Ұлыны ұлықтау – парыз
Бітімгершілік пен биліктің тізгінін берік ұстап, халқының береке-бірлігімен бақуатты тірлігі үшін ханның да қаһарын қайтарып, сырттағы жауға да, ел ішіндегі дау-жанжалға да бітім айтатын тұрлаулы тұтқа, әділетті дәріптеген аузы дуалы көреген көсем, шиеленіскен шарғыларды шебер шешер шешендердің бірегейі, абыз бабамыз Қаздауысты Қазыбек би болатын.
Қазіргі деректерге сүйенсек, бабамыз 1667 жылы қасиетті Сыр бойында дүниеге келіп, Арқаға қоныс аударып, 1764 жылы осы өңірде ғасырға тақау жасап дүниеден өткені мәлім. Осы орайда 2007 жылы Қарқаралыда Алаш жұрты қадір тұтқан атақты әнші, арқалы ақын, сазгер Мәди Бәпиұлына еңселі ескерткіш орнатылғанда, осы мерекеге арнайы шақырылған қазақ өнері мен әдебиетінің қаймағы, ақын-жазушылар мен ғылым серкелері шен-шекпенділер қатысқан үлкен жиында академик Рымғали Нұрғалиев:
– Иә, бауырлар, Мәдидей ерге мәнді ескерткіш орнаттыңдар! Есімі еленді. Мәңгілікке бет алды. Алайда, іс мұнымен бітпек емес. Тұлғалы тұлпар бабамызға не құрмет көрсетіп жатырмыз? Ала құйындатып атын алып берген ауданды таратып тындыңдар, ал, сол бабамыздың аруағы кімнен кем еді? Ендеше, ендігі мансаптағы мәнді мақсаттарың – келешекте ел алдында, ар алдында атқарар істеріңнің басы осы болу керек, – деп айтқанын естігендер әзірге баршылық…
Осы кезекте «өзіңдікі төрге озбай, өзегің талады», демекші, бұл шаралар ерте қозғалғанмен, облыс көлеміндегі сол кездегі билік басындағылардың немқұрайлылықпен кейінге ысыруы, құлықсыздығы салдарынан көп тілегі кешіккен болатын. Кейін тек ұлт жанашыры, ұлағатты перезенттің бірі, бұрынғы облыс басшысы Серік Ахметовтың қолға алуымен Қазыбек би ескерткіші орнатылғанын атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ, бабамызды насихаттайтын еңбектің бірі – 2011 жылы «Болашақ» баспасынан шыққан «Қаздауысты Қазыбек би» энциклопедиясы еді. Ол энциклопедия редакторы Нұрлан Дулатбековке, редколлегия мүшелері Мәуен Хамзин, Берік Рахымов, Темірғали Аршабеков сынды танымал ғалым, қарымды журналист, ұлтжанды ұлағатты бауырларымызға алғыстан басқа айтар жоқ.
Жерлесіміз, тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың «Қаз дауысты Қазыбек би» кітабы мен жоғарыда аталып өткен энциклопедиялық еңбек – бабамызды танып-білудегі орасан зор татымды дүниелер.
Қасиет дарыған, ортасынан оза шауып ұлттық ұлағатымыздың тұрлаулы тұлғасына айналған арда абызымыз жайында айтылар айғақты деректер, ғылыми зерттеулер әлі де алдағы күннің үлесінде екені даусыз. 350 жылдығы да аса алыста емес, ендеше барымызды бағалар, өткенімізді саралай аларлық ілгері ілімді ғылыми орта, осы салада ой өрнегін оздырып жүрген қаламы қарымды жазушы замандастарымыз, ойы орнықты журналистер қауымы құлшына еңбектенер уақыт алда ғой деп есептейік. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші, ұлықтаушы бір ұрпағы ретінде ертеректе шежіре қарттардан естіп, құлақта қалған бірді-екілі аңыз-әңгімені көпшілікке ұсынуды жөн көріп отырмын.
Қара көктің тұқымы Шаншар абыздың немересі Келдібек бидің ұрпағы аруақты Қазыбек бабамыз ат жалын тартар тұста оны әлі жассынған екі ағасы Сәдібек пен Асан жасы ұлғайған әкелері Келдібектің орнына жол жағынан ендігі билік айту бізге тиесілі деп есептейді. Сондай сөз шығарып, шыдамсыздық танытқанын естіген би атамыз ойлана келе, бас араздықтың алдын алу үшін Сәдібек пен Асанды және Қазыбекті, Балапан мен Бөденені шақырып алып: «Менің бауыр ет – балаларым, атам қазақ «Қыран құс қартайғанша, қайраты кемігенше қанатына сенеді, ұшып-қонатын тұрлаулы тұғырына сенеді, ал, кәрілік жетіп, қартайғанда жолын жалғар жанаттары – ұрпағына сенеді» деген. Ендеше, менің тұғырым болған ел-жұртымның тұрлаулылығына сенімім зор. Ал, жолымды жалғар жанатым, ісіме ие болар санатым – сендерсіңдер. Енді маған мүмкіндік барда біреуіңді билікке ұсыну жолы тұр, әкелерің болған соң мен үшін бәрің бірдейсіңдер. Ертең араларыңда артық ауыз сөз, бас араздық болмауы үшін мына Бөдене мен Балапан әлі жастау, ал, Сәдібек, Асан және Қазыбек үшеуің ертең жөн білер жолбасшы алып жолға шығасыңдар. Әйгілі білімдар Әнет бабадан бата алып келесіңдер, көреген көсемдігі мен білгір, білімпаз шешендігімен аты шыққан сәуегей сол кісінің шешімі – шешім, қайсыңды таңдаса, кесімі – кесім» – деп, жастарға жол амандығын тілеген екен. Шыңғыс тау шалғайында жатқан қалың тобықты еліне жол тарқан жүргіншілер Әнет бабаның ақ ордасына жетіп, қайдан келгенін, негізгі мақсаттарын баяндайды. Сонда Әнет баба «Е, қабырғалы қалың ел қаракесектен келген екенсіңдер, әкелерің Келдібек, аталарың Шаншар абыз болса, көптен кем болмассыңдар, ат арытып алыстан келгендіктен, қазір барып қонақасы, демдеріңді алыңдар, шешімім ертеңгілік болсын», – деп уәж айтады.
Ертеңінде үшеуін алдына алдырған абыз қарт «ал, жастар, сендерге қояр шартым біреу-ақ, ол мынау:
«Күн, ай, жыл, хан мен қара парызы неде? Осыған толымды жауап бергенің менің таңдауым болады», – деген екен.
Екі ағасы ойланыңқырап қалса керек, сонда жас Қазыбек тамағын кенеп «Ата ұлықсат болса мен айтайын», – деп ширыға ашылады:
«Күн парызы – сәждеге бас ұрып, құбылаға қарап бес уақыт намазға жығылу;
Ай парызы – нәпсімізді тежеп, Алладан сауап тілеп, отыз күн ораза ұстау;
Жыл парызы – Алламыздың айшықтаған құрбан айтында құрметпен мал шалып, құлшылық ету;
Хан парызы – халқына қорған болу, ал, қара халықтың парызы – ханына адал қызметімен уәжіп», – деген екен.
Сонда абыз Әнет баба «Қозы асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт» деген міне – осы болар, бар түйін шешілді, міне, кіші болса да, күші басым, нар атанға жүк болар ісі басым мына баланы басшы етіңдер, қалғандарыңа қосшылық та жарасар», – деп түйіндеген екен.
Ел аузында шежіре қарттар айтқан мына бір әлпеті әсерлі әңгімемен сөз соңын жалғасам. Қазіргі біздің мекенімізде ертеректе қалмақпен қазақ арасындағы қанкешті, жанкешті сұрапыл ұрыстардан босаған тұста, әз бабамыз аруағы қолдағыр Қаздауысты Қазыбек би әрісі орта жүз арғын ұлысын, берісі бес бошанды бастап келіп, қоныс сайлағаны белгілі. Ұлысының ыңғайына қарай өркенді өріс таңдап, орналасуын қадағалап, қоныс сайлағаны анық. Сол заманда алымды атамыз, жер қайысқан қалың нөкерімен Қарқаралыдан шығып, Бүркітті мен Бұқпадан өтіп, жолай кезіккен «Қу» тауының бөктеріндегі жалғыз қараша қосқа ат басын бұрып жөн білмекке, қостан шыға көзін көлегейлеген Кейуанаға дауыстап:
«Қария, мына көрікті тауды неге Қу деп атаған? Көзіме сенсем, құндыздай құлпырып тұр ғой», – дегенде,
Кейуана: «Е, құлпырса, менің көзімдегі жасымды суалтып, көкірегімдегі қайғымен басымды қуартып барып, уақыт өткен соң, кезі келіп жеткен соң құлпырса, құлпырған шығар», – дейді.
Бабамыз: «Кейуана, айып етпеңіз, көзіңді шел, көкірегіңді шер басқан екен себебі не?», – десе,
Кейуана жоқтауын жалғап:
«Қуарып тұрған Қу тауы,
Түндігімнің жоқ бауы.
Жалғызымды жалмадың
Маған қалды жоқтауы», – деп күңірене берсе керек.
Сонда жайды білетін сенімді серіктерінің бірі атамызға жағдайды былай мәлім еткен екен:
«Қалмақтардан бұрын бұл өлке Байгелді деген байдың мекені болған екен. Жау келіп басып алғанда, басқыншылармен қатты ұрыс салған кейуананың батыр ұлы Байжігіттің сарбаздары тасқамалдай құз шыңды, тораңғыдай тұтасқан тоғайға сіңіп алып, ұзақ уақыт беріспей, қапылыста шауып, тыныштық көрсетпесе керек. Сонда басқа істер шарасы бомаған жау өте өрескел шараға барып, қалың әскерімен тауды түгел қоршап алып, төрт пұшпағынан өртеп, есіл ерлерді аяусыз жалын құшағына беріп, есе қайтарса керек», – дегенде Сұңғыла бабамыз:
«Сөз атасы Майқы би «Небір заман өтпес дейсің, қадіріне жетер қайсың» деген екен, қария. Біз сол кектеріңізді қайтарып, бәрін де көріп, жерімізді қайтарып келе жатқан жайымыз бар. Өткенімізге салауат, қолымыз жеткеніне қанағат, келешекке арлы аманат болсын дейік, енді біз аттанамыз. Жауымызды жеңіп, қалдарыңызды біліп, бұл атырапқа үдере еніп жатырмыз. Алда үкілеген үмітіміз бар, сол келелі келешегіміз үшін қай нәрсені болса да жақсылыққа жориық. Келешекке кесірі тимесін, енді бұл таудың атын өзгертіп «Балқантау» атайық. Себебі, қалмақтармен өткен қанкешті соғыста, бал арасындай көп қалмақ осы тауды жаулап алып жерұйықтай жерсініп, Едігедей ерсініп, өлермендікпен қарсыласа қорғап, көпшілігі өліп тынды. Біздің де небір асыл арыстарымыз жер құшты. Байқасаңдар, осы таудың иісі гүл жарған қарағай мен талына, тіл үйірер балына таласқандаймыз ғой, ендеше, «Балы – қан тау» десек, айыбы болмас. Десек те, мына алыс батысымыздағы асу бермес тау жүйесіне лайықтап, Балқантау атасақ, дұрыстыққа келер. Ал, батырлар, билер, бағыландарым, енді бұл таудың биігіне ешкім көз алартпасын, киелі киігіне оқ атпасын! Осы Балқантаудың бауыры Алла жазып, ұрпақтарыма ырзық, құтты мерейлі мекен болсын, әумин. Мына мүскіндерді біреуің бауырларыңа алыңдар. «Елге ел келгені – құт» деген осы болар», – деп қорытқан екен.
Өзім көзін көріп, ұлағатты сөздерін естіген ұлы бабамыздың тікелей ұрпағы Алшынбай бидің немересі, қаһарлы Қақабайдың бел баласы еңселі Ермағанбет қарияның, Сәдібек атамыздың тұяғы Рақымжан қажы ұрпағы Сейфолла, жүйелі сөз шебері Наманай ата баласы шежіре Сартай ақсақалдардан қалған осы ой тамызық, бірді-екілі әңгіме желісін қал-қадірім жеткенше ел жұртым мен жас жеткіншек ұрпаққа жетсін деген мақсатым еді.
Аманжол ҚУАНБАЙ.
Ертең облыс орталығында Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.