Мүгедектер жәрдемақысы үзілмейді
Төтенше жағдайға байланысты көптеген қызмет түрлері электронды форматқа ауысты. Осыған сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы негізінде мүгедектігіне орай жәрдемақы алатындар үшін Дәрігерлік-еңбек сараптау комиссиясы (ДЕСК) мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Ал, мүгедектікке өту электронды форматта жүзеге асатын болды.
Қарағанды облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алуға ниеттенген жандар құжаттарын «egov. kz» сайты арқылы жолдауына болады. Ол үшін «Электронды үкімет» порталына кіргеннен кейін төмендегі тәртіпті ұстану керек:
1) Қажетті қызметті алу үшін өтініш толтыру (1-ші қосымша).
2) Дәрігерлік-әлеуметтік сараптамасының өтініші мен жолдамасын (қорытындысын, 088-ші форма), ауру тарихының көшірмесін сканерлеп, не болмаса суретке түсіріп жіберу қажет.
3) Өтініште (1-ші қосымша) көрсетілген қосымша құжаттардың суретін жіберіңіз.
4) Веб-порталдағы электронды өтінішті толтырып, қажетті электрондық файлдарды (сканерленген құжаттар мен суреттердің сапасына назар аударыңыз) тұрғылықты мекен-жайыңыздағы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің бөлімдеріне жіберіңіз.
5) ЭЦҚ (ЭЦп) арқылы қол қоясыз.
Жауап қызмет алушының ұялы телефонына сМс-хабарлама түрінде беріледі. Ал, бұрыннан жәрдемақы алатындар үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 бұйрығына сәйкес, қайта куәландыру мерзімінің уақыты ұзарды. Ондағы тәртіп бойынша мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеуді МӘс бөлімдері «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен (нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10589 болып тіркелген) бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес, куәландырылатын адамды мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде бақылап тексеріп, бір жылдан аспайтын мерзімге сырттай жүргізеді.
Қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзім ішінде және осы уақыт аралығында келген адамдарға мүгедектіктің, жалпы және кәсіптік еңбек ету қабілеттерінен айырылу дәрежелерінің және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының мерзімдері төтенше жағдай орын алған кезеңде автоматты түрде ұзартылады.