Жаңалықтар

Мәжіліс назары – ауылда

Қарағандыға Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев іс-сапармен келіп, аудандарды аралады. Депутат аймақ журналистерімен де арнайы кездесу өтікізіп, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерді қозғап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Сурет pc.iz.ru

Іс-сапар Осакаров ауданына қарасты Озерное ауылындағы «Тоқсұмақ» агротуристік базасынан басталды. Мұнда агротуризмнің даму барысы, декоративтік көгал өсіру жобасы таныстырылды. Кездесу аясында ауыл туризмі саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланып, депутат шетелдік агротуристермен пікір алмасты.

Бұқар жырау ауданындағы Самарқанд ауылында жаңадан пайдалануға берілген амбулаторияның жұмысы таныстырылды. Ауыл тұрғындары электр желілерінің тозуы және тарифтердің жоғарлап кетуі секілді мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, мәдениет үйінің бүгінгі жағдайына да шағым білдірді. Депутат өз кезегінде мәселенің барлығы партия бақылауына алынатынын айтты.

Осы ауылда 51 жылдық еңбек өтілі бар медбике Жұмакүл Алкеева партия қатарына қабылданып, еңбегі еленіп, Денсаулық сақтау министрі тарапынан марапатталды.

Депутат Абай ауданына қарас­ты «Шанс» шаруа қожалығына да ат басын бұрды. Мал шаруашылығы, суару жүйелері, қысқы азық дайындау сынды нақты мәселелер назарға алынды.

«Жосалы» санаторийінде халықпен жүздесу өтті. Мұнда шипажай жұмысы мен 27 шақырымдық жолдың жағдайы көтерілді.

Қарқаралыдағы сапар киелі Құнанбай қажы мешітінен басталды. Бұдан кейін «Бұғылы» таулы-шаңғы кешені құрылысы мен «Қарқаралы-Бәйтерек» мемориалдық галереясын аралады.

Аудандық аурухананың жағдайы, оның ішінде, материалдық база, кадр жетіспеушілігі, жедел жәрдем көліктерінің тозуы, жас мамандарға тең қолдау болмауы сынды өзекті мәселелер ашық айтылды. Қарқаралыдағы ауыл шаруашылығы колледжінде студент санының төмендігі, маман тапшылығы жөнінде нақты ұсыныстар айтылып, салада басқару жүйесін өзгерту керектігі талқыланды.

Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақарада жөнделіп жатқан мектеп, оның сапасы мен мердігер жұмысы да назардан тыс қалмады.

«Достық» үйіндегі өңірлік актив жиынында партия мүшелері, сарапшылар, қоғам белсенділері, жастар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мұнда ауыл әкімдерінің құзыретін арттыру, жергілікті білім мен медицина саласын күшейту, ауыл мектептеріне интернаттар салу, фермерлерге нақты көмек көрсету секілді ұсыныстар айтылды.

Серік Егізбаев «Ауыл» партия­сы азықтүлік қауіпсіздігіне баса мән беретінін айтты.

– Қарағандыдағы балалар ауруханасына барғанымда, балалар арасында түрлі аллергия мен аурулардың көбейіп кеткенін байқадық. Бұрынғылар «Ауру – астан» деп тегін айтпаған. Өйткені, қандай тамақ жесең, ағзаң да сондай болады. Сол себепті де, азықтүлік қауіпсіздігін арттыру үшін арнайы заңдар қабылдау мәселесін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде көтеріп жатырмыз, – деді Серік Егізбаев.

Ресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1 500-ге жуық ауыл қаңырап қалған. Халықтың үдере көшіп, сондағы мектептің жабылуы – негізгі себеп. Кездесуде Шет ауданы Айғыржал ауылында жабылудың аз-ақ алдында тұрған мектептің мәселесі көтерілді. Маясар Жапақов атындағы 9 жылдық мектеп балалар санын толтыра алмай отыр екен. Орта мектеп жабылмау үшін сондағы бала саны 41-ден асуы тиіс. Журналистер бүгінде шағын ауылдардағы мектептерді ұстап қалу үшін 41 деген көрсеткішті төмендету мәселесін Парламент Мәжілісінде көтеруді ұсынды депутатқа. Сол мектептерді бұл күнде қамтамасыз етіп, жұмысының тоқтамауына ықпал етіп отырған фермерлер екені де айтылды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button