Ұлытау

 

Әнуар Омарға

Әнуар, Ұлытауға барамын ба?

Бара алмай осы жерде

қаламын ба;

Жете алмай соған іштен

шерлі болдым,

Иірілген иномарка заманында?

Ұлытау —

Баһадұрдың дулығасы,

Өзіңде —

Ұлыстың төрт құбыласы;

Жұртымның жанына сол

рух беріп,

Ұлтымның иілмеген ұлы басы!

Әнуар, Ұлытауға барамын ба,

Бара алмай осы жерде

қаламын ба;

Мен туған Ақсораңға өзі келген,

Абылай Қаракөктің

заманында?

Дүние құбылғанда не түрге еніп,

Алланың тұрған аппақ

ниетін көріп;

Қазақтың лүпілдеген Жүрегінің

Кардиограммасы секілденіп!

Кемемен,мәртебем бір

жоғары боп,

Барар ем, теңіз түгіл –

тоғаны жоқ!

Мен жүрмін көрген

кезде Ұлытауды,

Жүрегім қалай-қалай

соғады деп?

Менсіз де барған оған

қай-қайдағы,

Тақылдап тас жарардай таңдайлары.

Елжіреп Күн дидарын бір

көре алмай,

Екі көз төрт болды ғой маңдайдағы…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.