105 мал қорымы болса, соның ішінде 42 типтік мал қорымы (биотермиялық шұңқыр), 63 қарапайым мал қорымы, 2 жылжымалы және 16 жылжымайтын инсинератор бар. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында 3 етті қайта өңдеуші кәсіпорын, 3 құс етін қайта өңдеуші кәсіпорын, 15 мал сою пункті мен 78 мал сою алаңы жұмыс істеуде. Бүгінде ішкі сауда нысандарына (базарларда) «Vet Lab» мониторинг пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Сол арқылы берілген сараптама актісінен ет сатып алушы QR-кодпен бастапқы ақпаратты ала алады. Яғни, малдың «сырға» номері, өнім түрі, жынысы, туған жылы және мекені, иесі, сойылған жері, сараптама актісін берген ветеринариялық зертхананың аты көрсетілген ақпаратпен таныса алады.
Жергілікті атқарушы органда құрылған ветеринариялық пункттің мамандарымен 2024 жылдың 01 шілдесіне 484 311 бас ірі қара, 793 643 бас ұсақ мал, 81 206 бас шошқа, 328 240 бас жылқы, 1 216 бас түйе малдары сырғалау, таңбалау және чиптау арқылы бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілді. Республикалық бюджет есебінен облысымыздағы ауыл шаруашылығы жануарларының құтыру, қарасан, сібір жарасы, аусыл, эхинококкоз, вирустық диарея, жұқпалы ринотрахеит, туберкулез, нодулярлы дерматит аурулары мен құстардың тұмау, Ньюкасл ауруларына қарсы тегін вакцина егу, аллергиялық зерттеу жұмыстары, сондай-ақ, жануарлардың бруцеллез, аусыл, қошардың инфекциялық эпидидимит, жылқының инфекциялық линфангит, сібір жарасы, құтыру, лейкоз, пастереллез, туберкулез, паратуберкулез, қарасан, вирустық диарея, жұқпалы ринотрахеит ауруларына диагностикалық зерттеулер (серологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық) бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Биылғы жылға міндеттер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024-2028 жылдарға ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 2 есе ұлғайту бойынша бекіткен Жол картасында облысқа қажетті ветеринариялық нысандардың көлемі көрсетілген. Сол тапсырманы орындау мақсатында жергілікті бюджеттен тиісті көлемдегі қаржы қарастырылған жағдайда құны 16,5 миллион теңгені құрайтын ветеринариялық пункттерді сатып алу жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 2024 жылы аудандық кәсіпорындар есебінен 7 жол талғамайтын көліктер (пикаптар) сатып алу да жоспарда бар.
– Іске сәт, ендеше! Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ержан ИМАШ.