Жаңалықтар

Мақажановтың шәкірті

Соңғы сегіз жылда (2016 жылдан бері) екі рет инфаркт алып, бүйрекке төрт рет ота жасаттым. Аурудың азабын тартып баққан жан үшін дәрігер атаулы Алладан кейінгі құдірет иесі болып тұрады екен. Мейлі хирург, мейлі уролог, мейлі кардиолог болсын, ақ халатты дәрігер көрсем, құрақ ұша құрмет көрсеткім келеді де тұрады.

Ал, бүгінгі кейіпкерім – менің тәніме жабысқан кеселдің біріне де (жүрек, бүйрек, қант диабеті) қатысы жоқ, травматолог. Аты аңызға айналған Хафиз Мақажановтың төл шәкірті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Құсни Елеуов. Үнемі жақсыларға жанастырып жүретін Зарқын ағам таныстырған.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жақында ғана облыстың денсаулық сақтау басқармасынан хабарласып, 12 наурыз күні Құсни Әменұлының 90 жасқа толатыны туралы құлағдар етті. Елең еттік. Алпыс жылдан астам уақыт қолынан қандауыры түспеген асыл текті ағаның Балқантаудан бастау алып, Қарағандыда тұғырланған тағылымды тағдыры мені де қызықтырып жүретін. Осыдан екі жыл бұрын шаңырағында болып, Мәриям шешейдің қолынан дәм татқаным, аңыз ағамен аз-кем сұхбат құрғаным және бар. Бұл жолы мазаламадым. Екі жыл бұрынғы сұхбатта жадыма тоқып алғанымды жаңғыртып көрдім. Мақтанбады. Екі сөзінің бірі «Хафиз Жанабаевич» болған. Ұстазға деген құрметі мен сағынышы ғой…

***

Тоқсан деген жасыңызды сергек қарсы алғалы отырған қарт дәрігердің тағдырына қапа болар жері жоқ. Сөз – түзу, қимыл – ширақ. Түбі – Қаракесектің Шаншарымен бір туатын Үсеннен. Қазақы қалжыңға ұсталығын аңғардым. Қаны Шаншармен араласқан атаның ұрпағы болған соң, тілінің қыршымасы қалай болмасын?! Атасы Үсен болған соң, хирург болмай кім болсын дедім іштей.

…1934 жылы 12 наурызда бұрынғы Қу ауданының Арқалық ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыл ту» колхозында туған. Колхоздың басында емес, «Баубек» қыстағында. Мектепке барғанша Мәжікен әжесінің бауырында өсіпті. 1942 жылы өздері тұратын «Қарашоқы» ауылынан 2-3 шақырым жердегі «Жаңанегіз» колхозында мектеп табалдырығын аттады. Жаяу, тау асып барып оқыды. Сұрапыл соғыс жылдары ғой, мектепте бала азая бастады. Майданнан «қара қағаз» алып, асыраушысынан айырылған шаңырақтың буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалары оқуды 5-6 сыныпта тас­тап кетіп жатты. Сөйтіп, Құсни аға оқып жүрген жетіжылдық мектеп бастауыш мектепке айналды. Оқуға зерек баланың болашағы үшін бастауыш мектеп білімі аздық етеді. Ұлының таудай талабын аңғарған әкесі бастауыш мектептің төрт сыныбын үздік бітірген 12 жасар баласын інісі Қабышқа ілестіріп Қарағандыға жіберді. Қабыш ағасы ауылда бірге оқып, бірге өскен досы, туысы Смағұл Қайшыбаев екеуін Қарағандыдағы жалғыз қазақ мектебі Жамбыл атындағы мектеп-интернатқа орналастырды. Бірақ, оқуларының соңғы екі жылын аудан орталығы Егіндібұлақтағы орта мектептен бітірді.

Бас-аяғын қосқанда, Құсни аға Қарағанды қаласында 76 жыл тұрыпты. Ал, қазыналы Қарағандының қала мәртебесін алғанына биыл 90 жыл толғанын ескерсек, Құсни Елеуов те Қарағандымен бірге жасап, бірге өсіп, бірге өркендеді деуімізге әбден болады.

***

…1952 жылы Қарағанды медицина институтына бір Арқалық ауылынан сегіз талапкер құжат тапсырады. Бәрі оқуға түседі. Барлығының сонау шалғайдағы Арқалықта оянған «Дәрігер боламын» деген аяулы армандары орындалады. Олар Нығмет Қасымов, Ризабек Әбуғалиев, Баянды Әбзалиев, Мұқыш Сәбитов, Тілеубай Жұмаділов, Аман Құсайынов, Әнуарбек Ілдебаев және Смағұл Қайшыбаев еді.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдар… Ел еңсесі көтеріле қоймаған. Әйтеуір, Қарағанды медицина институтының білім беру базасы Одақ көлемінде көш бастап тұр. Сталиндік репрессия салдарымен ҚарЛАГ-тың дәмі тартқан небір мықты академиктер мен профессорлар жазасын өтегеннен кейін осында қалып, ұстаздық еңбектерін осында жалғастырып жатқан. Өмір ғой, біреудің соры біреуге бақ болады да… Оның сыртында, Қарағанды одақтық маңызы бар өндіріс ошағы болғандықтан, мұнда таңдаулы мамандар мақсатты түрде жіберіліп тұрған. Құсни ағалар оқыған жылдардағы студенттердің бағы сол – Одаққа, тіпті, әлемге танымал ғалымдардан дәріс алғандығы. Олардың қатарында Қарағанды мединститутын ашылған күннен бастап, ширек ғасырға жуық басқарған П.Поспелов, ғалымдар Н.Альбертон, Ю.Беляев, А.Брофман, И.Забиров, А.Земец, И.Каганович, ­А.Керопян, В.Карлинский, Б.Коган, т.б. медицина саласының майталмандары болды.

Ол уақытта «жаңа қала» дегеніңіздің өзі шашыраңқы орналасқан. Бірінші курсты Қапан есімді ағайының үйінде жатып оқыған Құсни аға екінші курста жатақханаға ауысады.

– Жатақханамыз қаланың шет жағындағы 32-ші орамда орналасқан. Екі қабатты ғимарат орталық жылу жүйесіне де қосылмаған. Әр бөлмеде – құдықсыз, тік тартпа пеш. Өзіміз жағамыз. Жылу ұстамайды. Суды да тасып ішеміз. Екі бала бір кереуетке ұйықтап, екінші матрацты үстімізге жамыламыз. Таңертеңгі шайға әкеліп қойған суымыз да қатып қалады. Сонда да, сол заманның студенттері қиындыққа мойымай, тек білім алуды ғана ойлады, – деп қызығынан қиындығы басым студенттік жылдарын есіне алды қарт профессор.

Студент кезінде ота жасағаны бар. Төртінші курс бітірген жылы жазғы дәрігерлік практикадан өту үшін қаланың Шахта ауданында орналасқан №8 аурухананың хирургия бөлімшесіне жолдама алады. Бөлімше меңгерушісі сая­си айыппен жер аударылып келген Борис Свердлин деген білікті хирург екен. Өзінің білгенін үйретті. Күрделі оталарға өзімен бірге қатыстырып, хирургиялық оталардың қыр-сырына қанықтырды. Өзіне жеке палата бекітіп беріп, жас хирург сол палатадағы науқастарға күні-түні қызмет көрсетеді. Жауапкершілігі зор мамандыққа тез машықтанғаны соншалық, бөлімше меңгерушісі Құсни ағаны ешқандай аға дәрігерсіз дербес кезекшілікке де қалдыра бастады. Сондай кезекшіліктің бірінде соқырішек диагнозымен түскен науқасқа жасалуы керек шұғыл отаны өзі жасап шыққан. Таңертең жұмысқа келген Борис Давыдович студент Елеуов жасаған отаның сәтті болғанына көзі жетіп, шәкіртіне ерекше риза болып еді.

***

1958 жылы институт бітірген жас маман жолдамамен туған елі Егіндібұлақ ауданының «Комсомол» совхозына учаскелік дәрігер болып жіберіледі. Алайда, бала күнінен «Хирург боламын» деген арманы оны Қарағандысына жетеледі де тұрды. Оның үстіне, медицина институтының соңғы курстарында оқып жүрген Ақмоланың аруы Мәриямға деген ынтық сезімі ауыл дәрігерін алаңдата берген. Жүрегіне құндақталған мөлдір сезім сергелдеңінен арылу үшін Қарағандыға ауысу керек. Бұл мәселе де оңынан шешіле кетті.

Сөйтіп, 1960 жылы Қарағандыға оралып, №9 ауруханаға хирург болып орналасты. Сол жылы Мәриям Кенжебайқызымен шаңырақ көтерді. Мәриям апай – көз дәрігері. Бұл жылдары Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласында есімі республика тұрмақ, одаққа танымал хирург-ортопед Хафиз Мақажановтың абыройы асқақтап, айтқаны жүріп тұр еді. Осы Хафиз Жаңабайұлының бас­тамасымен барлық ауруханалардағы хирургия бөлімшелері біріктіріліп, дербес аурухана құрылды. Сол кезде біздің кейіпкеріміз Құсни Елеуов облыстық көпсалалы клиникалық аурухананың жарақат-ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі болып шыға келді. Бұған дейін №9 ауруханада істеген кезінде институтта дәріс берген ұстазы Александр Керопяннан травматология әліппесін әжептәуір меңгеріп алған-ды. Ол кісі 1960 жылы облыстық ауруханадан кетіп, Майқұдықтағы туберкулез емханасының бір ғимаратын алып, сол жерден кардиохирургия орталығын ұйымдастырды. Бұл өңірде жүрекке тұңғыш рет ашық ота жасаған да осы Керопян еді. Кейін бір дөкей бастықтың әйелінің жүрегіне ота жасап, ажалдан арашалап қалады да, сол кісі арқылы жеке аурухана салғызады. Бүгінде бүкіл Қазақстанға әйгілі Қарағанды кардиохирургия орталығы Құсни ағаның ұстазы Александр Керопянның ықпалымен салынған.

Ал, Құсни аға облыстық клиникалық аурухананың жарақат-ортопедия бөлімшесін басқарған жылдарында тікелей профессор Хафиз Мақажановпен қоян-қолтық қызмет атқарды. Ұстазының мінезі шапшаң, қимылы шалт болғанын сағынышпен еске алады.

– Екеуміз кейбір науқастардың ем-домына қатысты сөзге келіп, шартпа-шұрт бола қаламыз. Бас дәрігер екен деп, мен қайтпаймын. Жас қой деп, ол кісі қайтпайды. Бірақ, айналасы бір сағатта «Құсни, жүр, бір партия шахмат ойнайықшы» деп келіп тұратын, жарықтық, – деген кезде ардагер хирургтің даусы жарықшақтанып кетті. Ұстазына деген сағыныштың нәзік толқыны бізді де бейжай қалдырмады.

…Қарағанды өндірісті аймақ болғандықтан, жарақат көп тіркеледі. Ондай сәттерде Хафиз Жаңабайұлы бастаған Қарағанды травматологтары тәуліктік жұмыс режиміне көшеді. Жеке мектеп болып қалыптасқан Мақажанов тәжірибесі бүкіл одақ көлеміне насихатталып жатады. Ол кісі өмірден өткеннен кейінгі мына бір жағдай есіне түссе, Құсни аға мұңайып та, мақтанып та қалады.

Сонау 80-ші жылдардың орта шенінде Украинаның астанасы Киевтен келіп 18 жасар қыз бала емделді. Еуропаның керемет клиникалары тұрғанда, Қарағандыға келуінің себебі – Мақажанов мектебінің даңқы. «Өзі өмірден өтіп кетсе де, аңызға айналған Мақажановтың шәкірттері бар деп келдік» дейді қыздың ата-анасы. Дәл осы сәтте өзін Хафиз ағасына шәкірт етіп, сол кісінің сенімін ақтау жолында тер төгіп жүрген тағдырына шексіз риза болып еді. «Мақажановтың шәкірттері бар деп келдік». Олар кімдер? Олар – Құсни Елеуов пен Отан Мақышев. Ақыры сол қызды Құсни аға тура бір жыл емдеп, аяғынан тұрғызып жіберген екен.

…Жақында бір танысым ағасының жол апатынан аяғы кем болып қалғанын айтты. Сөзінің төркіні «Таныс ортопед бар ма?» дегенге келді. Мақажановтың алдын көрген Құсни аға тоқсанға келіп жатыр. Отан Мақышұлы зейнет демалысына шығып кеткен. Кім қалды екен? Негізін Хафиз Мақажанов қалаған іргелі мектеп қой, ізбасарлары бар шығар… Дәстүр үзілмейді.

Ал, Құсни Елеуов секілді Арқа медицинасының алтын кездігін тот баспайды!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button