Жаңалықтар

Мәдениет саласы жаңғыруда

    2016 жыл мерейтойларға толы жыл болды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және Қарағанды облысының 80 жылдығы болғандықтан, Қарағанды облысы мәдениет, өнер және архивтер мекемелерінің іс-шаралары негізінен осы мерейтойларға арналды.

    Қарағанды облысының мемлекеттік мәдениет және архивтер нысандар желісі 675 нысанды құрайды. Оның ішінде 323 кітапхана, 271 клуб типтес ұйым, 21 бейнемобиль, 5 театр, 20 музей, 20 архив, 2 концерттік ұйым, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы, 7 мәдениет және демалыс саябағы, кинопрокат, кинотеатр, көрме залы және хайуанаттар бағы бар.

    Өткен жылы театрлар көрермендер назарына 1652 спектакль ұсынды, оның ішіндегі 30 жаңа қойылым классикалық және жаңа шығармалар. Облыстың концерттік қызмет және музыкалық өнерінің дамуына зор үлес қосатын 2 концерттік ұйым жұмыс жасайды. Олар Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік және Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясы. Жалпы, 2016 жылы 2 концерттік ұйым облыс тұрғындарының қажеттілігіне орай 1223 концерт өткізді.

   Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында өркениет құндылықтарының дағдарысын атап кетіп, мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға шақырады. Осындай диалогтарға облыстың театр және концерт ұйымдарының, көркемөнерпаздар ұжымдарының гастрольдік қызметі өз септігін тигізді. Жыл бойы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Анкара қаласында Тәттімбет Қазанғапұлы бюстінің ашылуына орай Түркияның бірқатар қалаларында гастрольдік сапарлармен болып қайтты.

    2016 жылдың 9 мамырында БАӘ Дубай қаласында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған іс-шаралар болып өтті.

    ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 2016 жылдың 31 наурыз-1сәуір аралығында Кеншілер мәдениет сарайында жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің ХX облыстық “Жас қанат” конкурсы өткізілді.

    21 қарашада «25 жұлдызды күн» акциясы аясында Қарағанды облысының музейлері Кеншілер мәдениет сарайында «Қарағанды облысының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі» көрмесін ашты.

    Облысымызда Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өтті. Ақтоғай жерінде 2016 жылдың мамыр-шілде айларында Ә.Бөкейханның туған қыстауын атамекендік мұраға бейімдеп жабдықтады. Қарағанды қаласында 2016 жылдың наурызында Алаштың арысы Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арналған облыстық дөңгелек үстел өткізілді. Шілде айында Ұлытауда «1916 жылғы Ұлытау – азаттық қозғалысының маңызды орталығы» атты облыстық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. 27 қыркүйекте Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына байланысты «Алаштың айбын ардағы» тақырыбында театрланған концерттік бағдарлама және Е.Төлеубайдың «Әлихан» драмалық спектаклі көпшілік назарына ұсынылды. 16-24 қыркүйек аралығында Алаш арысының құрметіне «Қыр баласы жүрген жолдармен» атты Торғайдан – Тоқырауынға дейін этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандарын, сонымен қатар, Қарағанды облысының Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай аудандарын қамтыды. 26 қыркүйекте Теміртау тарихи-өлкетану мұражайында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Великие люди тысячелетия» атты тарихшылардың дөңгелек столы өткізілді. Әлихан Бөкейханның ата-бабалары жатқан «Талдыбейіт» қорымында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сонымен қатар, туған жері Жекежалда мемориалдық белгітас орнатылды. Туған қыстағы қоршауға алынып, мемлекеттік қорғау тақтасы орнатылды. Облысымыздың 323 кітапханасында, 20 музейінде және 20 архивінде жылдың басынан Ә.Бөкейханның мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар өткізілді.

   8 желтоқсанда Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негіздері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға Алаш қайраткерлерінің сан салалы қоғамдық қызметін, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының шежіресін, сонымен қатар, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыс тарихын зерттеген шетелдік және отандық ғалымдар мен тарихшылар қатысты.

   Мәдениет саласы қызметіндегі басты бағыттардың бірі – құнды тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеу. Бүгінде облысымызда 2 700, яғни, 22 республикалық, 1538 жергілікті дәрежедегі, 1140 алдын ала есепке алу тізімінде ескерткіштер бар. Тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында Ақтоғай, Ұлытау, Жаңаарқа, Нұра және Шет аудандарында Шағала, Биғабыл, Бұзау, Қарамола, Аманбай, Аманжол кесенелерінде, Сағал мазарында, Атасу аймағындағы қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің кесенелері мен қорымдарында, Шаңтимес қорымдарында, Теректі некрополь кесенесінде, облыстың сәулет ескерткіштеріне қайта қалпына келтіру және ғылыми-реставрациялық жұмыстары жүргізілді.

   Тарихқа тұнған Сарыарқа даласында 7 археологиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы Шет ауданының территориясында археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды облысында сенсациялық жаңалық ашылып, Қаражартас қорымын зерттеу барысында қазақстандық «Пирамида» аталып кеткен үшбұрыш іспетті біздің заманымызға дейінгі XIV-XII ғ.ғ Беғазы-Дәндібай мәдениетінің кейінгі қола дәуіріне жататын қорымы табылды. Кесене – кейінгі қола дәуірінің ірі, конструктивті күрделі, сирек кездесетін монументалды сәулет ескерткіштерінің бірі.

   Қарағанды облысында 16 мұражай және 4 филиал жұмыс істейді. Облыс музейлерінде сақталып жатқан жалпы экспонаттар саны – 349389 бірлік, оның ішінде негізгі қорды 255853 бірлік құрайды.

   2016 жылдың 8-10 қарашасы аралығы мұражай қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және халықаралық дәрежедегі мамандарды тарту мақсатында облыс мұражай қызметкерлеріне арналған «Музей қызметінің сапасын арттырудың заманауи бағыттары» атты біліктілікті жоғарылату курсы өткізіліп, 53 аудан және қалалық ғылыми қызметкер сертификатқа ие болды.

   Облыста мемлекеттік кітапхана желісіне 323 кітапхана кіреді. Кітап қоры 6 млн. 186 мың 365 дананы құрайды, оның ішінде ауылдық кітапханада 3 млн. 9 мың 622 дана.

   Қазақстанның мәдениет саясатын іске асыру мақсатында облысымызда 287 мәдени-сауық мекемелері жұмыс істейді. Қарағанды облысында 2016 жыл ішінде клуб типтес мекемелер 32834 мәдени-сауық іс-шара өткізді. Қатысушылар саны – 5776,3 мың көрерменді қамтыды.

Қарағанды облысындағы жалғыз мемлекеттік «Сарыжайлау» кинотеатрында жыл бойы 2657 сеанс көрсетіліп, 195333 көрермен жинады.

Облысымызда кинотеатрлар желісінің жоқтығын ескере отырып, Отандық киноөнерді насихаттау мақсатында моноқалалар мен аудандардың елді мекендерінде қазақстандық фильмдер көшпелі түрде көрсетілді. Ағымдағы жылы 159 сеанс көрсетіліп, 17012 көрермен жинады.

Архивтік мекемелердің басты назары – құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мәселесі. Есепті кезеңде 28601 істің қалпы жақсартылды, сақтаудағы 6938 бірлік қалпына келтірілді, компьютерлік басып шығару арқылы өшіріліп бара жатқан мәтіннің 1350 парақ көлемі қалпына келтірілді. «Электрондық архив» бағдарламасында 46 мыңнан астам құжат сандық форматқа көшірілді.

2017 жылғы 1 қаңтарында облыс архивтерде сақталған Ұлттық архивтік қор және жеке құрам бойынша құжаттардың жалпы көлемі 2 млн. 687 мың бірлікті құрады. Ведомстволық архивтерде сақтау мерзімі аяқталған соң мемлекеттік сақтауға 56 мың іс қабылданды.

«Архивтік анықтама беру» мемлекеттік қызмет көрсету шегінде мемлекеттік архивтерге азаматтардан, ел ішіндегі және шетелдік ұйымдардан жалпы алғанда 47853 өтініш келіп түсті және оның барлығы орындалды.

    Архивтік мекемелер қызметінің ең басты бағыттарының бірі – архивтік құжаттарды белсенді түрде танымал ету. Солай, 2016 жылы Қарағанды облысының 80 жылдығына және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Халықаралық архив күніне, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына, Ә.Бөкейханның 150 жылдығына орай 4 ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

    Н.Ә.Назарбаевтың Қарағанды облысындағы еңбек ету кезеңіне, ҰОС жылдарында Орталық Қазақстан әйелдері, соғыс жылдарындағы Балқаш қаласы және тағы басқалар туралы құжаттар, монографиялар мен материалдардың 6 жинағы әзірленді, бұлардың презентациялары ұйымдастырылды.

   Мерейтойлық іс-шаралар шегінде 111 фото-құжаттық көрме және стенд әзірленді, облыстық және аудандық баспа құралдарында 166 мақала және құжаттар іріктемесі жарияланды, 60 дөңгелек үстел, жеке қор презентациясы, соғыс және тыл ардагерлерімен кездесулер, ақпараттық хаттар, ақпараттық сағаттар, дәрістер ұйымдастырылды.

    Биыл – қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығы және ақын, әнші, композитор Әсет Найманбаевтың 150 жылдығы сияқты айтулы мерейтойлар жылы. Бұл бағыттағы іс-шаралар да оңға басуына тілектеспін.

Е.АҒЫМБАЕВ,

«Қарағанды облысының мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы»

ММ басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button