Махачкаладағы марапат
Дағыстанның Махачкала қаласында халықаралық театр фестивалі өтті. К.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрының ұжымы Александр Островскийдің пьесасы бойынша «Доходное место» спектаклін сәтті сахналап, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасын алды.
«Орыс сахнасы» театр фестиваліне Әзербайжан, Қазақстан және Ресейдің театрлары қатысты. Барлығы 80-нен астам өтінім берілген. Өтініштермен бірге, театрлар өз қойылымдарының бейнежазбасын жіберді. Қарағанды драма театры іріктеуден өтіп, фестивальге арнайы шақырылды.
К.Станиславский театрының көркемдік жетекшісі Рача Махатаевтың айтуынша, мұндай шығармашылық кездесулерге қатысу спектакльді көрсету мүмкіндігімен қатар, театр сыншыларының пікірін тыңдау мүмкіндігі екен.
– Жаңа сахнадағы әр қойылым – өркендеу мен дамудың сәтті қадамы. Спектакльдерді кәсіби талдау – аса маңызды. Әртістер де өз дағдыларын шыңдауға тырысады. Ал, басқа театрлардағы әріптестерімен қарым-қатынас жаңа идеялар туғызады, қуат сыйлайды және тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Труппаға сәтті өнер көрсеткені үшін арнайы диплом мен дәстүрлі мүсінше табысталды.
– Дағыстандағы көрермендер бізді жылы қарсы алды. Ұзақ уақыт сахнадан кете алмадық. Театр сүйер қауымның қошеметі мен «Браво!» деген айқайы – біздің жұмысымыздың нақты бағасы. Сахна сыртында да шығармашылық шабыт атмосферасы салтанат құрды. Қазылар алқасы – Санкт-Петербург, Томск және Дағыстаннан келген театр сыншылары, – деп әсерімен бөлісті театр актрисасы Дина Семененко.
Театр алдағы уақытта жаңа премьераларын ұсынбақ. Атап айтсақ, қараша айында «Үш апельсинге деген сүйіспеншілік» қойылымы жоспарланған. Жаңа жылға балалар да, ересектер де көре алатын «Кірпі мен теңіз» керемет философиялық ертегісі дайындалып жатқанын атап өткен жөн.
Өз тілшімізден.