«Мүмкіндіктер марафоны» мәреге жақын
Облыс көлемінде NEET санатындағы жастар саны жылдан-жылға кеміп келеді. Осы жылдың ақпан айында басталған «Мүмкіндіктер марафоны» аясында жұмыссыз жастармен атаулы жұмыс сәтімен жалғасуда. Бұған тілшілер қауымы Шахтинск қаласында ұйымдастырылған баспасөз турында көз жеткізді. Мұнда жастарды жұмысқа орналастыру, қысқа мерзімді кәсіптік курстар, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылып, бос орындар жәрмеңкелері ұдайы өткізіліп тұрады.
NEET буыны дегеніміз – жұмыс істемейтін, оқымайтын жастар легі. Термин алғаш рет Ұлыбританияда ХХ ғасырдың соңында қолданылған. Өз ісін ашуға мүдделі адамдар үшін Қарағанды облысы әкімінің және Шахтинск әкімінің гранттары көзделген. Осының арқасында қалада бірнеше жаңа кәсіпорындар, соның ішінде, логопедиялық орталық, шаштараз, сүт өнімдерін өндіру іске қосылған.
Мемлекеттік қолдауды Шахтинск тұрғыны Мария Шувурталова сәтті қолдана білді. Ол жас аналарға арналған босануға дайындық кабинетін ашқан. Эпидемиолог дәрігер ретінде доул курсын оқыған Мария «Бастау бизнес» бағдарламасының шарапатымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту дәрісінен өтті. Онан соң іле-шала көкейде жүрген ойын іске асырмақ болып, бизнес-жоспар құрған.
– Өткен жылдың қараша айында мен миллион теңгеге грант иемденіп, жобамды іске асыруға бірден белсене кірісіп те кеткенмін. Жүйелі жұмыс үшін қажет нәрсенің бәріне тапсырыс беріп, бірнеше айдан кейін арнаулы кабинет аштым. Таңданысыма орай, қолдағы қаражат сомасы барлығына дерлік жеткілікті болып шықты. Тіпті, қосалқы құрылғы да сатып алдым. Әу басында бизнес бастау қиын болды. Бірақ, мен мойымадым! Бүгінде жобам сұраныс иеленгеніне бек қуаныштымын. Білімім мен білігім арқылы аналардан алғыс алып жүремін! – дейді Мария Шувурталова.
Өз кезегінде Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығы жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешуге оң ықпал ете отырып, Мансап орталығымен тығыз жұмыс істейді.
– 1 қарашаға дейінгі дерекқорды сараласақ, аймақ бойынша жастар ресурстық орталығына 13 215 жас азамат жүгінген. Оның 673-і – Шахтинск тұрғыны. 11 950 адам жұмысқа орналастырылды. Әрқайсымен тегін заңгерлік және психологиялық консультацияларды қоса алғанда, жекелеген жұмыс жүргізіледі, – дейді Шахтинск қаласы Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Алексей Варзаев. – Биыл біз жұмыссыз жастар санының айтарлықтай төмендегенін байқап отырмыз. Бұл – аулаларды аралау, қоңырау шалу, қолжетімді бағдарламаларды түсіндірудің жарқын нәтижесі. Мұнымен бірге, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында оң динамика бар. Біз еш жерде оқымаған жұмыссыз жастарды лек-легімен Мансап орталығына бағыттап отырамыз. Ал, онда олар жұмысқа орналасудың қам-қарекетіне кірісіп кетеді.
Еске салайық, Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығы өз қызметін 2013 жылғы 12 ақпаннан жүзеге асыра бастаған. Жұмыстың негізгі бағыты – NEET жастарын анықтау және әлеуметтендіру. Осы санаттағы жастармен жұмыс кезінде олардың іргелі түйткілдерін шешуге назар аударамыз. Осы жұмыс шеңберінде әрбір жасқа бос жұмыс орындары ұсынылады. «Жасыл ел» жобасы шеңберінде жастарды жазғы жұмысқа жұмылдыру сынды мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асады. Бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал тобыңа жататын жастар жұмыс орынымен қамтылады.
Шахтинск Мансап орталығының директоры Рүстем Манаповтың айтуынша, бос жұмыс орындары жеткілікті. Бастысы – жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Қалада «Бірінші жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары табысты іске асырылуда. Осы бастамалардың арқасында көптеген жұмыссыздар, соның ішінде, жылу электр орталығы және «Шахтинскводоканал» сияқты іргелі кәсіпорындарда жұмысқа орналасты.
Шахтинск шаһары мен оған іргелес Долинка, Новодолинский, Шахан кенттерінде жастар саны 14 663 адамды, яғни, қала және оған іргелес кенттер халқының жалпы санының 25 пайызын құрайды. Оның ішінде 14 жастан бастап, оқушылар саны 2896 адамды, 24 жастан асқан студенттер саны 650 адамды құрайды. Жыл басынан бері NEET жастар дерекқорында 1157 адам болса, қазірде осы санаттағы жастар саны 573 адамға дейін кеміген. Бұл жұмыссыз жас өркендер жалпы санының 4,7 пайызын құрайды. Жұмыссыз жастар санының азаюына аулаларды аралау, деректер базасын өзектендіру мақсатында қоңырау шалу, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, әлеуметтік және ақпараттық қолдау, оқыту және демалысты ұйымдастыру ерекше ықпал еткен. Иә, жұмыссыз жан іздеген кілтипанын тап осы «бизнес» деген бір ауыз сөзден тауып жатады. 2021-2023 жылдар кезеңінде 49 грант алушы өзінің бизнес жобаларын іске асырып үлгерген. Оның ішінде, бүгінгі таңда 34 жоба өміршеңдігін дәйектеп, әлі күнге дейін табысты жұмыс істейді. Бұл жылы қараша айында жалпы сомасы 17 млн.теңгеге 17 грант берілді. Және жылма-жыл Шахтинск шаһарында қала әкімінің «Жастар» сыйлығы табысталып тұрады.
Атаулы сыйлық Шахтинск қаласының 14-35 жас аралығындағы жас азаматтарына «Жылдың үздік жоғары сынып оқушысы», «Жылдың жас спортшысы», «Колледждің үздік оқушысы», «Менің жеке үлесім», «Жыл еріктісі» номинациялары бойынша жастар арасында танылған жемісті ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметі үшін беріледі. «Жастар» сыйлығы 2013 жылдан бері өткізіліп, атаулы марапатқа 283 адам қатысса, оның 72-сі жас жеңімпаз атанды.
Бұдан бөлек, кәсіптік бағдар беру жұмысы үшін балалар үйінде де кездесулер жүргізіледі. Колледж студенттерімен кездесу барысында олар жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы уақытылы ақпарат алады. Әлбетте, ізіңнен қуған заманға сай болу де бүгін кім-кімге болсын тым оңайға соқпасы анық. NEET жастармен әлеуметтендіру мен жұмысқа орналасуға бағытталған «Мүмкіндіктер марафоны» жобасы бойынша атаулы жұмыс мәресіне бір табан жақындап келеді. Қалтарыста қалып қойған жасөспірімдер арасында әлеуметтік жұмыс белсенді жүргізілуде. Әрбір жаны ауырып, жігері мұқалған жасқа Шахтинск қаласының Мансап орталығына әрі кәсіпкерлік бөліміне жүгіну ұсынылады. Уақыты жетіп, кезегі келгенде орталық жанындағы заңгер мен психологтың тегін кеңесі де ырысқа кенелтері һақ. Тек осы жылдың 10 айында ғана жастар арасында 68 психолог және 62 заңгер консультациясы өткен. «Мүмкіндіктер марафоны» аясында ақпан-наурыз айларында Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының тізіміне 4 NEET жастар санаты іліксе, барлығы 151 адам анықталған. Аралау қорытындысы бойынша ресурстық орталық қызметкерлерімен 8 адам Мансап орталығына жүгінуге ниет білдірген. Оның ішінде 2 адам орталыққа жүгініп, біреуі аспаздыққа қысқа мерзімді курстан өтіп, ресми түрде жұмысқа орналастырылды. Ал, екіншісі «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылданған. Атаулы жұмыс барысында жастар орталығының қызметкерлері көмекке мұқтаж екі отбасын құрды. Бұл отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп, бақылауға алынды.
Мұқтаж адамдарды анықтау бойынша да жұмыс барысы тұрақты. Әуелгі сатысы, оларды анықтау кезінде азықтүлік жиынтықтарымен және киіммен қамтамасыз ету. Қолы қалт етіп, арзыған ырыздығы қылаң етісімен, азықтүлік жиынтықтарын қала тұрғындары мен еріктілер «Жақсылық себеті» жобасына жинауды әдет еткелі қашан. Жұмысқа мұқтаж жандарды толайым зерттеп, әлеуметтік-мәдени және рухани-адамгершілік бағытта жүргізілуде. Сөзімізді дәйектесек, шаһарда 76 спорт ғимараты, 31 спорт түрінен 200-ден астам спорт үйірмесі жұмыс істейді. Оған 3 жастан 18 жасқа дейінгі 5 100 адам қатысады. Шахан және Долинка кенттерінде жасанды жабыны бар көпфункционалды хоккей корттары орнатылды. Шахтинск қаласының аула аумақтарындағы футбол алаңдарының жасанды көгалдарын қалпына келтіру және ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жастар арасында діни және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бөлігінде жалпы саны 2301 адамды қамтитын 44 жалпы профилактикалық іс-шара өткізілді.
Атаулы іс-шараларға дөңгелек үстелдер (Рухани келісім күні, мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен түсіндірме әңгімелер), диалог алаңдары (діни бірлестіктердің басшыларымен кездесулер), азаматтардың нысаналы топтарымен: сотталғандар, діндарлар, әлеуметтік осал адамдармен әңгімелер мен кездесулер өткізілген. Осы бағыт бойынша жұмыс онлайн режимінде тікелей эфирлер өткізу және әлеуметтік желілерде материалдарды жариялау арқылы жүргізіледі.
Адами капиталды дамыту мақсатында 2024 жылдың 10 айында Жастар орталығы 530 іс-шара өткізді. Жалпы, 13968 адам қамтылса, оның ішінде, нашақорлықтың, буллингтің, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар нәтиже берген. Иә, ырыссыз қалмайын десеңіз, жұмыссыз жүрмеңіз. Бұл әдепкі ақиқат. Қаланың қоғамдық ұйымдарымен және қайырымдылықтарымен бірлесіп ұйымдастырылатын мүгедек жастар арасындағы жыл сайынғы таланттар фестивалін атап өткен де жөн. Биыл ол Қарағанды облысының түпкір-түпкірінен 150 қатысушыны жинады. Бұған қоса, қаржылық сауаттылықты, психикалық тұрақтылықты, отбасылық құндылықтарды дамытуды оқыту шеңберінде жұмысшы жастармен белсенді жұмыс жүргізіледі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz