Бас тақырып

Маэстро есімі ескерілсе…

Сыдық Мұхамеджанов – композитор, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, КСРО Халық әртісі. Ол Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Үлкенбұлақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын профессор Е.Брусиловский дәрісханасынан оқып бітірген.

Сурет qamshy.kz

Сыдық Мұхамеджанов консерваторияны бітірмей-ақ талай шығармалар жазды: скрипка мен фортепианоға арналған соната, қобызға, фортепианоға арналған пьесалар, хорлар, драмалы қойылымдарға музыка, әндер мен романстар. Композитордың қазақ халық оркестріне арнап жазған музыкасы мен осы ұжыммен тығыз шығармашылық байланысы ұлттық музыка өнерімізді биік деңгейге көтерген еді. Оркестрге арналған «Балқадиша» әніне вариациялар, «Қыз қуу» симфониялық суреттемесін және «Домбыра туралы баллада» поэмасын жазды. Сонымен қатар, осы кезеңдегі тамаша шығармаларының бірі – «Шаттық Отаны» атты симфония­лық поэмасы. Бұл туынды жастар мен студенттердің Бухаресте  өткен Бүкіләлемдік фестивалінде орындалып, Қазақ КСР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл шығарма Сыдық Мұхамеджановтың есімін тыңдаушы қауымға әйгілі етті. Композитор шығармаларындағы негізгі көркемдік ерекшелік – ұлтымызға тән үнділік байқалады.

1950-1960 жылдары Сыдық Мұхамеджановтың шығармалары тыңдаушы қауымды ерекше баурап, ел арасына атағы жайыла түсті. Оқып жүрген кезінен тың жанрларды меңгерген композитор ірі-ірі шығармалар жазуға кіріседі. 1964 жылы туған «Айсұлу» операсы Қазақстанның опера өнерінің дамуындағы маңызды оқиға болды.

1960 жылы вокалды-симфо­ниялық жанрда жазылған ірі ту­ындысы «Ғасырлар үні» ораториясының құрамына – дауыстар, аралас хор және симфониялық оркестр кіреді. Оратория сегіз бөлімнен тұрады. Мұнда қазақ халқының өмір тарихын, негізгі тарихи оқиғаларды және ұлттық бейнелерді суреттейді. Бұл – қазақ симфония өнеріндегі үлкен құбылыс аталды және ұлттық музыка тарихындағы алғашқы оратория. Туындыда халық атынан түрлі оқиғалар баяндалып, ғасыр­лар үні тәрізді лейтмотив өтеді. 1980 жылдары Сыдық Мұхамеджанов аспаптық жанрға да көп көңіл бөледі. 1982-1984 жылдары композитор үш симфониясын тәмамдайды. Бұлар – Си минор, Е.Брусиловскийге арналған үш бөлімді (фортепиано жеке орындауы басымдау) симфониясы және төрт бөлімді «Бейбітшілікті қорғаймыз» атты симфониясы.

Сыдық Мұхамеджанов қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап, талай музыка жазған. Атап айтсақ, «Дархан дала» симфония­лық күйі, домбыраға арналған концерт пен қобызға арналған концерт. Симфониялық музыкадағыдай мұнда да композиторға тән бейнелік және музыканы мәнерлеу тәсілдері ерекшеліктері сақталған. Көріп отырғанымыздай, Сыдық Мұхамеджанов қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра мен қобызға арнап жазған концерттері арқылы қос аспабымыздың шекарасын кеңейтіп, әлемдік музыка жанрының бөлінбес бір бөлшегіне айналдырып, ерен еңбек сіңірді.

Композитордың шығармашы­лығы барлық негізгі жанрларды қамтиды. Ол қазақ музыка та­рихына айтарлықтай үлесін қос­ты. Оның дарыны көркем шы­ғар­маларының әуезділігі­мен, кей­іпкер бейнелерінің нақтылы­ғымен бүкіл шығармашылығы толық гүлденіп ашылған лирикасынан байқалады.

Қазіргі таңда Сыдық Мұхамеджановтың шығармаларын Қа­зақстан музыка ұжымдары үзбей орындап келеді. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің қос академиялық оркестрлерінің репертуарынан да нық орын ал­ған, концерттерде жиі ойналып жүр.

Сөзімізді қорыта келе, Қарағанды өңірінен шыққан кәсіби композитор, қазақтың профессионалды музыкасының жазба дәстүрінде ұлттық классикалық стильдің дамуына жол салған, айтарлықтай үлесін қосып, еліміздің композиторлар мектебінің негізін қалаушылардың бірі Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай Қарағандының музыка мектептері мен өнер ұжымдарының біріне есімін беру жайлы ұсыныс білдіреміз. Музыка мектептерінде музыка жанрының барлық түрі, бар аспап орындаушылары кәсіби түрде дайындалып, оқылатындықтан ұлы композитордың есімі берілуі негізді деп айта аламыз.

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің редакторы, өнертанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button