МҰРАТТАС, МҰҢДАС ДОС ЕДІК
Ақселеу екeуміз әрі жерлес, әрі құрдас, әрі әріптес-журналист ретінде ғана емес, біздің әуелден жан сала кіріскен екінші кәсібіміз, ақысыз-пұлсыз арқалаған бейнетіміз – Қазақ тарихының мәселелері болғандықтан, қан жақындығынан гөрі де, рухани туыстығымыз қымбат болатын. Біз, әділін айтқанда, қазақ тәуелсіздігін аңсаған аздардың қатарынан болатынбыз. Кезінде «ұлтшыл» деп қара таңба басатынын, басқандығын, кезегіңді шегеріп, өрісіңді тарылтатынын білсек те, түкпірдегі бір құпия күш, жасырын сезім бойды еріксіз билеп, сыртқа шығуға тебінетін, кейде сыртқа шығып та кететін. Алайда, сауатымыз бар, бір кісідей біліміміз, қазақы һәм советтік тәрбиеміз бар ғой, ашық ұлтшылдыққа барып, басын жарып, көзін шығарғанымыз және жоқ. Бұл жағынан Ақаң менен де сақ еді, білмеймін неге екенін, тоқсаныншы жылдары жаза тартты. Тұла бойы таланттың қайнары, қай жағынан қарасаң да, өнердің кені болған Азаматты көре алмаушылар жала жапты. Және сол жала іске асып, оның тағдырын өзгертіп жіберді. Бір есептен, орыстар айтпақшы, «нет добра без худа» деген сияқты, Ақаңды шарболаттай ширатты. Ғылымның әліппесінен қайта бастап, құзар басына дейін өрмелетті, табысты етті, талай пенделерге өзінің кім екенін көрсете білді. Қазіргі жұрт білетін Ақселеу Сланұлы Сейдімбеков етіп қалыптастырды.
Кезінде, «Жалын» журналының 1987 жылғы 7,8-сандарында шыққан Темірболат Ахметов деген автордың жазғандары туралы өзінен сұрағанымда, Ақаң: «Ондайларға назар аудара берсең, кәртайып қаласың» деп әзілдей салып еді. Қажырлы, қайратты адамның сөзі.
Тіпті, газет бетінде Ақселеуді көпе-көрнеу қаралап, шындықты бұра жазған шаруалар да бір кезде өршіп берген. Сондай шақтың бірінде, мен өзім төсек тартып жатсам да, Қызылжардан телефон соғып, «Ақа, мен сені қорғап, жақтап материал жазайын», деп ынта да білдірдім. «Жоқ,– деді ол. – Саспа, мен таза болмаған соң, ұйымдастырып жатыр деп ойлайды. Жаза берсін. Менің қандай кінәм бары-жоғы әлі-ақ дәлелденеді» деп маған тыйым салды. Бір-екі рет оқталып, жазбай қалдым.
Ақаң Қарағандыдан өсіп, Алматыға барған бетте-ақ, оңтүстіктікі емес болғандықтан, оның «Социалистік Қазақстан» сияқты журналист біткеннің арманы болған газеттің әдебиет бөлімі сияқты үлкен қызметке келуін қызғанып, бірден тітіркенгендер тіс қайрады. Сол кезде Алматыда, тағылыққа бергісіз осындай бір өте жайсыз жағдай орын алған. «Биографияң келсе де, географияң келмейді» деген жетесіз сөздің таралуы тегін емес. Оны да білемін. Бірақ, Ақаң тіс жарып айтқан емес, ондайдан биік еді ғой. Мейлінше таза жүріп-тұруға ұмтылды, сақтанды. Тіпті, жылы жақтың мінез-ғұрпына еріксіз бейімделіп, Арқадан дарыған арынын тежеп ұстады. Әлгі «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» дейтін әзілдің шындығы да болғанын айта кетейін. Бірде, сол музыкалық телехабар Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналды. Жәнібек «Көкшолақты» айтқаннан кейін, Ақаң қостап: «Қандай ғажап, болмысы бөлек ән! Тұнып тұрған сезім, әсер… Енді Кенекең де тумайды, мұндай ән де тумайды» десін. Шынында, «Көкшолақ» жақсы ән болса, болған шығар. Бірақ, «Енді мұндай ән тумайды» деп, күйзеле күңіренуді артық көріп, Ақаңа телефон соқтым. Әзіл-шыны аралас: «Ей, Ақам-ау, мен сені бірдеңе біледі деп жүруші едім, мынауың не? Енді «Кенен тумайды» деп көз жасыңды төгіп жібергенің. Кенен тумаса, бүкіл қазақ өнері құрып қала ма?», – деп зекідім. «Ұрпаққа осылай тәрбие бересіңдер, ақиқаттан аттап» деп қосып қойдым. Ертеңіне Ақаң маған қайта телефон соғып «Қарағандыда жатырсың. Бұл – Алматы. Сен біле бермейсің ғой» дегенін неге ұмытайын?! Міне, біздің ұрпақ осындай баспақ тірлік, көріксіз кезеңді де бастан кешкен.
Әр санын асыға күтіп, Сейдімбеков, Сегізбаев, Бодаубаев, Нұрғалиев, Құрманғалиев, Сарбалаев, т.б. өзімізге көзтаныс әріптестеріміздің жазғандарын «Лениншіл жастан» оқып, қуанып отыратынбыз. Әлі есімде, Оралхан Бөкеевтің, ұмытпасам, «Жұлдыз жауған түндер-ай» деген тақырыппен басылған ақ өлең сипатты толғауын екі-үш қайталап оқығанбыз. «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі ретінде Ақаң Қарағандыдан, Ақмола, Қостанай өңірінен көп материал жазды. Бір ғажабы, сол көптің екеуінің бірі – очерк. Тіпті, ұмытқам жоқ, Қостанайдың бір механизаторы, аты Баязит Жақсылық-ау деймін, сол туралы тізбекті үш очерк жазды. Үшеуі де әдемі.
Сұңғыла жаратылған азамат, көп жер аралап, көп адамдармен кездесіп, көп оқып, өзін-өзі қайрап, ой-өрісті салқар жазушы Сейдімбеков болып қалыптасты.
Ақселеу, әсіресе Теміртау сияқты өндіріс ошағындағы қазақ жігіттері мен қыздарын іздеп тауып, соларды дәріптеді. Мысалы, домна пешінің горновойы Нұрсұлтан Назарбаев, мартен пешінің конвертері Арғын Жүнісов, Алтынбек Дәрібаев, Төлеген Адам-Юсупов сияқты болашақ қайраткерлерді ашқан журналист Ақселеу Сейдімбеков деуге құқым бар-ау деймін.
Мен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне 1973 жылы келгеннен кейін, екі жылдан кейін газет редакциясының жауапты хатшылығына «Лениншіл жастан» Ақселеу келді. Аз уақыт бір ұжымда болдық. Ақселеу марқұмның кісілік қасиетін ашады-ау деп, бір жағдайға тоқталмақпын.
Қарағандының газетінде Ақаңмен бірге КазГУ-де оқыған Шайхан Жандаев деген азамат болды. Бізден үш жастай кіші, бәкене бойлы, қолтоқпақтай ғана жуас жігіт болатын. Нағашы атасының қолында тәрбиеленген, шалдың баласы екені көрініп тұратын. Ақкөңіл, аңқау, оңы-солына сақ қарауға дағдыланбаған, баламінезді еді. Жап-жақсы ақындығы да бар. Ол кезде редакция аппаратындағылар кілең 50 мен 60-тың арасындағы «қу мүйіздер», тіс қаққан, 20-30 жылдан істейтіндер. Кемшілік болмаса да табады. Мақалаңды ебін тауып, түкке алғысыз етіп тастайды. Жастарға жол бере қоймайды. Сол жастардың қатарында 25-тегі Шайхан мен 31-дегі мен бармын. Маған құрдас керек, Шайхан досымды айналдырамын. Албырттық па, кейде батырыңқырап жіберсем керек. Сонда, Ақаң: «Менің Шайханыма тиме, ол асыл жігіт» деп қоятын. Бір емес, бірнеше мәрте солай дегені бар. Қазір ойлап отырсам, жасыңнан бірге өскендерге сыйластық қана керек екен ғой. Тіпті, кейін Ақаң өзі Алматыға, «Социалистік Қазақстанға» қызметке кетіп бара жатып, әдейі бұрылып: «Зақа, Шайханымды саған тапсырдым» деп қиыла сұрағаны әлі есімде.
Ақаңның сырт тұлғасы «Қазақ болса,осындай-ақ болсын» дейтіндей, қалай көркем болса, мінезге де бай еді. Анық келіспей, айқаса кеткелі тұрған бізге: «Сабыр. Сабыр. Кішкене күт, уақыт өтсін, содан соң, қайта бастайық», деп, жаңағы шиеленіскелі тұрған түйінді тарқатып, әдемі әзілмен әдіптеп жіберетін.
Ақаңның Жайық аға Бектұровпен достығы, Евіней Бөкетовпен шығармашылық ынтымағы туралы бірталай шаруаға куә болдым. Мысалы, Бөкетовтің «Человек, родившийся на верблюде» деп қойған тақырыбын қазақшалаған Ақселеу еді. «Атан қомында туған адам». Сол кітаптың қолжазбасы түгелдей Ақаңның қолынан өтті. Қазақ тарихы мен этнографиясына жасынан қанық болып, оларды кейін ғылыми біліммен байытқан Ақамыз, алпысқа жетпей-ақ қазақтың абыз ақсақалындай толысты. Әлдеқалай, қазақ тұрмысына қатысты материалды, өзі айтқандай «сақал-мұртын басып», «перне-тиегін түзеп», «ішектерін күйіне келтіріп», сыңғырлатып жөндеп отырғанын көргенмін. Өзі авторы болмаса да, үстінен қарағанның өзінде, қолжазбаны құлпырта өңдейтін адалдығына куәмін. Ақселеудің қолтаңбасы танылып тұрған эссе сипатты әсем ширатылған мақала ма, очерк пе, басқа біреудің қолымен жарыққа шыға беретін. Оның мұндай редакторлығын байқаған жалғыз мен ғана емес шығармын. Осымен тоқтайын.
Жақсының атына өзін қосақтамаса, қазақтың аузының дәмі кіре ме, әуелде айтқанымдай, мен де қазақтың өткеніне, ескі тұрмысына, хандары мен би шешендеріне ықыласты болдым. Осыны білетін Ақаң: «Сен архивті көп қарайсың ғой, қазақтың ұлттық спортын байқай жүрші», деді бірде. «Қазақ әндері мен күйлерінің тарихы – тұнып тұрған тағдырлы тарих», деді бірде. «Абылай хан мен батырларының арасы қандай болды екен?» деді бірде. Әрқайсысы бір-бір кесек тақырып. Сонда, ғалым Ақаңның сергек жүрегі осындай қазақ мәселелері төңірегінде толқиды екен ғой.
1980 жылы Ақселеу Сейдімбековтің «Күмбір-күмбір күмбездер» деген тамаша кітабы шықты. Сырт пішімі жұқалтаң ғана, бірінші бетінде «Жоғары класс оқушыларына арналған» деген нұсқамасы бар. «Мектеп» баспасынан шығарудың амалы екен ғой. Оқып шығып, қатты ырза болдым. Тұнып тұрған тарих. Және Ақселеудің күміс шапқан қақшасындай көрікті, тіл өрнегі де зередей жарқырайды. Тақырып өзіме жақын. Қазақ даласындағы көне тарихи, табиғи ескерткіштер жайында. Отыра қалып, пікір жазбақ болдым. «Дайын асқа сыншы көп», алаулатып-жалаулатып, мақтай бермей, «алайда…» деп алып, күмілжуім де керек қой. Кемшілігін теруім… Оным таза библиография қылмай, рецензияға ұқсатайын дегенім. Жан қиыспас достың аяғынан шалғандай болмайын дедім де, өзім байқадым деген артық-кемін торкөзді шәкірт дәптеріне (орысша!) жеке жазып қойдым (Кейін марқұмның қолына тигіздім, архивінде болуға тиіс). Ал, мына жазғаным – жадағай мақтау көрінгенімен, еңбекті қызықтыра түспек деп ойладым.
Кітап туралы осы жария пікірімді «Күмбірлеген күй кітап» деп айдар қойып, «Орталығыма» бердім. Сөйтсек, Ақаңның осы еңбегі жөнінде өзінің туып-өскен газеті білдірген мақтау-мадақ, республикадағы бірінші сөз екен. Мақала былай басталады:
«Алғысөзі аты мәлім ғұлама Әлкей Марғұландікі… «сан ғасырды көктей өтіп, сабақтасып жатқан осы байтақ мәдениет қалдығын, көркем мұраларды жүйрік біліп түсінуге, оларға тарихи, ғылыми мән беріп, зерттеуге көп шеберлік керек», депті. Тарих атты тұнған тылсымның таңғажайып сырларын сырбаз кестелеп, шымыр деректермен ширақ баяндау – әркімнің қолынан келе бере ме? Және де етті-кетті, көшті-қонды демей, құбыласына мәдени мұра, дәстүр сабақтастығы деген шоқ жұлдызды қойып алып, тәуекел деп тартқан екен автор. Берісі он, әрісі он мың жылдық адамзат сапарының іздерін оймен шолып, ғылыми деректерге шұқшиып, өзінше пікір топшыламақ. Бүгінгі ұрпаққа қызық-ау, деген көненің кілкіген қаймағын сүзіп алып, алдына қоймақ.
Осы бір ізгі ниетті мақсұт етіп, ақселеу мініп, ақ берен тағып, ақ тілеумен аттанған екен. Автор сол жолдан қоржыны тоқ, олжалы қайтыпты. Күмбездер күмбірінің сырын ұғып, көкейге түйгені мен көргенін сыпайы ғана кітап етіп бастырыпты…» деп әрі қарай кете береді.
Тақырыбы тың, зерттеудің әдіс-тәсілдері де қызық, танымдық құны қымбат еңбек ретінде «Күмбір-күмбір күмбездер» зиялы қауымның назарына бірден ілікті. Мақталды.
Келесі жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы осы кітапты Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Протоколынан бастап, қағаздарын орысша-қазақша мен даярладым. Үкімет талабына сай рәсімдеп, Алматыға, Ақаңның үйіне апарып бердім. Ұмытпасам, қабылдау мерзіміне бір апта ғана қалған екен. Ақаңның үйіне бір күн қонып, ертеңіне қайттым. Кітап жаппай талқылауға ұсынылды.
Әлі есімде, Ақаң: «Бұл кітапқа сыйлық бермейді. Оны білемін. Бірақ, бәйгеге кейін тағы қосылсам, бұл керек болады» деген еді. «Бермесе, неге арамтер болдық», деп мен қалжыңдадым. «Жоқ, сендердің газеттеріңнің атына да жақсы болады. Мемлекеттік сыйлыққа шығарма ұсынып жатқан мұндай облыстық газеттің редакциясы жоқ», деді. Осы жайды, Ақаңның өмірдеректерін түгендеу мақсатында еске алып отырмын. Яғни, Қазақстанның ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлығын профессор Ақселеу Сейдімбек екінші рет, басқа еңбегімен ұсынылып, алған болатын. Марқұмның көп адам біле бермейтін жағдайының бірі осы.
Ақселеу Сейдімбектің кәсіпқой журналистік қызметтен 1987 жылы аяқ астынан қол үзуіне тура келеді. Қазақстандық жастар баспасөзінің тамаша үлгісі болып үлгерген “Білім және еңбек” журналының тектес басылымдар арасында Одақ бойынша бірінші орын алғанына қарамастан және бас редактор ретінде БЛКЖО-ның ең жоғары марапаты — Құрмет грамотасымен марапатталғанына қарамастан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты “Қазақ ұлтшылдығын дайындаушылар” санатында комсомолдың Орталық Комитетінің бюросында ол бас редакторлық қызметтен босатылды», дегеніміз екі ауыз ғана қарасөзге жүк болған өңсіз ақпарат қой. Сол ақпараттың алды мен соңында, басталуы мен нәтижесінде Ақселеу Сейдімбеков сынды Азаматтың қанша жүйке-сезімі, денсаулығы мен арман- тілегі, жоспар-мұраты кетті десеңізші! Ет-сүйектен жаратылған пендені тірідей көрге көмумен бірдей, сол бір күндер мен апталар, айлар өтіп, жылдарға созылған қиянатқа Ақаң душар болды.
1986 жылғы дүрбелең – қазақ тарихында бедері қалған тарихи оқиға ғана емес, сонысымен де, «қазақпын» деген әрбір саналы азаматқа сын болғанын замандастарым ғана біледі. Кімнің кім екені бір ғана сәтте ашылып қалды. Иә…Кейінгі ұрпаққа түсініксіз қалған, әрқайсымыздың жүрек түкпірімізде, о дүниеге бірге кететін сыры бар, жақсы-жаманы аралас құбылыстың жұмбақ жағы көп болған. Шетін пікірге қимайтын, өзім қатты сыйлайтын талай азаматтың сол сәттерде сыр беріп қалғандығын көрдік, кейідік. Тіршілік үшін күресуге тиіс жәндіктің әрекетіндей, ғылымдағы «өзін-өзі сақтау инстинкті» деген мақұлық сезімге бой алдырған дос-туыстарымыз туралы Ақаң екеуміз кейін өкінішпен еске алатынбыз. Бірақ, арым таза, шынымды айтайын, солардың әрқайсысын ақтайтын дәлел тауып, «енді қайтсін, байғұс. Онікі де дұрыс, әйтпесе…» деп кешірім бердік.
«Білім және еңбекке» сәтті тағайындалды-ау, деп күткен Ақамыз сегіз қырынан бірдей жарқырап шыға келді. Мүмкіндігі газеттен де көп басылым бетінде құлаш сермеп көсілуге, тақырып таңдауға өзі де лайық редактор, әрине, бірінші кезекте, қазақ мүддесі, қазақ тарихы мен қазақы тәрбие дегенде еркінсіп бара жатқанын қырағы көздер қиырдан шалып, бақылауға алды. Енді қарап отырсам: «Ой, арманда кеткен Ақам-ау, қазақта нең бар еді! Сені жанып жатсаң да, оттан суырып алатын қай қазағың бар еді, өңшең құлқынның құлы, қарынға билеткен мансапқор емес пе еді айналаң!» деп күйзелемін қазір. Елде қаптап келе жатқан «аралас мектеп» дегендерге Ақаң соғыс ашты. Жер бетіндегі қазақты түгендеген Мақаш Тәтімовтің зерттеу-саралау мақаласын 1986 жылдың соңғы номерлеріне екі бөліп басып жіберді. «…Осы бетімен өсе берсе, алдағы уақытта Қазақстан амандық болса, 40 миллиондық ұлты бар, көпұлтты республикаға арналады. Қазақтың үлес салмағы алпыстан асып, жетпіс процентке жуықтайды…», деп қуанды. Таралымы, сол кезде 73 мыңдай, журнал «Білім және еңбек» қазақ балаларының іздеп тауып, жастанып жатып оқитын білім кеніне, ұлттық намыс, жігер тәрбиесіне айналып еді.
Кейін естідік қой: «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ( КГБ) Чугаев деген бөлім бастығы “Көшпелілер” (“Кочевники”) деген атпен Шона Смаханұлының, Ақселеу Сейдімбектің, Мұрат Әуезовтің, Олжас Сүлейменовтің сырттарынан іс жүргізіп, қылмысты деректер жинапты…» дегенді…
Ақселеу Сейдімбектің сағын сындырып, саяси айып тағып, қаңғытып жібермек болғандар, оның кім екенін әлі де білмеген екен. Өртеп жібергенде, өз күлінен қайта тіріліп шыға келген аңыздағы нағыз Феникс екенін Ақаң қазаққа танытып кетті. Бағына қарай, арайлап Тәуелсіздік таңы атты, сағынған Сарыарқасына Астанам келді, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді…
…Алматыдан пойызбен келе жатырмыз. Купеде өнерпаз жастармен көрші болдық. Домбыра бар екен. Біздің Күлекеңді (менің жұбайым –Гүлнәр) танитын тағы біреу кездесті. «Өлең айтыңыз», деп қинады. Дастархан жайылды. Гүлекең «Арман-айды» бастап жіберді. Бұл әнді ол белгілі әншілерден бөлегірек орындайтын. Бір уақытта, купе есігінен күлімсіреп Ақаң қарап тұр. «Әй, Шаншарларым-ай! Мәдидің тұқымдары қайда жүрсе, ән айтады». Сөйтсек, шеткі купеде демалып жатып, «Арман-айды» естіп келіп тұр екен. «Гүлнәрдің жаңағы «Арман-айы» – нағыз түпнұсқа деуге болады. Жасымда, өз шешемнен осылай естіп өскенмін. Бесік тербеткендей, бірқалыпты, баяу шайқап отыру керек. Қазіргілер осы әнді құбылтып, мына жерін соза тартып, бұралаңдатып жіберетін әдет пайда болды», деп қынжылыс білдірді. Жастар тарап кетті, үшеуміз қазақтың әні мен күйшілік дәстүрі туралы әрі қарай сөз еттік. «Қазақтың халық музыкасының өз дәмі бар, ол – атаңның асындай. Дәмдегіш қосып, заманға қарай құбылтудың керегі жоқ», деді Ақаң. «Ол әндер мен күйлер өз заманының ескерткіштері, сол кезде-ақ толысып, пісіп, қырналып, жөнделіп қойған. Енді біздің өңдеп, сән қосуымызды тілемейді…» дегендей біраз ой айтты. Оның музыкалық сауаты, құлақпен естіп қана емес, жүрекпен тыңдап, қабылдайтын сезімтал талғамын көбіміз білетінбіз. «Сарыарқасы» мен «Дәурен-айын» ұмытпасын деп бізге қалдырды ғой. Рухыңды қанаттандыратын әндер. Ақаң домбыра шертіп, күй тартса, сарғылт жүзі күреңіте құлпырып кететін. Басқаны айтпағанда, «Қазақтың күй өнері» кітабының өзі неге тұрады?!
2004 жылы, шілденің басында Көкшетауда, Бурабай алаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Абылай ханға арнап аспанға тіке шаншылған биік тұғырлы ескерткішті ашты. Кеудемізді қуаныш кернеп, Қазақтың рухы жалындап, кең далаға симай кетті. Нұрекең бір сәт қағаздағы мәтінді доғарып қойып: «…Былтырғы жылды тарих жылы деп жарияладым. Абай мен Абылайды ЖЗЛ сериясымен шығаруға Ресеймен келісіп отырмын. Осы Абылай аңыз ба, шынында болған адам ба? Соны анықтап беріңдер, деп тапсырып едім, әлі ешкім берген жоқ», деді. Осы сөздің мазмұны ертеңіне «Егеменге» де шықты. Нұрекеңнің айтқаны рас еді. Ащы да болса, шындық. Бүкіл ақын-жыршы, жазушыларымыз, ақсақал-қарасақалдарымыз «Абылай, Абылай!» деп жүргенде ол туралы нақты деректер де жиналмаған, қазақша кітап болып шықпаған еді ғой. Өңшең бір гу-гу аңыз, ертегі, қайталау, «Бұқар жырау былай депті, Бұқар жырау олай депті». «Уа, Абылай ханым сондай болған, Нұрсұлтаным да сондай!» деген сияқты жел сөз кернеп тұрған шақ.
Екі-үш күннен кейін Ақселеуге телефон соқтым. «Гүлнәр екеуміз ақылдасып отырмыз, жинаған біраз архивіміз бар, ішіндегі жетпісі таза құжат. Бұрын жарыққа шықпаған. Орысша басылған ескі жинақтар бар ғой. Оларды адам түсінбейді, ескі орыстың тілінде, стилистикасы қиын, тыныс белгілері жоқ… Соларды екшеп, қорытып, қазақшалап шығармақ ойымыз бар», деп ақылдастым. Қолдады. Деректану тұрғысында ақыл-кеңесін айтты. Бір жылдың мұғдарында 500 беттік кітап дайындадық. Бірақ, бастыратын ақша жоқ. Әуелі университеттің баспаханасынан газет қағазына, жұқа мұқабамен бір елу данасын бастырып алдым. Сол кезде Білім министрлігі Астанада кітап көрмесін ұйымдастырып, біздің университет менің осы кітабымның екі-үш данасын қойыпты. Бір көруге көрнекті, сырты қызыл, оюлы, түрі тартымды. Ақселеу сол көрмеге барыпты. «Абылай хан» деген атының өзі айғайлап тұрған менің кітабымның бір данасын көрме бастықтарынан сұрап алыпты. Түн ішінде телефон соқты.
«Әй, батырым-ай! Жарайсың! Сенің қолыңнан келіпті. Кітабыңды бас алмай оқып жатырмын. Міне, тарих қайда, Абылай қайда, құтты болсын!» деп тағы біраз мақтау айтты. Көп ұзамай «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 5 наурыздағы санында профессор Ақселеу Сейдімбектің «Абылай хан: көне шындыққа жаңа көзқарас» деген көлемді мақаласы шықты.
Ақаң жаза алады ғой. Оның бер жағында өзі де үлкен ғалым, ғылыми еңбектер жазып төселген, қисынын тауып, қиыстыра біледі. Менің еңбегімнің қазақтың тарих ғылымы үшін, Абылай бейнесін танып-білу үшін қандай орны бар екенін көрсете келіп:
«Міне, Президент аузымен айтылған халық аманатының орындала бастағанына куә болып отырмыз. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің баспаханасынан «Абылай хан. Өмірі мен қызметіне байланысты құжаттар мен материалдар» деген бес жүз беттік кітап қазақ тілінде жарық көрді», деп қуана хабарлаған.
Қанаттас достың шығармашылығына осындай қуанышы мен ақ тілегін арнап, насихат жазып, елге жайған бауырым, мен бастаған абылайтанудың келешегін көре алмай кетті. 2008 жылдың күзінде Ақаңа телефон соқтым. Соның алдында «Ғылым туралы» заң шығып, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың жаңа тәртібі белгіленген. Сол тәртіп бойынша «Абылай ханның өмірі мен қызметі» деген тақырып тиянақтап, республикалық конкурсқа қатысып, бағымды сынап көрмек ниетімді Ақаң қуана құптады. «Екі мыңдай жұмыстың арасында жеңіске жетіп, үш жылға грант алып, Гүлнәр екеуміз Мәскеуге архивтерге кетіп барамыз», деп екінші хабарласқанымда, қуана қоштап: «Міне, қазағыңның алдындағы борышыңды ақтаудың оң жолын енді тауыпсың, Абылай бабамыздың әруағы жар болсын!», деп батасын бергені әлі құлағымда.
Әттең, тілектес, ниеттес туысым «Абылайтанудың тарихнамалық және тарихи проблемалары» деген тақырыпта сол конкурсқа екінші рет тағы қатысып, грант жеңіп алғанымды, Президенттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша әрқайсысы 640 беттен тұратын «Қазақтың ханы – Абылай» деген екі томдық ғылыми еңбегімнің жарық көргенін, Абылай ханның 300 жылдығына арналған кітап көрмесінде сол кітаптарымның жарқырап тұрғанын көре алмай кетті. Өзінің артында соңғы мөр таңбасы басылған ескерткіштей, А.Сейдімбек. «Қазақтың ауызша тарихы» қалды…
Содан үш күн бұрын, түнде Ақаң Петропавлдағы үйімізге телефон соқты. Аман-саулық сұрастық, арнайы хабарласа қоятындай, бәлендей шұғыл себебі жоқ екен, көңіл-күйі жақсы, шадыман сөйлесті. «Қызылжардың атын өзгерткен тойыңа шақыруды ұмытпа. Қазақ үшін ол да бір арман», деп қалды. Жақсы тілекпен қоштастық. Төртінші күні таңғы сегіз жарымда, әлі сағат 9 бола қойған жоқ, телефон қоңыраулады. «Папамыз Ақселеу қайтыс болды», дегеннен басқа сөз есімде қалмапты. «Қашан, қалай?» деуге шама келмеді. Сол күні Астанаға жеткенде білгеніміз: Ақаң таза қағазға бірқатар адамның тізімін, телефон номерін таза көшіріп, тізіп, телефонның қасына қойыпты. Сол арқылы алғашқылардың бірі болып, асыл досымыз турал қаралы хабар қиырда жатқан бізге де елден бұрын жетіпті. Топырақ салуға үлгергеніме тәуба, дегеннен басқа ештеңе қалмады. Жаназасында болдық, қол жайдық…
Үш-ақ күн бұрын тілдесіп, шер тарқатқанымыз қас қағымда тарихқа айналып, естелік болып шыға келді. Өмір деген осы…
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ профессоры.
Қызылжар қаласы.