«Мəслихат депутаттарының ұсынысы – маңызды»
Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сапар барысында Серік Балғатайұлы облыстық мəслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мəселелерді талқылап, халық қалаулыларының ұсыныстарын тыңдады. Индустриялық аймақтардың көбеюі, облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру, денсаулық сақтау мен білім беру сапасын көтеру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс саласына қатысты, жалпы қоғамда қызу талқыланып жатқан мəселелер қозғалды.
Кездесу кезінде Серік Өтешов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының атқарған жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, Сенат депутаттары бірінші сессияның өзінде сексеннен астам заң жобасын қарастырған.
– Қарастырылған заңның 25-і қабылданды. Бұлардың ішінде 10-ы депутаттардың бастамасымен көтерілгенін атап өту керек. Бұл бағытта жергілікті жерлердегі мəслихаттардың көтерген мəселелері маңызды. Себебі, олар тұрғындармен етене араласып, қоғам үшін өзекті мəселелерді жеткізе алады. Сондықтан, қабылданатын заңдар бойынша ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Серік Өтешов.
Серік Балғатайұлының айтуынша, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның қабылдануы мемлекет үшін де, халық үшін де маңызға ие.
– Қабылданған заң ел ішіндегі жəне одан тыс орналасқан заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтаруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мұндай жағдайға себеп болған факторларды жоюға əсер етеді. Бұдан бөлек, онлайн-платформалар жəне онлайн-жарнама қызметін реттеуге бағытталған заңды айтуға болады. Ол да қазіргі уақытта өзекті мəселелердің біріне айналып отыр. Қабылданған жергілікті өзін-өзі басқару мен қоғамдық бақылау туралы заңның да маңыздылығы жоғары. Депутаттар барлық саладағы мəселелерге қатысты бастама көтеруде, – деді сенатор.
Аймақтың негізгі əлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де айтылды кездесуде. Депутаттар мүмкіндікті пайдаланып, ұсыныстарын ортаға салды. Мəселен, бюджет жəне жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова аймақтағы медицина кадрларының тапшылығын қозғады.
– Қазір бейіндік мамандардың жеткіліксіздігі байқалады, – дейді Қадиша Базарбайқызы. – Ал, медицина институтының студенттері резидентурадан өтпей дəрігер бола алмайды. Денсаулық сақтау министрлігі енгізген оқыту стандарты бойынша дəрігер ретінде жұмысқа кірісуі үшін тоғыз жыл оқу керек. Осы уақытта кадр тапшылығы мəселесі одан əрі ушығып кетпей ме? – деп алаңдаушылық білдірді.
Депутат бұл ретте кадр даярлау стандартын қайта қарастыру керектігін айтады.
– Алты жыл оқуды қалдырып, қысқа мерзімді даярлық курстарында үздіксіз оқыту факультеттерін қайта қалпына келтірген жөн. Одан бөлек, резидентурада бір жыл оқыту орынды. Бұл мəселені Сенат деңгейінде қарастыруыңызды сұраймын, – деді Қадиша Оспанова.
Облыстық мəслихаттың өнеркəсіп, шағын жəне орта бизнесті дамыту, аграрлық жəне жер мəселелері жөніндегі тұрақты комиссия ның төрағасы Серғазы Əдекенов болашағы жоқ ауылдардың «болашағына» алаңдаулы. – Қарағанды облысында 1892 ауылдың тағдыры шешілмей келеді. Осы мəселені облыста екі жыл бойы көтеріп, облыстың экономика басқармасымен жұмыс жасап келеміз. 69 ауыл мемлекеттік бағдарламаға кіргенімен, басқалары кіре алмай отыр, – деді Серғазы Мыңжасарұлы.
Депутат алаңдаушылық білдірген ауылдардың қатарында Абай ауданының Ақбастау, Нұра ауданының Заречное, Осакаров ауданының Садовое сияқты ауылдары бар. Ол ауылдарды қаржыландыру бойынша мемлекеттік тізім жасалған кезде облыс ауылдары қалып қоймаса екен деген тілегін де жеткізді.
Өз кезегінде облыстық мəслихат депутаты Меруеш Башай балаларға қарсы жасалатын қылмыс жазасын қатаңдатып, оны терроризм жазасымен теңестіруді ұсынды.
– Ізгілік туралы айтқанымызбен, елімізде жас балаларды айуандықпен өлтіру көбейіп кетті. Егер дəл осы қылмыс түрін террорлық актілермен тең дəрежеде тану туралы заңға өзгеріс енгізбесек, балаларымыздың болашағы бұлыңғыр. Аталған қылмысқа бейжай қарау, Қазақстанның болашағына балта шабумен бірдей. Сондықтан, заңға түзету енгізуге өзіңіз бастама көтерсеңіз, – деді Меруеш Башай.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар ауылдық жерлерді электрмен қамту, жолдардың сапасы, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту сынды мəселелерді қаузады.
Басқосу соңында облыстық мəслихат төрағасы Нүркен Қобжанов жоғары заң шығарушы орган өкілдері жергілікті жерлердегі депутаттармен бірлесіп, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін тиімді тетіктер табатынына сенім білдірді.
– Қазіргі уақытта Сенаттың негізгі міндетінің бірі – аймақтардың мүддесін жеткізу. Ол үшін жергілікті тұрғындарды мазалайтын жайттарды білуіміз керек. Сондықтан, мұндай кездесулердің пайдасы зор. Біз сіздер айтқан ұсыныстарды назарда ұстаймыз, – деді Серік Өтешов.
Сенатордың жұмыс сапары облыстың бірқатар аудандарында жалғасады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz