Рухани жаңғыру

«Мәңгілік Ел» идеясының тамыры тереңде

Қазақ мемлекеті тәуелсіздігін жариялағаннан күннен бастап, арғы бабаларымыз – көне түркілердің көксеген арманын жүзеге асыру мақсатымен «Мәңгілік Ел» идеясын берік ұстанып келеді. Тәуелсіз Қазақ мемлекеті Ұлы Даланың мұрагері, көк түріктердің тікелей ұрпағы ретінде «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғыртуы – заңдылық әрі патриоттық парыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді.

…Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел», – деген еді. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы – тәуелсіз Қазақ мемлекетінің нық қағылған қазығы, ұлт болашағына бағдар болар озық ой. Бір кездері жарты әлемді уысында ұстаған Көк түріктер империясы ту етіп көтерген, абыз Тоныкөк, ұлы қаған Күлтегін негізін қалаған, мәңгі ел құндылығы бүгін, міне, осылайша, Қазақ мемлекетінің ұлттық идеясына айналды. Мұны бүгінгі Қазақ елімен мәңгі жасауы тиіс идея деп түсінген дұрыс. «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін…».

Мұны мемлекеттің ішкі және тысқы саясатынан туындайтын қауіп-қатерге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс қабілетін күшейту деп түсінуге болады. Тоныкөк жазуында мемлекеттің ғұмырлы болуы үшін ел тізгінін ұстағандар мен халықтың бірлігі, сөз бен істің жарасым табуы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың ұйытқысы болу қажеттігі түпкі мақсат ретінде айтылады. Сонымен қатар, бұл жазбаларда жерін қорғау, мемлекеттi күшейту, халықтың жойылып кетпеуi қысқа да нақты ой-түйіндермен тұжырымдалады. Елдiк мұрат, ерлік дәстүр, сондай-ақ, мемлекет құру, ел басқару ісіне дейінгі ұстанымдар баяндалады. Күлтегiн, Тоныкөк жазуларындағы осындай идеялардың үзілмеген желісі сан ғасырды артқа тастап жыраулар шығармаларында жалғасын тапты. Оларды Күлтегiн, Тоныкөк жазуларындағы пікірлермен байланыстыратын идеялық бірлік бар. Ол – елін, жерін сыртқы жаулардан қорғау идеясы. Бұл идея уақыт рухымен үндесіп, жыраулар поэзиясының өзегіне алынып келді. Қазақ жерін құтты мекенге, Жерұйыққа айналдыруды армандаған Асан Қайғының Жәнібекке, Шалкиіздің Би Темірге, Бұқардың Абылайға қарата айтқан арнау-толғауларында хандық билікті күшейту, елдің бірлігін нығайту, қорғаныс қабілетін арттыру қажет екені насихатталады. Олар тәуелсіздікті сақтап қалу үшін елдің бірлігін мығым ете түсетін біртұтас идея, алға жетелейтін мақсат-мұрат болу керектігін жақсы түсінді. Сондықтан, елдің бірлігін сақтауды көздеп, халықтың қамқоры бола білді. Демек, жыраулардың ой-толғамдары, олардың ұлттық рух пен елдік сананы жаңғырту идеясы қазірдің өзінде де күшін жойған жоқ. Ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу тұрғысынан олардың мұрасы өз мәнін жоғалтпақ емес. Дешті Қыпшақ даласын түгел шарлаған Асан Қайғы мен Бұқарға дейінгі рухани кеңістікті «Мәңгілік Ел» сарыны байланыстыратыны анық. Олардың идеялары көк түріктер көсемі Тоныкөк ұсынған Мәңгілік Ел идеясы философиялық түйіндер бір өркениеттің, дәлірек нақтылағанда, арғы бабаларымыздың өмір сүру ғұрпы қалыптастырған бір дүниетанымның жемісі. Жыраулардың үлгі-өнегесі, бар болмысы мен арман-мүддесі Махамбет шығармаларынан жаңғыра көрінді. Ол жыраулар поэзиясының дәстүрімен ұлт бостандығы мен тәуелсіздігін аңсаған жырлар туғызды. Қолға қару алып, күресу, сөйтіп, азаттық алу, әділдік орнату қажеттігін жырлады. Тәуелсіздік рухының Махамбет өлеңдерінің өзегіне айналуы, ұлт бостандығы мен бодандықтан азат болуды аңсаудан туған идея еді. Ұлт мұратын, азаттық ұранын, тәуелсіздік талаптарын кең көлемде жырлап толғауынан Махамбеттің өршіл рухы, азаттық үшін алысқан күрескер ақын болғандығы аңғарылады. Махамбетпен замандас, бір мезгілде өмір сүрген Дулат Бабатайұы да ел тағдырына, оның болашағына қатты алаңдап, қазақ қоғамының бар шындығын еш бүкпесіз, айна-қатесіз көрсетті. Ресейдің отарлау саясатының бұрынғыдан да күшейе түскенін барынша шыншыл бейнеледі. Қоғамның кескін-келбетін, отарлау саясатынан туындаған қайғы мен қасіреттің зардабын түсінген Дулат ұлт мүддесі үшін терең толғанды. «Батыстан патша түнегі, Жеріңе келіп, түнеді. Ішіңе әбден енеді, Жоныңнан таспа тіледі, Мұны да Дулат біледі». Шортанбай да өз халқының тағдырын ойлап, қатты қамықты. «Су түбіне кеттің жұрт, тал табылмас қармауға» деп тығырықтан шығар жол таппай дағдарған халқының қамын ойлап, уайым-қайғы жейді. Ел ертеңін ойлап, оның болашағына алаңдайды. Қазақтың ұлттық «менін» жоғалтпай өмір сүруін армандайды. Махамбет, Дулат, Шортанбай шығармалары ұлтты біріктіруші идея ретінде ұлттық мүддеге қызмет жасай береді. Тұжырым-түйіндеулері ұлттық ой-идеялардың өркендеуімен сабақтасып жатты. Олардың ел мен жер тағдырын үзбей жырлауы ұлттық идея мен тәуелсіздіктің маңызын арттыра түсті. Тәуелсіздікке апаратын даңғыл жол оқу-білім деп түсініп, «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар» сияқты өлеңдерінде Ыбырай ғылым-білімді дамытуды насихаттайды. Білім, ғылым игеруді ол қазақтың ұлттық мүддесімен, тәуелсіздік рухымен байланыстыра өрбітеді. Ыбырай «…мұнымен, оқушылар мектебінің келешегін ғана емес, онымен қабат жалпы орыс-қазақ мектептерінің бәрінің де келешегін мүлдем бүлдіріп алуымыз мүмкін ғой», – дейді.

Бұдан Ыбырайдың халқының болашағына алаңдағанын көреміз. Келешекте ел тізгінін ұстар жастардың білімді, өнерлі болып өсуін, ұлттық болмысын жоғалтып алмауын қалайды. Халқының өзіндік мәдениеті дамуын аңсайды, тілінің бөтен тілмен шұбарланбай таза болғанын тілейді. «Моллалар өздерінің адам басын қатыратын ерекше қасиеттерінің үстіне, қазақтың табиғи тілін де бұзып жүр» деп реніш білдіреді. Тіл тазалығына, оның бөтен, былғаныш сөздермен шұбарланбауына қатты мән берген. Халықтың мәңгі өмір сүруінің кепілі тілде екенін ұғынған Ыбырайдың пікірі бүгінде өзекті. Тіл туралы Ыбырайдың жасаған түйіндеулері бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен үндеседі. Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Сол себепті, ол толғаған ұлттық мәселелердің түйіні мәңгі ел болудың кепілі. Қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси және территориялық тұтастығынан айырылған тұсында өмір сүрген Абай «Бөліп ал да, билей бер» саясаты туындатқан қоғамдық ахуалды «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты өлеңінде жақсы байқатты. Қазағының қамын ойлап егілді. Сол үшін кем-кетікті аямай сынау арқылы қоғамды түзетуді ойлады. Абай қазақтың ұлттық идеясын саяси тұрғыдан ширатып, нығайта түсті. Оның ұсынған елді біріктіруші ұлттық идеясы қазақ елін тың бастамаларға жетелеп, ұлттық сезімін күшейте берді. Сөйтіп, Абайдың рухани әлемі «ұлт идеясын» қалыптастыруға ерекше қызмет етті. Рухани-мәдени кеңістігіміздегі Ахметтің, Міржақыптың, Мағжанның дәстүрлі дүниетанымы «ел-жұрт» идеясының авторы Абайдың ой-пікірлерімен үйлесім тапты. Бұлардың ел, жұрт, қоғам туралы ой-толғамдары бір арнада тоғысып отырады. Олардың ұлттық идеяларының жетілу жолының күретамыры ұлы Абайдың эстетикалық әлемінде жатыр. Ұлтазаттық қозғалыстың идеялары Ахмет, Міржақыптардың шығармаларынан нақты байқалса, оның көркемдігі кемел көрінісі Мағжан туындыларына тән. Өзінің табиғи қабілетімен, асқан рухани парасатымен танылған Мағжан түркі мемлекеттерінің бұрынғы даңқы мен бүгінгі түркілердің төмендеген рухын қайта көтеруде тарих тереңіне үңіліп, түрікшілдікті жырлады. Оның ұлтқа қызмет етуі мен түрікшілдікті насихаттаған идеялары «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Түркістан» өлеңдерінің идеялық мазмұнынан жақсы байқалды. Міне, осындай ұлттық дүниетанымынан туған өлеңдер ақын санасының өсуімен, тәуелсіздік идеясымен тікелей байланысты болды. Оның ақындық табиғаты ұлт-азаттық идеяны жырлауға бейім тұрды. Бұл бағыт – қазіргі таңда түркі халықтарына ортақ идея ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көне түркілерден бастау алған Мәңгілік Ел идеясы Мағжан шығармашылығы арқылы қайта жаңғырып, тәуелсіз еліміздің рухани тұрғыдан тұрақты даму ресурсына айналып отыр. Ахмет, Міржақыптардың дүниетанымында да тәуелсіздікке ұмтылған, Мәңгілік Елді орнатуға деген құштарлық жатты. Ел ертеңінің жарқын, бостандығы мен болашағының баянды болғанын армандап өтті. Ел тәуелсіздігін жырлаудан туған рухты ой-пікірлері ұлттық идеология дәрежесіне көтерілді. «Оян, қазақ!», «Маса» өлеңдер жинағы ұлттық рух пен ұлттық сананың қайта жаңғыруына айрықша әсер етті. Санаға сәуле түсіріп, халықтың рухын оятты. Тәуелсіздік үшін күреске үндеу, ұлттық сананы ояту, сонымен қатар, туған халқының тағдырындағы қиындықтар мен ауыртпалықтардың сырына үңіліп, оның әлеуметтік шындығын дөп басып көрсеткен шығармалар өзінің идеялық-тақырыптық сипатын бүгін де жойған жоқ.

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты», – деді Міржақып.

«Кей істің шарты құрбанмен, Болмас, қорқып тұрғанмен», – деді Ахмет.

Осы тұста ұлттың санасын қоғамдық-саяси ахуалға аудару, бұғауға түскен елді азаттық үшін күреске үндейтін шығармалар қажет екенін Алаш арыстары жете түсінді. Сол себепті, олар халқын ашық күреске шақырды. Тәуелсіз ел болу идеясы олардың өлмес рухын көрсетіп, ақындық құдірет-күші тәуелсіздіктің ұлы рухы болды. Ұлт-азаттық идеясын орнықтырды. Бұл идея мәңгілікке жалғасын тауып, жаңғырып отыратыны ақиқат. Қорыта айтқанда, Күлтегін, Тоныкөк негізін қалыптастырған «Мәңгілік Ел» идеясы ақын-жыраулардың толғауларында жалғасын тауып, ұлы Абайдың көркемдік әлемімен үндесіп, одан әрі Алаш арыстарының шығармашылығына ұласып, осылайша, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Елінің дербестігі мен территориялық тұтастығын аңсаған «Мәңгілік Ел» идеясы бүгінде жүзеге асты. Ал, бұл идеяны ұстану ұлттық тұтастыққа шақырып, мәңгі тәуелсіз ел болуға үндейді. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы – бүгінгі Қазақстанның басты идеяларының бірі болуы тиіс. Сол себепті, ол халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

Мейіржан ТАПАШЕВ, филология ғылымдарының кандидаты, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің доценті.

Басқа материалдар

Back to top button