Майдангер Мұрат
Тағдыр кей кезде адамға тым қаталдық танытады. Ол да бір дөңгеленген дүниенің алма-кезек тылсым сәттері болар. Осыдан тура 36 жыл бұрын бейбіт күннің астындағы азаматтарымыз қолына қару алып, өзге елде дүмпу алған соғыс отына шарпылған болатын. Сол тұста қарша бораған оқтан сескенбей әскери борышын өтеп, ерліктің үлгісін көрсеткен Ауған соғысының ардагерлері қаншама. Солардың арасында бүгінгі күнде Балқаш стансасының локомотив депосында тепловоз машинисі болып жұмыс жасайтын Мұрат Аязбаев та болды.
Ол 1984 жылы Мәскеу қаласында №73 училищесін бітіріп, ағаш шебері-паркетші мамандығын алды. Сол жылы 29 қазанында Мәскеу қаласының Куйбышев аудандық әскери комиссариаты арқылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Мұрат Жолдасбайұлы әскери қызметін сержант шенінде Ауғанстандағы шектеулі әскер контингенті құрамындағы жасақтың санитарлық нұсқаушысы қызметінде 1985 жылдың 15 сәуірінен 1986 жылдың 16 қазанына дейін 24742 әскери бөлімінде 317 полктің барлаушы ротасында атқарды. Бұл бөлім Кабул қаласына орын ауыстырды. Осылайша қазақстандық жас жігіт Кеңес Одағының Батыры Александр Мироненконың барлау ротасында қызмет ете бастады. Ауғанстанда өткен сұрапыл күндер интернационалист-жауынгердің жадында күні бүгінге дейін өшпейді. Медицина қызметкері ретінде ол күндіз-түні ұрыс даласынан жаралылар мен қаза тапқан жолдастарына қызмет жасады.
– Ел аузында «Груз-200» деп аталатын мырыш табыттарға тиеген сарбаздардың жүздері әлі көз алдымда. Қаза тапқандарды туыстарына апардық. Менің әскери альбомымда жігіттердің фотосуреттері бар. Өкінішке қарай, олардың көптеген беттері қара жақтаумен жиектелді. Өзіммен үнемі фотоаппарат алып жүретін едім. Қанды шайқастар кезінде де суреттерді түсіріп үлгердім. Маған майдан даласында бірге болған әр сарбаз қымбат, – дейді Мұрат Аязбаев.
Әскери соғыс қимылын жетік меңгерген ол Күнар ауылды мекенінде болған ұрыс қимылдарында қаза болғандар мен жараланғандарды ұрыс алаңынан шығарып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Әскерден оралған соң 1986 жылы Саяқ кентінде «Ауған» спорттық-патриоттық клубын құрып, жастарды әскерге дайындайды. Кейінірек Балқаш қаласына қоныс аударып, Балқаш тау-кен металлургиялық техникумында балаларды жаттықтыруды жалғастырды. Интернационалист-жауынгер жергілікті балаларға өзін-өзі қорғау әдістерін үйретті. Оның көптеген шәкірттері құқық қорғау органдарында қызмет етеді. Олар өмірдің қиындықтарына төтеп беруге үйреткен тәлімгеріне дән риза. Әлі күнге дейін кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстан қалыс қалмай, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің «Жауынгерлік бауырластығы» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі болып, жастармен жиі кездесіп, келелі әңгіме өрбітеді. Оларды патриотизмге, Отан алдындағы борышын орындауға және туған жердің болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу бойынша өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде ерлігі еленбей, еңбегі ескерілмей қалған жауынгерлер де бар. Қиян-кескі ұрыста ержүректік танытқан Мұрат Жолдасбайұлының ерлігі ескерілгені көңіл қуантады. Атап айтқанда, «Ауған халқының интернационалист-жауынгерге алғысы», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 10 жыл», «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 20 жыл» медальдарына, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасына ие болды.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Солдат болу – оңай жұмыс емес, командирдің әскерді тәртіптендіруі де – қиын іс. Ал, соғысу одан да ауыр» деген сөзін еске түсірейік. Майдангерлердің барлығы дерлік марапатқа лайық.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ
Сурет автордан