Басты тақырып

Мұнай өңдеу зауыты – Атасуда

Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде алдағы үш жылда, дәлірек айтқанда, 2018-2021 жылдар аралығында шағын мұнай өңдеу зауыты салынбақ. Жалпы, құрылысы үш жылға жоспарланған зауытты жоба жетекшілері 2 жыл мұғдарында тәмамдауды көздейді. «Абылайхан» компания тобы мұрындық жобаға инвестицияны сингапурлық «R Way Solution PTE Ltd» компаниясының басшысы Рагунандан Баласубраманиан құюға ықыласты. Қостанай аймағының «Новонежинск» мұнай кен орнында 25 ұңғыма бұрғыланса, зауытпен қатар, ұзын саны 260 жанар-жағармай бекетін қоса салу жоспарлануда. Оның 26-сы Қарағанды облысына тиесілі екен. «Еуро-5» талабына сай жанар-жағармай зауыттың өнімі болмақ. Зауытта Қостанайдан теміржолмен жеткізілген мұнайдың жылына 1 млн. тоннасы өңделеді деп күтілуде. Ол Қазақстанның ішкі нарығының 10 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Құны – 300 млрд.теңгені құрайтын жоба соңғы технологиялар бойынша мұнай өңдейді. Бұл туралы компания басшыларымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Ал, бұған дейін «Атасу кентінде шағын мұнай өңдеу зауытының құрылысы» және «Юрта» жанар-жағармай бекетінің құрылысы» жобалары жөнінде аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ кеңес өткізіп, инвестор және жоба жетекшілерімен талқылап, пысықтаған болатын.

«Абылайхан» компания тобының басқарма басшысы Әмір Ысмағұлов осы зауыт құрылысы арқылы мұнай кластерін дамытатындықтарын айтады. Яғни, бұрғылап, мұнай алудан бастап, дайын өнімге дейінгі үрдіс үздіксіз жүргізіледі. Инвестор мен жоба авторлары көлік жолы инфрақұрылымымен бірге, кенттің әлеуметтік саласына назар аудармақ. Атап айтқанда, Атасу кентінде 800 адамға арналған тұрғын үй кешені, емхана, балабақша секілді әлеуметтік маңызы зор нысандар тұрғызылады. Баспана тек зауыт жұмысшыларына арналса, емхананың игілігін әлеуметтің әлжуаз тобы қоса көретін болады.

Әмір ЫСМАҒҰЛОВ, ««Абылайхан» компания тобының басқарма басшысы:

Атасу мұнай өңдеу зауытының өнімдері «Еуро-5» стандартының талабына сай болады. Сонымен бірге, компания Атасуда жұмыскерлеріне арналған тұрғын үй мен балабақша мен емхана салуды жоспарлауда.

Әмір Ысмағұлов зауыттың мұнай өңдеуде гидрокрекинг технологиясын қолданатындығын жеткізді. Бұл технология Қазақстанның бүгінгі мұнай өңдейтін үш зауытындағы технологиядан ерекше. Жаңа технология мұнайдан мейлінше таза өнім алуға мүмкіндік береді.

Ал, инвестор Рагунандан Баласубраманиан мырза инвестиция тарту алдында ол жобаның сол өңірге, экологияға, әлеуметке ықпалына зейін аударатынын айтады. «Барынша жағымсыз әсерлерді кемітуге тырысамыз» дейді ол.

Рагунандан БАЛАСУБРАМАНИАН, инвестор:

Біз стратегиялық инвестор болып табыламыз. Қандай да бір елге инвестиция құймас бұрын біз ең әуелі оның халыққа, сол елге, экологиясына қандай ықпалы барын жан-жақты қараймыз. Сөйтіп, барынша негативті жағдайларды азайтуға тырысамыз. Жалпы, энергетикалық жобалардың маңызы зор. Оған қоса, біз соңғы технологияларды әкелеміз. Әлеуметтік жобаларға да назар аударып, инфрақұрылымға ден қоямыз.

Жалпы, зауытта 800 адам нәпақысын айыратын болады. Ал, жанар-жағармай бекеттерін қосқанда, ұзын саны 1200 адам тұрақты жұмысқа тартылмақ. Зауыт құрылысына мердігер компаниялардан 3000-ға жуық құрылыс мамандары жұмылдырылады.

Айтпақшы, Әмір Ысмағұлов зауытта еңбек ететін мамандарды оқыту үшін кентте колледж ашу қарастырылатынын да атады.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button