Мағашты құрметтегені үшін ризамын
1991 жылы ғарыш кеңістігін тұңғыш қазақ ғарышкері ретінде жаулап алған мен, аспан үсті алабынан атамекеніме енді оралған шағым. Елдің ыстық ықыласына бөленіп, киелі Ұлытау өңіріне сапарлап едім. Жезқазған әуежайы. Шексіз құрмет шеңберінде көлкіген көп адамның ішінде ат үстінде мені бір ақын қарсы алған-тын. Ол адамның есім-сойы Ерсін Мұсабек еді…
Ақын мен ғарышкер. Өзімнің құрмет салтанатыма қолындағы үкілі домбырасымен ат үстіндегі ақтанкер төкпе ақынды тыңдай жөнелгенімде туған жеріммен тылсым бір байланысты сезінгендей күй кештім. Бақ десеңіз бақ деуге тұрарлық көңілқостық ғажайып кездесу еді бұл. Ерсін Кәрібайұлы ат үстіндегі арнауында халқымызға тым қымбат бодаудан бұлқынып шыққан Бостандық, Рух пен сайын даланың шежіресін шерткендей еді. Оның жүрегінен ауа райының ыңғайына құламайтын сауыты мінезі екендігін аңғардық. Түпкі тегі тегеуірінді. Мық шегедей мығым. Екі талай жерлерде шылбыр тарта алмай қалған ерлердің санын көрдік. Арғымақтың үстінде аңсыраған қырандай, ұлтын бастар ұландай қомданған еді сонда ол. Бірге туған егіздей қос қазақтың ұлын тағдыр төре осылай жолықтырыпты. Шын жүрегінен лекіп шыққан түйдек-түйдек сөз орамдары ғарыш пен жердің, алыс пен төрдің, кеше мен ертеңнің тоғысындай әсер қалдырды. Қос ішекті домбырасының қанатты әуезі маңымыздағы жұртты сілтідей тындырды. Ол егемендігіне қаз тұрған Қазақстанның ұлылығы туралы, асқақ арманды жырлады. Міне, Алаш жұрты. Сенің көл-көсір қуанышыңды жеткізген 17 жасар ақтаңдай ақын осы Ерсін еді…
Осы әсерлі әрі тарихи жүздесуден кейін ақын, журналист, бауыр етім Ерсін Кәрібайұлымен арадағы сыралғы сыйластығымен тереңдеп, нығая бастады. Біз жиі кездесіп, өмір туралы, армандарымыз бен жоспарларымыз туралы әредік әңгімелесіп жүрдік. Ол сыйластығымызға дәнекер қазақтың XX ғасырдың жиырмасыншы редакторы атанған Мағауия Сембай еді. Ерсінмен жолыға қалсақ, ол шығандаған шығармашылығы һақында әдеппен ой бөлісетін. Ал мен оған ғарыштағы ғажайып сапарларым туралы айтып тауыса алмайтынмын. Оның шығармашылыққа деген шексіз сүйіспеншілігі, өнерге деген адалдығы және адам жанын терең түсінуі мені таң қалдырды. Ерсін Кәрібайұлы жай публицист қана емес, айнымас жанашыр бауыр.
2011 жыл. Ерсіннің шаңырағында атұстар өмірге келді. Бұл жыл менің ғарышты бағындырғаныма 20 жыл толған меже-тұғын. Есімін менің құрметіме Тоқтар деп ныспылапты. Сол Бала Батыр 1 жасқа толғанда тұсауын да өзім кестім. Бір қызықтысы, 2 қазан қазақ ғарышкерлері күнінде «Ortalyq Qazaqstan» газетінде күні бүгінге дейін түрлі жарияланымдарды Ерсін Мұсабек мырзаның өзі жазып келеді. Жә, Ерсіннің ел сүйетін, ер сүйетін қасиеті көп қой, шіркін! Бастысы, Ерсін Алаштың ақиық ұлы Мағауия Сембайдың рухани болмысы мен шығармашылығына адалдығынан әсте танған емес. Сөйткен Ерсін бауырымыз да, міне, ердің жасы елуге тұяқ іліктірген екен. Бұл қуаныш орайы сол бір есіл күндерді еске алып, қолыма ерікті түрде қалам алғызды. Оның інілік ізеті, қолдауы мен маған деген риясыз ақ көңілі менің даңғыл жолымда соны күш пен селкеусіз сенім сыйлады. Осындай ілтипаты мен ізеті жоғары ініміз хақында өткен күндердің ізашары ретіндегі пейіл бірдіруді жөн санадық. Егеулі қалам қолға алып, ол саналы ғұмырын, туған жеріне, оның мәдениеті мен дәстүріне деген адалдық пен сүйіспеншіліктің өзгеше үлгісіне айналды…
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы.