Жаңалықтар

Мұғалімнің қадірі қайта ма?

ТӨРТІНШІ. «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс». Н.Назарбаев.

Баласына «тәйт!» десе, жер тепсініп жетіп келетін ата-аналардан енді ұстаздар қауымын арнайы заң қорғайды. Әйтпесе, әркімнен бір сөз естіп, еңсесі түскен мұғалімнің есесі кетіп жатыр. Ұстаздың мәртебесі, расында, бұрын зор еді, енді қор болған-ды. Сөйтіп, қоғамда отқа салса, жанбайтын, суға салса батпайтын, әлгі американдық кинодағы универсалды солдат – мұғалімдеріміз екенін айғайлап айтпасақ та, баршамыздың ішіміз сезетінді. Өздері көнбіс бұларды содан қоғам қолбалаға айналдырып алған-ды. Әкімдігі ақырып, ата-анасы жекіріп, жүндей түтіп, тым жуасытып жіберген еді. Содан мұғалімдіктен қадір-қасиет қаша бастаған. Енді, бұйырса, Елбасы тапсырған «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданса, қиқулап қашқан құт, титімдеп енді жиналар деген үміт зор.

Президент «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында «Алдағы жылы педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау қажет. Ол мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге стимул беруі қажет. Оларға түсетін жүктемені азайту керек», – деді. Сондай-ақ, Елбасы мектептердегі орынсыз тексерістерді азайту, мұғалімдердің мәртебесін айқындауды атады. «Жергілікті жерлерде мұғалімдерге кез келген жұмыс тапсырылады. Мұғалімдер сайлау өткізеді. Насихат жұмыстарын да ұстаздар жүргізеді. Бір нәрсе қажет болса, мұғалімдер жіберіледі. Сол үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Бұл жұмыстардан оларды босату керек. Олар сабаққа дайындалу керек қой. Уақытында ғана жұмыс істеуі қажет. Тіпті, оларды орынсыз тексере береді. Аталған заң осы үшін қажет», – деді Елбасы. Мұның сыртында мұғалімдерді ата-ана түгілі, баланың өзі басынған бейнежазбалар, ғаламторды басып қалсаңыз, алдыңыздан атып-атып шығады. Оқушы тарапынан келемеждеу, кемсіту. Ата-анадан – үркіту, қоқан-лоқы. Мұғалімді біресе отқа, біресе сотқа сүйреген ата-ана. Бұдан соң ұстаздың мәртебесінен не қадір? Ендігі кезекте заң мұндай бассыздықтың жолын кеседі

Мұның сыртында, бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов ата-ана мен мұғалім арасында олардың құқықтары мен міндеттіліктері айқындалған келісім-шарт жасау туралы ұсыныс айтқан еді «Нұр Отан» партиясының отырысында.

«Педагогтарды қорғау өте маңызды мәселе. Бүгінде біз Үкімет қаулысына өзгеріс енгізудеміз, яғни, бұл білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік ережесіне қатысты. Осы үлгілік ережелерде «келісім-шарт» деген жаңа түсінікті енгізудеміз. Атап айтқанда, бізде балабақшаларда, университеттерде келісім-шарттар бар. Алайда, осындай құжаттар мектептерде, мектеп пен ата-аналар арасында бүгінге дейін болған емес. Сондықтан, біздің педагогтарды қорғау мақсатында, сондай-ақ, әр тараптың құқығы мен міндеттемелерін регламенттеу үшін мектептерде міндетті түрде келісім-шарттарды бекітуді енгізу туралы шешім қабылдадық. Мұнда кім, не үшін жауапты екендігі айқындалады. Біздіңше, бұл қадам бүгіндегі орын алған проблемаларға ықпал етеді», – деген еді Асхат Аймағамбетов. Құптарлық қадам.

Ал, Елбасы Жолдауынан кейінгі пікір білдірушілер заң жобасын дайындауда сол салада еңбек ететін мамандардың тікелей қатысуы керектігін айтуда. Жаны бар сөз. Олардың проблемасын басынан өткеріп, соның бел ортасында жүрген ұстаздар қауымынан асырып, артық ешкім білмейді. Сондықтан да, қабылданар жаңа заң жобасын жасауда қазіргі мұғалімдіктің ыстық-суығына төзген ұстаздар болуы – заңды және басты талап. Сонда ғана жаңа заң – мұғалімдіктен қашқан қадірді қайтара алатындай пәрменді болары хақ.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button