Ресми

Мүлік салығын мүлт жібермеңіз

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жалпыға бірдей декларациялаудың өзекті мәселелері қаузалды. Әсіресе, жекелеген тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі мен тәртібі ойталқының өзегі болды. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері Бақытгүл Ботпаева, Алтынай Байдалина тақырыпқа егжей-тегжейлі тоқталды.

Сурет: altainews.kz сайтынан

Бұдан бұрынырақ ақпарат айдынында жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталғандығы хабарланған еді. Үшінші кезең декларанттарына заңды тұлғалар, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары жатады. Алдын ала ұсынылған мәліметтер тізбегіне көз жүгіртсек, табысты растаудың бұл кезеңінде облыс бойынша декларацияны 142,5 мыңға жуық жеке тұлға тапсырады деп күтілуде.

Қаперге салсақ, декларацияда шетелдегі келесі активтер көрсетілуі міндетті. Атайық: жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, өзен-теңіз жүзу кемелері, Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі, шетелдік банк есепшоттарындағы ақша барлық банктік салымдар бойынша жиынтығында 1000 айлық есептік көрсеткіштен (3 450 000 теңге) асатын сомада.

– Бұған қоса, декларацияда Қазақстанда немесе шетелде мынадай мәліметтерді көрсету қажет: тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, сандық активтер, инвестиция­лық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық нысандары, қолма-қол ақша 10 000 айлық есептік көрсеткішке дейін (34 500 000 теңге), оның ішінде банк ұяшықтарында, жеке тұлғаның нотариалды куәландырылған қарыз шарттары. Қалауы бойынша құны 1000 айлық есептік көрсеткіштен (3 450 000 теңге) асатын кез келген мүлікті – мәдени құндылықтарды, зергерлік бұйымдарды, антиквариатты, биологиялық активтерді көрсетуге болады,– деп нақтылап өтті Бақытгүл Байдашқызы.

Бірақ, мұндай мүлікті тәуелсіз бағалаушы тарапынан 2023 жылдың 31 желтоқсанына бағалау аса қажет. Айта кету керек, декларация активтер мен міндеттемелер болмаған жағдайда да алға тартылмақ. Барлық салық есептілігі сияқты, әрбір азамат кез келген орын алған қателік пен дәлсіздікті талап қою мерзімі ішінде қосымша декларация беру арқылы түзеп қайтадан ұсынуға құқылы. Бұл арада салық төлеушіге мейілінше ыңғайлы болу үшін барлық мемлекеттік кірістер басқармаларында жол жөнекей туындаған сауалдарға жауап алуға және декларацияны толтыруға көмек алуға болатын консультациялық орталықтар құрылды.

Қордағы актив пен міндеттеме туралы декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті» (kgd.gov.kz), «Электрондық үкімет» порталы, E-Salyq Azamat, eGov.mobile мобильді қосымшалары арқылы 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде электрондық түрде жөнелтуге болады.

Тілшілердің облыс тұрғындарының һақына қатысты түрлі сауалдарына қос спикер сенімді де байсалды қалыпта жауап қатты. Әсіресе, алақанымыздағы ұялы телефонның кең мүмкіншілігі арқылы тапсырманы тастүйін шеше салғысы келетін жандар үшін бірнеше керек кеңес те айтып өтті.

– Иә, түрлі электронды қолданба арқылы қолымыз қалт еткенде мәлімет енгізе салуға санамыз даяр тұратын болды бүгінде. Оның үстіне уақыты тым таяп қалғанда ошарылып, әрнені қармап қалатын ғадетімізді де әсте жоққа шығара алмаспыз. Сондықтан, назарыңыз­ға E-Salyq Azamat қосымшасының артықшылығын айта кеткенді мақұл көрдік. Ұтымды жері атаулы бағдарлама жөнді-жөнсіз электронды қолтаңба талап етпейді. Мұның өзі жүгіңізді жартылай жеңілдетеді. Есіңізде, иә болмаса, телефоныңыздың жадында ЖСН болса, әбден жеткілікті. Өзіңіз қолданып көріңіз, – деп ұсынды Алтынай Кенжеболатқызы.

Биыл облыс бойынша барлығы 300 мыңға жуық адамның табысын жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде активтер мен міндеттемелер, жеке табыс салығы туралы декларацияны тапсыруы күтілетінін ескере отырып, дүрбелең тудырмас үшін облыс тұрғындарын декларацияларды тапсыруды кейінге қалдырмауға үндеді департамент өкілдері.

Келесі өзекті мәселе – ол жеке тұлғалардың көлік салығының төлеу мерзімі және тәртібі. Салық кодексінің 490-бабына сәйкес, көлік құралдары салығын төлеушілерге меншік құқығында салық салу нысаны бар жеке тұлғалар жатады. Салықтан, келесі тұлғалар төлеуден босатылады: ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлері әрі соған тенестірілген тұлғалар, «Халық Қаһарманы», үш дәрежелі Даңқ және «Отан» ордендерінің, көпбалалы аналар, «Батыр ана», «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» мемлекет марапатына ие тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі жандар ресми түрде босатылады. Яғни, жоғарыда тізімделген тұлғалардың әрқайсысы бір көлік салығынан босатылады. Келесі: фермер қожалығының басшысы және шаруашылық мүшелері арнаулы салық режимі негізінде қызметте қолданатын әрқайсысы бір жолаушы және жүк көлік салығынан босатылады. Бұған нақтырақ көз жеткізу үшін мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталындағы «Электрондық қызметтер» – «Көлікті есептеу» бағанында орналасқан «Калькулятор» қызметін қолдана отырып, көлік салығының көлем-мөлшерін өзіңіз есептей аласыз. Есептеу амалы уағында темір тұлпарыңыздың қозғалтқыш көлемін әрі иелік ету мерзімін атап көрсеткен дұрыс. Бастабында спикерлер атап өткен E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы да есептей аласыз. Ол үшін AppStore немесе РlayMarket-тен жүктеп алыңыз. Солайша, жеке тұлғалар көлік салығын 2024 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша төлеу қажет.

Осы жылдың наурыз айында мемлекеттік кірістер комитеті көлік құралдарына салынатын салық сомасын есептеді. Аталған сомалар kgd.gov.kz порталында «алдағы төлемдер сервисі» бөлімінде, сондай-ақ, E-Salyq Azamat мобильді қосымшасында және екінші деңгейдегі банктерде жарияланды.

Көлік салығын төлеу мерзімі аяқталғанға дейін санаулы күндер қалды. Сондықтан, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық міндеттемесін уақытылы және толық көлемде орындауға шақырды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button