Тағы бір тәнті еткен дүние – Ұлытау медиа мектебі. Оқушылар үйінің жанынан ашылған медиа орталық өз жұмысын бастағанына аса көп бола қоймаса да, біраз шаруаның басын қайырыпты. Бұл жерді ұлытаулық өрендер үшін тележүргізуші, оператор мен дыбыстаушы, монтаждаушы деген секілді журналистика мамандығының алғашқы қадамы десек те болады. Кезінде бұрынғы аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ қолдауымен ашылған орталықтың бастаған ісі нәтижесіз емес.
Медиа мектеп келешекте теория мен практиканы ұштастыра отырып, оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ редакциялар мен баспахананың қайнаған тіршілігімен емін-еркін араласуын мақсат тұтады. Алдағы уақытта кәсіби журналистермен тренинг өткізіп, тәжірибе жинақтауды жоспарлауда. Медиа мектептің заманауи студияға лайықталып, мультимедиялық құрылғылармен жабдықталғанын айта кеткен жөн. Негізгі басым бағыты – болашақ тележурналистердің алғашқы қадамын нықтай түсетін және телетехнологияны меңгеруге баулитын үйірме. Медиа орталық тек ауданды ғана емес, ауыл мектептерінің тыныс-тіршілігін таспалайды. Сондай-ақ, іргелес ауыл балалары да қашықтан медиа мектептен дәріс алып жүр. Қызығушылықтары жоғары. Жас ұжым мүшелері Қоскөл ауылында жаңадан ашылған «Ертөстік» балабақшасында, Жезді мектеп-интернатында болып, телехабар әзірлепті. Оны студиядағы теледидардан тамашаладық біз. «Ақпараттандыру технологиясы барынша дамыған қазіргі таңда, жастарымыздың оны жетік меңгеруінің маңызы аса зор. Өскелең ұрпақты бұл бағытта тәрбиелеу, мектеп қабырғасынан-ақ бастау алғаны абзал. Бұл – заман талабы. Осы орайда, Өнер мектебінің жанынан ашылған бұл медиа мектеп жастардың қызығушылығын қатты оятты. Қатарымыз күн өткен сайын көбейіп келеді. Қысқаметражды бейнероликтерді дайындаймыз. Алдағы жоспар – ауқымды. Оған қолдау да бар. Түрлі жобаларды ойластырудамыз», – дейді медиа мектептің жетекшісі Думан Рахымжанұлы.
Басылым редакторы Ерсін Мұсабек телестудияның алдағы жұмысына сәттілік тілеп, «балаларды газетке мақала жазуға да бейімдесеңіздер, жақсы болар еді. Ұлытаудағы журналистер дәріс оқыса, балалардың шығармаларын газеттегі «Балбөбек» бетіне жариялауға ықтиярмыз» деген ұсынысын жеткізді. Өнер мектебінің басшылары жоспарларына енгізетіндерін жеткізді. Қысқасы, медиа мектеп – бірегей жоба. Ұлытаудан майталман журналистер лек-легімен түлесе, онда осы орталықтың орасан игілігі деп білеміз.
Қасымхан ҒАЛЫМ.