Мәйіттік донор: қорқатын емес, қолдайтын жоба
Трансплантациядағы ең өзекті мәселелердің бірі – күту парағындағы трансплантациялауды қажет ететін адамдардың көптігі «мен донор болайын» деушілердің аздығы. Мемлекеттің денсаулық сақтау стратегиясында азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту мақсаты тұр. Бұл – «Дені сау ұлт» ұлттық жобасынан күтілетін нәтиженің бірі. Осы мақсатқа жетуде мәйіттік трансплантация мәселесі де өзекті.
Біздің елімізде донорлық трансплантация саласы қарышты дамуда деп айта алмаймыз. Барлық мәселе өлімнен кейінгі мәйіттік донорлықта. Әрине, кейбір жағдайларда науқасқа туыстары немесе жақындары донор бола алады. Ал кейде олар да сәйкес келмеуі ғажап емес. Бұл жағдайда адам үшін жалғыз мүмкіндік – қайтыс болған донордың трансплантациясы.
Қазақстанда мәйіттік трансплантация тоқырап тұр. Мәселен, қаншама жас адамдардың жол апатына ұшырағанын немесе инсульт алғанын естіп жатамыз. Мидың өлімі орын алса да, қалған мүшелер қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Жүрек соғады, бүйрек, бауыр өз қызметін атқарады, тек ми өлі. Олар осы қалпында біраз уақыт тұрады, бірақ белгілі бір уақыттан кейін адам қайтыс болады. Өкінішке қарай, біздің елде күн сайын ондаған адам төтенше жағдайлардан қайтыс болып жатады. Статистика бойынша өткен 8 айда Қазақстан бойынша 18-62 жас аралығындағы 2 579 адам қайтыс болыпты. Олардың барлығы бірдей демей-ақ қояйық, бірақ, біразы мәйіттік донор бола алатын еді. Бір сондай донор 4-8 адамға өмір, жақындарына үміт сыйлай алады. Бүгінгі күні ағзаларды трансплантациялаудың күту парағында 3 953 адам тұр. Оның ішінде 128 бала бар.
Біздің еліміздің статистикасына сәйкес, бүгінгі күні барлығы 161 орган трансплантациясы жасалды және қайтыс болғаннан кейінгі донордан тек 3 жағдай ғана тіркелген.
Қазақстанда адам қайтыс болған жағдайда органдарды алуға қатысты келісім презумпциясы бар. Заң дәрігерлерді қайтыс болған адамның туыстарынан органдарды алу туралы келісім алуға міндеттейді. Елімізде Egov порталында кез келген адам көзінің тірісінде трансплантациялау мақсатында қайтыс болғаннан кейін органдардың немесе тіндердің бір бөлігін беруге келісім немесе бас тарту еркін білдіре алады. Бұл ерікті донорлық жайлы емхана дәрігерлері келушілерді құлағдар етеді, әлеуметтік желілерде жарияланады. Бірақ, біздің тұрғындар әртүрлі себептермен бас тартады.
АҚШ, Еуропа елдерінде, жақын шет елдерде мәйіттік донорлық жайлы жоғары ақпараттандырудың, оның маңызын түсіну деңгейінің арқасында тұрғындардың 90%-ға жуығы қайтыс болғаннан кейін органдарын беруге келісім білдіреді. Мысалы, Испанияның әрбір азаматы әлеуетті донор болып табылады. Бұл елдегі трансплантология өзінің даму деңгейі бойынша Еуропада бірінші орынға шықты.
Елімізде 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, стационарлық және аймақтық трансплантация үйлестірушілері бар. Мәйіттік донорлық мәселелері медициналық-құқықтық салада да, жалпы әлемдік қоғамдастық, оның ішінде Қазақстан үшін де өзекті мәселе болып тұр. Адам өмірін құтқару әдістері әлеуетті донорларды анықтаудың, қайтыс болғаннан кейін ерікті донорлыққа ынталандыруды көздейтін әлеуметтік-бағдарланған биоэтикалық тәрбие саясатын жүргізудің нақты құрылған жүйесінде өз көрінісін табуы керек. Қоғамда мәйіттік орган донорлығына «қорқынышты» емес, түсінушілік көзқарас қалыптастыру қажет. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтауындағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Олай болмағанда күту парағындағылар сол күйі қала береді.
Шолпан ҚАУЫНБЕКОВА,
Қарағанды облысы бойынша аймақтық трансплантация үйлестірушісі.