Жаңалықтар

Мәліметі мол мәжіліс

Теміртау қаласының тарихи-өлкетану мұражайында Жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде «Сөзсіз.Үнсіздік» тақырыбында конференция өтіп, оған қала ардагерлері мен жастар, сол зұлмат заманның құрбаны болып, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен «Алашорда» қайраткері, жазушы, драматург Қошке Қемеңгеровтің жиен немересі Қарлығаш Рахымбекова, 10 жылға сотталған Ионас Валюкенас­тың қызы Алла Пимонова және зейнеткер ұстаз, жазушы, журналист Жұмағали Мағзиев қатысты.

Суреттер автордан

Конференцияны ашқан Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев: – Бұл кезең біз­дің халқымыздың тарихындағы қа­сіретті де қаралы жылдар. Қаншама зиялыларымыз­дың бейкүнә сотталып, атылып кет­кені ешқашан ұмытылмайды. Оларды мәңгі есте сақтап, тағзым етіп жүру үшін қаламыздан орнатылатын ескерткіштің тұғыртасы қойылса, енді, міне, қалалық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері де көп ізденіп, жинаған мол мәліметтерін сіздерге ұсынып отыр. Осыдан бүгінгі ұрпақ сабақ алып, тарихымызды терең танып, білуі тиіс, – деді.

Мұражай қызметкерлері кеңестік кезеңдегі жазалаушы органдар НКВД, ОГПУ мұрағаттарынан бізге беймәлім көптеген құжаттар мен деректерді іздестіріп тауып, соларды мұражайдың конференция өткен «Қала тарихы» залындағы инсталляцияға орналастырыпты. Олар анықтағандай, 1931-1953 жылдар ара­лығында РСФСР ҚК 58-бабы бо­йынша Теміртау қаласының (1945 жылға дейін Самарқанд кен­ті) 185 тұрғыны сотталып, соның ішінде 42 адам ең қатаң жазаға кесілген. Ал, тәркіленгендер, түрлі саяси және әлеуметтік себептермен жер аударылғандар немесе аштан өлгендердің саны әлі де анықтай түсуді қажет етеді. Тағы бір мәліметте 1946 жылы қала аумағындағы НКВД комендатураларының арнайы есебінде тұрған 18 373 адам мекендепті. Мұражайдың аға ғылыми қызметкері Татьяна Хмелева осы жайттардан хабардар етіп, солардың негізінде естеліктер кітапшасы мен экспозиция дайындалғанын мәлім қылып, бұл істің одан әрі жалғасатынын айтты.

Бұдан кейін сөз алған Қошке Кемеңгеровтің (1896-1937 ж.ж) жиен немересі Қарлығаш апайымыздың әңгімесі толқытпай қоймады. Ол әкесін ұстап әкеткенде 11 жасында жылап қалған, анасы Зайраның 2010 жылы өмірден өтерінде «НКВД» деп неше рет қайталап, күбірлегенін естігенімізде, еріксіз көзімізге жас келді. Өмір бойы дәрігер болып істеп, 1980 жылы Теміртауға отбасымен көшіп келген ол осы мұражайға Қошке әкесінің суреті мен ату жазасына кесілген, сосын ақталған қағаздарының көшірмелерін тапсырып, олар да экспозицияға кіріпті.

Тағы бір қуғын-сүргін құрбаны Ионас Валюкенас өз елінде кеңес өкіметіне қарсы күрескен Литва партизандарына жәрдем бергені үшін тұтқынға алынып, «Халық жауы» ретінде 10 жылға сотталып, соның 9 жылын Қарлагта өткізген көрінеді. Содан 1955 жылы ақталып, босап шыққан соң, Отанына оралу құқығы болмай, осында қалып қояды. Мұнда Алланың анасымен отау құрып, осы қызы мен ұлын өсіріп, дүние салады.

Тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген қаламгердің бірі Жұмағали ағамыз өзі жасаған баяндамасында сол жылдардың сорақы сұмдығын жайып салып, оның енді қайталанбауын тіледі.

Конференцияға қатысушылар алдында қалалық Мәдениет сарайындағы «Баршын» қазақ көркемөнерпаздар театрының артистері Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тұтқында тергеу сәтінен көрініс жасап, көрсетті.

Мәліметі мол мәжіліс соңынан оған қатысушылар мұражай залында орналасқан экспозицияларды, сол сұрқай кезең шындығын суреттейтін заттар қойылған инсталляциямен танысты.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button