Мәжіліс төрағасы Темірғали Көкетаевтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады
Әйгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Темірғали Әбілдаұлы Көкетаевтың қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туысқандарына орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын.
Темірғали Әбілдаұлы саналы ғұмырын ғылымға арнап, осы салада ірі ғылыми жаңалық ашқан біртуар дарынды тұлға еді. Физика ғылымына сіңірген еңбегі үшін «Ғасыр адамы» атанып, әлемдік деңгейде мойындалды.
Сонымен қатар, ұлт руханиятына, қазақ тілінің қанат жаюына сіңірген еңбегі зор.
Өнегелі өмір жолымен артында өшпес із қалдырған асыл тұлғаның ақжарқын бейнесі, адамгершілік ізгі қасиеті, ұлағатты істері барша жақындарының жүрегінде мәңгі сақталып, ғылыми жолы жалғасын таба беретіні сөзсіз.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің төрағасы
Ерлан ҚОШАНОВ