Мәдени мұраны сақтау – парыз
Облыстық мәдениет және архивтер объектілерінің мемлекеттік желісіне 673 мәдениет, өнер және архив объектісі, атап айтсақ, 315 кітапхана, 274 клуб үлгісіндегі ұйым, 21 бейнемобиль, 5 театр, 20 музей, 20 архив, 2 концерттік ұйым, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы, тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы, 12 мәдениет және демалыс саябағы, кинотеатр, көрме залдары және хайуанаттар бағы кіреді. Ал, облыстың орталық мәдени ордасы Кеншілер мәдениет сарайында жүріп жатқан жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталып, тұрғындар үшін жаңартылған қалыпта өз есігін айқара ашпақ. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-баспасөз мәслихатында кеңінен мәлімдеді.
Жиында 2020 жылға арналған жоспарлар мен атқарған жұмыстар егжей-тегжейлі айтылды.
– Облыстағы 600-ден астам мәдениет және архивтер нысаны пандемияға қарамастан, жұмыс істеп келеді. Барлығы онлайн режимде жемісті жұмыс істеуде. Қызметкерлер халықаралық және республикалық байқауларға қатысуды жалғастыруда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына – 2021» фестивалінде Қарағанды облысы жеті жүлделі орынға ие болды, – деп атап өтті қарағандылықтардың жетістігін Еркебұлан Қайроллаұлы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында 2 700 тарих және мәдениет ескерткіші бар екен. Олардың 22-і республикалық мәртебеге ие. Олардың қатарында Жошы хан кесенесі, Бегазы қорымы, Қызылкент сарайы және тағы басқа киелі орындар бар. Биыл күзде Талды археологиялық паркі ашылып, Абай тұрған Қарқаралыдағы үй реставрацияланбақ. Бұдан бөлек, Жезқазғандағы СтепЛАГ ғимаратын қайта жөндеуге, тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында 2021 жылы 13 археологиялық зерттеу және 15 нысанға реставрация жұмыстары жоспарланып, облыстық бюджеттен қаражат бөлінген.
– 2020 жылы 96 мәдениет және мұрағат нысаны жөнделді. Биыл Бұқар жырау ауданы Бай[1]мырза ауылының клубына және Осакаров ауданы Молодежный кентінің мәдениет үйіне «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен күрделі жөндеу жүргізіледі, – деп толықтырды Еркебұлан Жұмакенов.
Сонымен қатар, мәдениет және өнер қызметкерлеріне айтарлықтай көңіл бөлінеді. Биыл оларға 30 пәтер берілсе, 2022 жылы тағы 40 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Алдағы уақытта тағы 150-200 пәтер бөлінбек.
Бұдан басқа, брифинг барысында мәдени іс-шаралар жайы да тілге тиек етілді. Олардың да басым бөлігі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн өтуде.
Ал, алдағы уақытта Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалі, Тәттімбет атындағы республикалық байқау және «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілердің республикалық онлайн байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жоспарланып отыр. Ал, облыстық архивтік қызметі еліміздегі ҚР Ұлттық архивтік қор құжаттарының құрамы бойынша ең ірілерінің бірі. Облыстың 20 мемлекеттік архивінде сақталудағы құжаттардың жалпы көлемі 2021 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, 2 млн. 867 мың сақтау бірлігін немесе 6 мың 914 қорды құрайды екен.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шегінде аймақтағы мемлекеттік архивтерінде «Бірыңғай электрондық құжаттар архиві» ақпараттық жүйесінде жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 6124 сақтау бірлігі, 120404 құжат, 930107 парақ цифрландырылыпты. Жалпы, аймақта мәдениетке баса мән берілуде.
Басқарма басшысы баспасөз мәслихаты барысында көптеген өзекті мәселенің тиегін ағытты. Аймақ тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.
Жәлел ШАЛҚАР.