Бас тақырып

Мұраты асыл «Мирас»

Мемлекет басшысы медицинаға ерекше көңіл бөледі. Қыркүйектегі Жолдауында «Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс» деді.

Қарағандыдағы Манарбек Ержанов көшесі, 28/2 мекенжайында орналасқан «Clinic Miras» тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Медициналық көмекке оңай қол жеткізуді қамтамасыз етеді. «Саламатты ұлт» ұлттық жобасын іске асыруға үлес қосып, күніне 250 адамға қызмет көрсететін клиниканың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

33 122 тұрғынның таңдауы

«Мирасқа» барар жолда клиникаға қаланың Оңтүстік-Шығыс жағынан арнайы келетін Сара Бейбітқызын кездес­тірдік. Демікпемен ауыратын апай клиника мамандарына риза.

– Емхананың іші кірсе-шыққысыз жарқырап тұрады. Ауырып келген адамға оның өзі жақсы әсер қалдырады. Қарт адамға «жазыласыз, емдейміз» деген сөздің өзі жанына – дауа, еміне – шипа. Дәрігерлері – мейірімді, қолы жеңіл жандар. Ұсынған емі сапалы, уақытынан кешіктірмей қабылдайды. Қазір жергілікті клиникаларды таңдауды тұрғындардың еркіне қалдырды ғой, осы жерден емделіп жүргеніме екі жылдан асты, – дейді Сара Бейбітқызы.

«Мирасқа» кіргенімізде келген адам­дармен амандық-саулық сұрасып, өті­ніш­теріне құлақ түрген клиника директоры Гаухар Игимбаева ұшырасты.

– Клиникамызға тіркелген халықтың жалпы саны – 33 122. Әрине, бір күнде бәріне көңіл бөлу мүмкін емес. Бірақ, бір ауысымда 920 адамға дейін қабылдап үлгереміз. Оған қоса күндізгі стационарға 30 кереует қойылған. Науқастардың көңілін тауып, қолдан келген көмекті жасаймыз. Сапалы өмір салтын ұстану жайлы халықты ақпараттандыру – міндетіміз. Кәсіби этикалық нормаларды сақтау маңызды, – дейді Гаухар Тілеубекқызы.

Басшының сөзіне сүйенсек, клиника медициналық ұлттық жобаның негізгі көрсеткіштерін сәтті орындауда. Маусымда клиникаға Ұлттық аккредиттеудің бірінші санаты және дәріханаға тиісті сертификат берілген. Халықтың денсаулығын бірінші орынға қойған мамандар кез келген өтінішке құлақ асып, елмен етене жақын болғанды құп көреді. Емханада алдымен жүкті әйелдердің жағдайына көңіл бөліп, балалардың денсаулығын нығайту көзделген. Медициналық қызмет түрі қарқынды дамып келе жатқан заманда цифрлық жүйе нарығын ұйымдастыру да кезек күттірмей, уақытылы жүзеге асады.

М.Ержанов көшесі, 28/2 мекенжайында орналасқан «Clinic Miras»

Тіркеу бөлімі – тұрғындарға тиімді

Мирасқа кіре берісте тіркеу бөліміндегі мамандар дереу мәлімет берді. Клиниканың бір ерекшелігі – ілінген нұсқау бел­гілерінде дәрігерлердің қабылдау уа­қыты, бөлмесі, бағыты көрсетілген. Тіркелушілер уақытымен санаспайтын дәрігерге, оның кезегіне жиі шағымданатын қала тұрғындарының өтінішін ескерген мекеме ұжымы бәрін ретпен қойыпты. Өзінің әрі дәрігерінің уақытына құрметпен қарайтын науқас қабырғаға көз тас­тап, керек деректі алған соң, жоғарыға жеделсаты арқылы көтеріледі.

Сондай-ақ, кіреберісте дәрігерге дейінгі кабинет бар. Ондағы тез әрекет ету тетігі науқастың сұранысына сай. Жоғары қабатта отырған дәрігерлер жеделдікпен төменге түсіріп, алғашқы көмек көрсетеді.

Мирастың екінші қабаты жүкті әйелдерге ыңғайлы болу үшін жасалған.

– Қазан айынан бастап, емханаларға тіркелу жүргізілуде. Күнде 25-30 адамнан өтініш келеді. Көптеген жаңа бөлімдер ашылды. 2023 жылдың қаңтарынан екінші қабатта акушерлік-гинекология және педиатрия орталығы жұмыс істеп тұр. Штаттық құрылымдарда эндокринолог, кардиолог, невропатолог секілді көптеген мамандар бар. Қазіргі таңда М.Ержанов мекенжайы бойынша 4 педиатр және 3 акушер гинеколог жұмыс істейді. Біздің клиникаға тіркелген пациенттер «Damumed» қосымшасы арқылы мамандарға онлайн жазыла алады. Диспансерлік және скринингтік кабинеттердің жұмысы күшейтілген. Алғаш рет медициналық оңалту енгізіліп, амбулаториялық хирургия орталығы ашылды, – дейді директордың орынбасары Айнагүл Балмағанбетқызы.

Медбике Карина Мокшина пациентке жұмыс тәртібін түсіндіруде

Дәрігерлер сұранысқа ие

Тіс дәрігеріне кезек күткен 4 жастағы Аяна Батырбекқызы анасымен М.Ержанов 40 мекенжайы бойынша тіркелген.

– Әр алты ай сайын «Мирасқа» тіс тексертуге келеміз. Тәжірибесі мол Мейір Мейрамқұлқызы бірден қабылдайды. Кешігіп, кезекті күту болған емес. Кеңес беріп, хабарласып, жағдайды біліп отырады. Кері байланыс жасайды, – дейді Аянаның анасы Дана Жоламанқызы.

Клиникада қазіргі таңда 3 тіс дәрігері бар. Олар жергілікті тұрғындардың денсау­лығын қорғау үшін бар мүмкіндіктерді жасауда.

– 26 жыл бойы тіс емдеу саласында жұмыс істеймін. Күніне 5-6 ересек және 20 бала қабылдаймын. Арасында жүкті әйелдер де кездеседі. Көбіне бала өміріне жауапкершілікпен қарайтын аналар жарты жыл сайын тексеріске келіп тұрады. Әсіресе 3 жастағы балалардың тістерінде ақаулар жиі кездеседі, – дейді стоматолог дәрігер Мейір Мейрамқұлқызы.

Қазіргі таңда клиникада компьютерлік өңдеумен күнделікті электроэнцефалография, жүктілік скринингі, кан тамырларының УДГ, эхокс, буындардың УДЗ, электрокардиограмма жүргізіледі. Мамандар қан қысымына тәулік бойы мониторинг жасап, рентгенографияның барлық түрлері бойынша жалпы бейнеколоноскопия жасайды. Сондай-ақ, емханада заманауи аппараттар спирографияда өтіп, ЭКГ, ересектер, балалар аудиометриясы, маммография бойынша тексерістен өтуге болады. Оториноларингологиялық тексерістің барлық түрін жасайтын лор-комбайн да жұмыс істеп тұр.

Бейінді мамандарға қолжетімділік пен сапаны арттыру мақсатында кардиолог, невропатолог, уролог, эндокринолог, гине­колог, нефролог, пульмонолог та жұмыс істейді. Балалардың денсаулығын қадағалайтын офтальмолог пен аллергологқа сұраныс жоғары көрінеді.

Әлімхан Ермеков көшесіндегі 39-үйдің тұрғыны Бақытгүл Жайлауова жалпы тәжірибелік дәрігер Ярослав Искра үшін келетінін айтады.

– Ол – өз ісінің маманы. Қашан келсең де дәрігерлік көмегін аямайды. Ярослав Искра Геннадьевичің нұсқауымен денсау­лығым жақсарды. Бұл емханада дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің сапасы мен қолжетімділігі жоғары. Дәрі болмай қалу деген жоқ, – дейді Бақытгүл Рысқали­қызы.

«Салауатты ұлт» жобасын іске асыру мақсатында клиникада тұрғындарға тегін дәрістер оқылады. Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді адам денсаулығына зиянды және қауіпті факторлар жайында айтылады. Халықты ақпараттандыру мақсатында Жастар денсаулық орталығы да жұмыс істеп тұр. Дәрігерлер қоғамда белең алған темекі шегу, алкоголь, гиподинамия секілді қауіпті аурулардың пайда болуы мен дамуының алдын алуды көздейді.

Тіркеу бөліміндегі мамандар үзіліссіз жұмыс істейді

«Халық кеңесі» қалай жұмыс істейді?

Клиниканың тағы бір ерекшелігі – халықпен жұмыс істейтін орталық бар. Қоғамдық қабылдау жобасы биылғы қазан айынан жұмыс істейді. Пациенттерге қолдау көрсету қызметінің арқасында әрбір сұрақ сол жерде оңтайлы шешімін табады.

– Пациенттер көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбаса, медициналық көмек көрсету тәртібі және сапасымен байланысты өзге де мәселемен бетпе-бет келсе, пациенттерге қолдау көрсетеміз, – дейді «Халыққа қолдау көрсету» орталығының менеджері Көпей Тапина.

«Халық кеңесіне» қажетті дәрігердің қабылдауына жазыла алмаған немесе ультрадыбыстық зерттеуден өту үшін талондары жоқ адамдардан өтініш түседі. Отаға дайындық барысында бірінші кезекте қайда бару керегін толық түсінбегендіктен, медициналық көмек көрсету кезінде даулы жағдайлар да туындайды. Егер пациенттің құқықтары бұзылса, қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылданады. Түскен өтініш бойынша жұмыс­тың нәтижелері клиника басшылығына хабарланады.

– Кейде сұрақтар «2гис» қосымшасы және жергілікті әкімдіктен келеді. Күніне 30-50 сұраққа дейін қарастырамыз. Жауап­тарды күнбе күн беріп, мәселені шешуге тырысамыз. Егер күрделі сұрақтар болса 5 күнде жауабын береміз. Көбіне порталға тіркеу, МРТ аппараттарына жолдама беру жайлы сұрақтар келеді. Мамандардың жұмыс кестесіне бағытталған сұрақтар да бар. Кейінгі бір айда шағымдар қатары екі есеге азайды. Бұл – біздің жұмысымыз­дың жақсы көрсеткіші, – дейді Көпей Тапина.

Кеңес орталығындағылар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі көптеген сұрақтарға жауап беретінін айтады. Өтініштер мен шағымдар пациенттерден туындаған жағдайларға сай реттеледі.

Тоғжан Тайтелиева тіркелуші құжаттарымен танысуда

ЖБИ-дағы «Сlinic Miras»

ЖБИ ауданының тұрғындары отбасылық денсаулық орталығын көптен күткен-тін. «Сlinic Miras» филиалы мамыр айында жұмысын бастады.

Соңғы жылдары емхана бұрынғы коммуналдық кәсіпорынның ғимаратында орналасқан болатын. Қолайсыздықты бастан кешірген тұрғындар, толыққанды медициналық мекемені сұрады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында екі қабатты емхана ашылды. Емхана қазіргі таңда 11 мыңнан астам адамға сапалы медициналық қызмет ұсынуда. Жаңа емхананың дәрігерлері күніне 400-ге жуық науқасты қабылдайды.

Құрылыс кезеңінде барлық қажетті кеңселермен және жабдықтармен, әсіресе, фильтр, дәрігерге дейінгі және тексеру кабинеттері, физиотерапия кабинеті, егу кабинеті және емдеу кабинетімен қамтылды. Күндізгі стационар да жұмыс істейді.

Тұрғындар рентген және флюорографияға түсе алады. Болашақта жас аналар үшін кеңсе ашылып, онда балалар күтімі туралы кеңес берілмек. Оңалту кабинетін құру да жоспарда бар. Қазір орталықта 60 қызметкер жұмыс істейді. Қабылдауды жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен мамандар жүргізеді.

Тұрғындар күндізгі стационар пайда болғанына қуанышты. Тексеруден өтіп, тегін дәрі-дәрмек алуға мүмкіндік бар.

Аурудан немесе отадан кейін денені сауықтыруға көмектесетін зал

«Көпбейінді ғимарат керек»

Қазіргі таңда мекемеге тіркелу­ші­лердің қатары күн сайын артып келеді. Соған орай медициналық үй-жайлардың жетіспеушілігін ескере отырып, М.Ержанов, 28/2 мекенжайында орналасқан емханаға қосымша ғимарат қажеттігі күн тәртібіне көтеріліп отыр.

– Заманауи үлгідегі қосымша ғимарат керек. Жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы халыққа бір жерден медициналық көмек көрсетуге, жоғары технология­лық медициналық қызмет түрлерін мақсатты түрде кеңейтуге мүмкіндік береді. Халық игілігіне қызмет ететін жаңа мекемені келер жылдың еншісіне қалдырдық, – дейді Гаухар Игимбаева.

Клиника директоры қызмет саласында бірқатар өзекті мәселелер кезігетінін айтады. Алғашқы мәселе – жоғары оқу ор­нын бітірген жас мамандардың білім сапасының төмендігі.

– Медицина – қателікті кешірмейтін, өте күрделі, жауапкершілігі мол сала. Дәрігерлерге артылар жүк ауыр, кез келген төтенше жағдайға дайын болуың керек. Кейде жас мамандар сол үдеден шықпай, біліксіздік танытады. Ол әрине өз кезегінде клиниканың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Адам өмірін дәрігерге сеніп тапсырады. Ақ халаттылар жауап­кершілікті мойнына алып, еңбек етіп, үнемі ізденісте жүруі тиіс, – дейді клиника директоры.

Жүрейік жүрек ауыртпай

«Мирастағы» мамандар Гаухар Игимбаева секілді білікті дәрігерлер шетелде жасалатын күрделі оталарды елімізде жасай алатындығын айтады. Ұжымдағылар кардиохирургтің жұмысқа келгенде сұранысы жоғары әрі талапшыл екенін тілге тиек етті. Алайда, білікті басшының қызметте қаталдық танытқанымен, адамды ісімен әрі жүрегімен де емдей білетін облыстағы беделді дәрігер екенін жоққа шығармайды.

Жалпы, Гаухар Игимбаева – «Денсау­лық сақтау ісінің үздігі» әрі «Қазақстан Республикасының үздік маманы – 2022» республикалық байқауының жеңімпазы. Адамның ең негізгі нәзік ағзасы жайлы қалам тербеген 90-нан астам ғылыми жарияланымның авторы, еліміздегі бірегей кардиолог. Жылда кардиология мәселелері бойынша еуропалық конгрес­ке және жедел созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша дүниежүзілік конгреске қатысады. Қазіргі таңда Қазақстан кардиологтар қауымдастығы аймақтық ​​филиалының директоры бола жүріп, жас­тармен тәжірибе бөліседі.

– 2015 жылдан – 2019 жылға дейін кардиолог-ординаторларды оқытуға жауапты болып, жетекшілік атқардым. Қазіргі таңда 5 білікті кардиолог-ординатор еліміздің медициналық ұйымдарына табысты жұмысқа орналасты. Шәкіртте­рімді мамандықты дұрыс таңдауға ба­ғыттадым деп ойлаймын.

Мамандық адамды таңдайды дегенге келісемін. Дәрігердің адам анатомиясын терең білуі жеткіліксіз. Ол адамның тәнімен қатар жанын да емдей алуы қажет. Дәрігерлікті адам тағдырына немқұрайлы қарамайтындар таңдағаны дұрыс. Бұл салада кез келген жағдайда науқастан жиіркенбей, қаннан қорықпай, күйзеліске төзетін, жүйкесі мықты жан жүруі керек, – дейді Гаухар Тілеубекқызы.

Жыл сайын Швеция, Литва, Түркия елдерінде біліктілік арттыратын кардиохирург «Шетелде бар жоғары технология­лық көмек түрі елімізде бар, мемлекет халық үшін барлық жағдайды жасаған» дейді.

– Біз шетелде жасалатын күрделі оталарды өз Отанымызда жасаймыз. Мемлекет денсаулық сақтау саласына жақсы көңіл бөлуде. Дегенмен, елімізде жүрек ауруына шалдыққандар көп. Жүрек-қан тамырлар ауруларының көрсеткіші – бұл біздің елде ғана емес, дүниежүзін толғандырып отырған мәселе. Жүректі сақтау алдымен адамның өзіне байланысты. Өмірде қайғы-қасірет пен қуаныш қатар жүретінін ұмытпау керек. Ауыртпалықтар басқа ағзаларға емес, алдымен жүрекке әсер етеді. Күйбең тіршіліктің уақытша келеңсіздігін жүрекке түсіріп алмаған дұрыс. Жүректі ауыртпауға тырысайық, – дейді кардиохирург.

«Мираста» жүріп Қарағанды меди­цинасының мықты кадрлар ұстаханасы болып қала беретініне көз жетті. Облысымыз­да медицина саласын ілгері жылжытып тұрған клиникалар қатары артып келеді. Тұрғындардың уақытын үнемдеп, мехнатын жеңілдетуге тырысқан жүйе қалыптасқан. Жүректі ауыртпайтын дәрігерлер бар.

Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button