Бас тақырыпҰлытау

Ұлытау экспедициясы – Түркияда

Жақында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» жобасы аясында аталған қорық-музей мен «Nomad Explorer» саяхатшылар бірлестігінің экспедициясы Түркия мемлекетіне арнайы сапармен барды. Онда олар Бурса қаласындағы Улы-Даг университетінде жергілікті ғалымдармен кездесті. Экспедиция мүшесі, қорық-музей фотографы Дмитрий РУГИС университет басшылығымен жобаның ауқымын кеңейте түсуге қатысты өзара ынтымақтастық туралы сәтті келіссөздер жүргізіп, «TUDAM» Түркі мәдениетін дамыту орталығының басшысы Ердем ӨЗДЕМИРМЕН жүздесті.

«TUDAM» орталығының мәртебелі меймандарды қабылдауға арналған залында Дмитрий Ругис пен «Ұлытау» қорық-музейінің серіктесі, Ұлт ұясының тумасы Руслан Ыбырай орталық қызметкерлері мен Улы-Даг университетінің студенттеріне музей жобасының мақсаты мен мүддесін таныстырып, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіндегі Ұлытаудың рөлі туралы кең тұрғыда әңгімеледі. Түркиялық әріптестерін Ұлытаудағы дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі мен «Жезкиік» музыкалық фестиваліне шақырды.

Кездесуде сөз алған профессор Халит Екен өзінің жүрекжарды лебізінде жаңа жобаның жасампаз мазмұндағы болмысына тәнтілігін риясыз пейілмен ашық айтып, оның аясындағы қарымды қарекеттер Түркі әлемі руханиятына айтарлықтай серпін береріне сенім білдірді. Кездесу түйінінде түрік ағайындар Дмитрий Ругистің «Ұлытау» тақырыбындағы фотокөрмесін қызыға тамашалады.

Бауырлас елге сапар барысында қазақстандық танымал фотосуретші бағзы замандарда оғыздар мекендеген көне қоныста болып, фототүсірілім жасады.

Ілкімді ізденістері нәтижесінде игі бастамаларды дүркін-дүркін дүниеге әкелуге және олардың табысты тиянақталуы жолында аянбай тер төгуге машықтанған «Ұлытау» қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов бастаған ұжымның тың жобасының түпкі межесі – дүниежүзіндегі «Ұлытау» деп аталатын барлық таулардың биік шыңдарына шығу, сол жерлерді мекендеген этностарға ортақ ерекшеліктерді, қандай да бір ұқсастықтар мен дүниетанымдарындағы рухани сабақтастықты анықтау, оларды жүйелі түрде зерттеу және зерделеу. Осы орайда, олардың қатарына Ұлы Даланың Ұлытауынан тысқары, Улы-Даг (Түркия), Уллу-тау (Кабардино-Балкария, РФ), Алтайдағы Улуг-Даг (Тыва Республикасы, РФ) және Улутаг (Хакасия Республикасы, РФ) таулары жататынын айта кеткен жөн.

Аталмыш жоба, сонымен қатар, тек қазақ халқының тарихи тұрғыда дәйектелген атамекені ғана емес, түбі бір түркілердің киелі ордасы болған Ұлытаудың ұлылығын дәріптеуді, рухани құндылықтарын насихаттауды да мұрат тұтады.

Кезең-кезеңімен жүргізілетін экспедиция жұмысы қорытындысымен Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі алып аймақтағы Түркі әлемі мен Еуразиялық дала өркениетінің тарихын, салт-санасын паш етіп, қазіргі замандағы тұрмыс-тіршілігінен мол ақпарат беретін фотоальбом шығару жоспарланған. Осы қырынан қарастырғанда «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» жобасын бұған дейін қолға алынған «Әлем таулары» жобасы мен «Ұлы Еуразия даласы» жобасының заңды жалғасы деп тұжырым жасауға толық негіз бар.

Бағалы бастама барлық көшпелі қауымның алтын ұясы Ұлытаудың халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы болуға мол мүмкіндігі бар екенін насихаттауға да өлшеусіз үлес қосары анық. Бұдан бөлек, бұл жоба «Біз Ұлытаудың ұлылығын толыққанды танып болдық па?», «Оны бүкіл түркі жұрты арасында өз деңгейінде насихаттай алып жүрміз бе?» деген көкейкесті сауалдардың түйінін тарқату жайын да қарастырады.

«Ұлытау таулары – Ұлы таулар» экспедициясының ендігі бағыты – Солтүстік Кавказдағы (РФ) Уллу-тау. Ізгі ниетті шара алдағы 2021 жылға жоспарланып отыр.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button