РесмиРеспублика күні

Мәртебелі мерекенің күні туды

«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25 күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Осынау қайта оралған айтулы да айбарлы мерекені барша ел-жұрт қолдап-қуаттауда.

 

Халықтың жадынан шыға қоймаған Республика күні лайықты аталып өтілуі керек деп ойлаймын. Себебі, ата-бабамыздың қолы еркіндікке, егемендікке дәл осы күні жетті. Республика күні егемендігімізді, тарихымызды ұрпақтың санасынан жойып алмау үшін керек. Алғаш рет дәл осы күні біз өзімізді республика ретінде әлемге таныта бастадық. Тәуелсіздікті алуымызға дәл осы күні күшіне еңген декларация себеп болғанын естен шығармауымыз маңызды. Дегенмен, мағынасына, мәніне үңілетіндей құндылықтарды халық санасына бекіткеніміз жөн. Яғни, бұл біз қаузап отырғанРеспублика күні деген дата сыныққа сылтау іздеп, халықтың қазынасынан болмайтын шараға қаражат жарату емес, рухани толысуымыз үшін ғана ұйымдастыруымыз керек. Әйтпесе, бізде мейрам көп қой. Сондықтан, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай бекіткеніміз дұрыс.

 

Тәуелсіз ел, республика болу жолындағы бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің қайсарлығы, ерен еңбектерін ескеру осы Республика күнінде тағы бір мәрте еске алынып, еленеді деп ойлаймын. Бұл мереке қала күнін тойлауға қарағанда маңызды. Әрбір қала еліміздің бір бөлігі, маған бұған дейін неге тұтас мемлекетіміздің құрметіне бір күнді арнайы арнамасқа деген ой келетін еді. Оның жүзеге асқаны қуантады.

Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы – халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім. Әуелі, қоғамның патриоттық сезімін арттыруға сеп болары анық. Әсіресе, елімізге қарата айтылып жатқан негізсіз пікірлер бар кезде осы датаның зор құрметпен аталып өтуі айрықша маңызға ие деп санаймын. Сол үшін бұл күнді Тәуелсіздік күнінен әсте кем етпеу аса қажет. Рухани құндылығымызды, қазақы қайсар рухымы- зды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде алты Алашты әлемге таныту арқылы осы тарихи датаның біз үшін қасиетін аша білуіміз, көрсете алуымыз қажет. Сол себепті, бұл күннің қажеттілігі мемлекетіміз үшін зор деп санаймын. Бұл дата тарихи бағасын әлдеқашан алып қойған. Тек бүгінгі қоғамнан өз орнын таппап еді. Алайда, осы жылдан бастап қайта түлеп, жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналғаны көңіл қуантады. Егеменді ел болуымыздың алғашқы құжаты осы күні қабылданғанын білесіздер. Ол құр сөз емес, нақты факт. Сол себепті, тарихи оқиға болған күн мемлекеттік деңгейде тойланғаны өте маңызды. Азаттық алуға жасалған алғашқы қадамның жеңісі, менің ойымша, осы күнмен тұспа-тұс келеді.
Қорыта айтқанда, ортамызға қайта оралған айбынды мерекеміз елімізге құт-береке, ауызбірлік, татулық, соны серпін әкелсін!

Нұрғали ҚАРАБЕКТЕГІ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ПРИОЗЕРСК

Басқа материалдар

Back to top button