Қарағандылық оқытушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, білім беру саласында адалдық қағидаттарын орнықтыру, оқытушылар мен студент жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру айрықша маңызға ие. Бұл бағытта Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде жүйелі әрі кешенді жұмыстар атқарылып келеді.

Қуанта кететін жайт – Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 12 тамыздағы Жарлығымен университетке ұлттық мәртебе берілді. Бұл – оқу ордасының негізін қалаушы, тұңғыш ректор, академик Е.Бөкетовтің туғанына 100 жыл толған тарихи кезеңмен тұспа-тұс келген ерекше оқиға. Ұлттық мәртебе – ұжымның көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, сонымен қатар, білім мен ғылым сапасына, академиялық адалдық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат талаптарына сай болуға жүктелген үлкен жауапкершілік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресті ел дамуының басты басымдығы ретінде бірнеше рет атап өтті. Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған «Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» қағидаты бүгінде барлық сала үшін бағдарға айналды. Ал, 24 қазанда Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы бұл ұстанымды одан әрі нақтылай түсті: «Жемқорлықпен күрессіз Әділетті Қазақстан туралы айту қисынсыз».
Осы идеялар 2025 жылғы 5 қарашадағы Президент Жарлығымен бекітілген ішкі саясаттың негізгі қағидаттарында да көрініс тапты. «Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің іргетасы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты алғышарт ретінде айқындалды.
Бұл құндылықтарды қоғамға сіңіруде университет оқытушылары мен ғалымдарының ағартушылық қызметі айрықша рөл атқарады. Жастар саясаты – жоғары оқу орнының негізгі бағыттарының бірі. Университетте патриоттық тәрбие, мемлекеттік рәміздерге құрмет, жауапты азаматтық мәдениет жүйелі түрде дамытылып, студенттердің волонтерлік және әлеуметтік жобаларға қатысуы ынталандырылуда. Сонымен қатар, девиантты мінез-құлықтың алдын алу шаралары да тұрақты түрде жүргізіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, тәуекелдерді анықтау және оларды жою – университет қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта бакалавриаттың барлық білім беру бағдарламаларына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негіздері» атты элективті курс енгізілген. Бұл пән студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, адалдық пен нөлдік төзімділік қағидаттарын берік ұстануына ықпал етеді.
Университетте корпоративтік этика кодексі, Корпоративтік басқару кодексі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, Стандарт, Нұсқаулық, Тәуекелдерді басқару саясаты секілді бірқатар нормативтік құжаттар әзірленіп, қолданысқа енгізілген. Академиялық адалдық және корпоративтік этика жөніндегі кеңестер жұмыс істеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Маңызды қадамдардың бірі – университеттің 2023 жылғы 19 наурызда Академиялық адалдық лигасына қосылуы. Бұл сапалы әрі ашық білім беру жүйесін нығайтуға жол ашты. Сонымен қатар, цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Соның жарқын үлгісі – университет ғалымдары мен ІТ мамандары бірлесіп әзірлеген LEGALEXPERT.KZ құқықтық көмек көрсету платформасы. Бұл жоба бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылып, азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділдік қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
2022 жылдың маусым айынан бастап, университетте Директорлар кеңесіне тікелей есеп беретін, тәуелсіз мәртебеге ие сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі жұмыс істейді. Оның негізгі миссиясы – қызметкерлер мен білім алушылардың заңнаманы сақтауын қамтамасыз ету, алдын алу шараларын үйлестіру және адалдық мәдениетін насихаттау.
Факультеттер мен бөлімшелерде тұрақты түрде лекциялар, кездесулер, тренингтер, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Студенттер облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен және «Antikor» ағартушылық пулынан шақырылған лекторлармен кездесулерге белсенді қатысады. Комплаенс-қызметі әдістемелік материалдар әзірлеп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Университеттің бұл бағыттағы жұмысы «Жастар Әлемі – Мир Молодежи» өңірлік студенттік газетінде тұрақты жарияланып тұрады. Комплаенс-қызметі сыбайлас жемқорлық тақырыбында алты арнайы шығарылым дайындаған.
Дәстүрге айналған «Таза сессия», «Адалдық сағаты» акциялары, кураторлық сағаттар, интеллектуалды «Брейн-ринг», «AntiParaGraft» интерактивті квест-ойыны, дебаттар, эссе және видеороликтер байқауы – мұның барлығы жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Студенттер мен қызметкерлер үшін «Ыстық желі», сенім телефондары, университет басшылығы мен комплаенс-қызметінің блогтары жұмыс істейді. Бұл жедел байланыс пен кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – ең алдымен, құндылық бағдарларын жүйелі қалыптастыруға байланысты. Осы мақсатта университетте әділ, ашық әрі адал орта қалыптастыру үшін ғылыми-білім беру процесінің барлық қатысушыларының күш-жігері бір арнаға тоғыстырылуда.
Василий ОЛЕЙНИК,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы



