Басты тақырып

Мәдени өміріміздің мәртебесі

   1938 жылдың наурыз айынан бастап қазақ мәдениеті мен өнеріне қызмет етіп келе жатқан Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік – облыстағы іргелі өнер ордасының бірегейі. Алғашқы құрылған жылдары мұнда Қазақстанның халық артистері Қ.БАЙЖАНОВ, Ж.ЕЛЕБЕКОВ, М.ХАМЗИН, Н.ӘБІШЕВ, З.ЖҰБАТОВА, Р.ҚОЙШЫБАЕВА және Қазақстанға еңбегі сіңген Қ.ЛЕКЕРОВ, М.КӨШКІМБАЕВ, А.ӘЛИЕВА сынды дарындар еңбек етті.

Қазіргі таңда бірлестікте 3 оркестр (Симфониялық, Тәттімбет атындағы Академиялық және Джаз оркестрлері), 5 ансамбль («Әуен», «Мерей», «Арай», «Арқа сазы» фольклорлық ансамбльдері және «Аққу» хореографиялық ансамблі) жұмыс жасайды. Бұлардан бөлек түрлі бөлімдер мен техперсоналдар бар.

Еліміздің өнері мен мәдениетін насихаттау мақсатында бірлестіктің ұжымдары кезектесе отырып жыл сайын гастрольдік сапарларға шығып тұрады. Әр ұжымға жеке-жеке тоқталуға да болар еді. Дегенмен, біздің бірлестіктің ұжымдары жарты Еуропа мен тұтас Азияны аралады десек, артық айтқандық емес.

Биылғы жылы ұжымдар шетелге шықпағанымен, жоспар бойынша бірнеше гастрольдік сапарлар күтілуде. «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің артисі Гүлмира Тапай «Қазақ әуендері» орталығымен бірлесе отырып, Италия елінде болып қайтты. Жақын күндері «Джаз» оркестрі Павлодар қаласындағы Джаз фестивалінде өнер көрсетпекші.

Қала берді, еліміздегі өнер ұжымдарымен бірлесіп, әр аймақтардан өнер ұжымдарын шақырып, сәйкесінше өз кезегінде ол аймақтарға да барып тұрамыз. Оған мысал – биылға «Астана опера», «Алматы опера» ұжымдарының біздің қаламызға келіп концерт берулері.

Маусым айының орта шенінде бірлестіктің дәстүрлі бағыттағы әншілері бірінші рет өткелі отырған облыстық дәстүрлі әншілер фестиваліне қатыспақшы. Айтпақшы, жақында бірлестіктің әншісі Сержан Мұсайын Тұңғыш Президент атындағы сыйлықтың иегері атанса, Алуа Уәли Ресейдің Тобольск қаласында өткен халықаралық байқаудың лауреаты болып қайтты. Сөйтіп, өнер ордамыз облыс мәдениеті мен өнерінің мәртебесін асырып-ақ жүр.

Айсұлтан ЖАҚЫП,

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button