Ұлыларды ұлықтау – өткенді ұмытпау
Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, Түркістан облысы, Сарыағаш қаласында бой көтерген Қаздауысты Қазыбек баба ескерткіші елдігіміздің еңселі, бірлігіміздің бекем екенін айшықтай түсті. Ең бастысы, саялы Сарыағаш төріндегі салтанат баба рухының ұрпағымен қайта қауышқанын паш еткен маңызы зор тарихи сәтке айналды. Қаздауысты Қазыбек бидің қайсар рухына тәу етуге еліміздің түпкір-түпкірінен ағылған ағайын нөпірінде қисап жоқ. Ағылған көш, ақтарылған пейіл, көл-көсір қуаныш, бәрі-бәрі ұрпақтар сабақтастығының мәңгілік екенін танытып тұр. Елбасы-Тұңғыш Президент Нұлсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының тарихи мәні мен маңызы, түпкі мақсаты да осы еді. Ұлттық кодымыздың тамыры Қазыбек баба сынды ұлылардан бастау алса, ұлылық кодының түймесі түрленген, түлеген Түркістанда тұрғандай көрінді маған. Ендеше, Сарыағаш төріндегі салтанаттың салмағын саралап көрелік…
ЕСКЕРТКІШТЕР – ЕЛДІГІМІЗДІҢ НЫШАНЫ
Салтанатты шара қаланың бас алаңындағы Төле би бабамыздың және өз есімі берілген көше басында тұғырланған Әйтеке би ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қаладағы Төле би ескерткіші 2001 жылы, ал, Әйтеке би ескерткіші 2017 жылы ашылған екен. Баршаңызға белгілі, ел бірлігінің, ұлт тұтастығының символы болған үш бидің ескерткіштері бұған дейін біріктірілген нұсқада орнатылып келген. Сондай-ақ, кейбір қалаларда жекелеген ескерткіштері (Шымкентте – Төле би, Қарағандыда – Қазыбек би, Ақтөбеде – Әйтеке би т.б) ғана тұғырланған. Ал, Сарыағаш – қаланың үш тұсына үш бабаның ескерткішін еңселендірген тұңғыш шаһар.
…Бабалар аманатын арқалаған және ол қастерлі аманатқа адалдық танытқан ұрпақ легі қаланың бас алаңына беттеп барады. Көңілдерінде алаң да жоқ емес. Көктеменің көгілдір аспанын қою бұлт торлап, түннен бері толастамаған ақ жауынның басылар, бұлт көбесінің ашылар түрі жоқ. «Сәуір болмай – тәуір болмайды» дегенімізбен, тура бүгінгі шараға бұл жауынның келтірер кедергісін ойлап алаңдайды жұрт. Десек те, меймандардың дені Арқадан келгендер болғандықтан, ақ жауын емес, қарлы боран соқса да, баба рухына тағзым етуден тайсақтайтыны байқалмайды. Тоқетерін айтқанда, көкжиек қою бұлттың құрсауында болғанымен, қала – асқақ рух құшағында.
Арыслан АСАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қаздауысты Қазыбек би ескерткішін орнату жөніндегі ұйымдастыру алқасының төрағасы:
– Міне, Төле би, Әйтеке би бабаларымыздың еңселі ескерткіштерін көрдіңіздер. Елбасымыз өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында әлемдік өркениеттің түп тамыры, негізі қазақ елі мекен еткен Ұлы Даладан бастау алатындығына тарихи тұжырым жасады. Оған ешбір елдің немесе әлдебір ұлттың айтар дауы жоқ. Тарихи мақалаға негіз болған тұжырымның барлығы – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалық сипаттағы тұғырлы түйіндер. Сол дала өркениетінің көш басында біздің әйгілі үш биіміз тұрғанын мақтан етуге тиіспіз. Бүгінгі күнге дейін қаламызда екі бидің ғана ескерткіші бар еді. Енді қаламыздың үш қапталынан үш бабамыз біздің тыныс-тіршілігімізді бақылап тұратын болады. Бұл ескерткіштер – әшейін тастұғыр ғана емес, біле-білгенге рух! Біз Қазыбек би ескерткішін орнату жөніндегі идеяны 2017 жылдың желтоқсан айында қолға алдық. Жұдырықтай жұмылып, екі жылға жетпейтін мерзімде мақсатымызға жетіп отырмыз. Қажетті қаржыны өзіміз жинадық. Кәсіпкер азаматтар, Атымтай-Жомарт бауырларымыз демеушілік жасады. Шығын 20 миллионға жуықтады. Ескерткіш авторы, мүсінші Батухан Бәйменов бауырымыз да едәуір жеңілдік жасады. Әйтпесе, бұл ескерткіштің негізгі құны – 45 миллион. Игілікті істе ортақ мүддеге жұмылып, осы ескерткіштің ашылуына атсалысқан барша ағайынға айтар алғысымыз шексіз!
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тек ескерткіштің орналасатын орнын заңдастыру ғана күрделі болған. Осы орайда, идеяға қолдау білдіріп, құжат рәсімдеуге көмектескен қала әкімі Қайрат Әбдуәлиев мырзаға да ақжарма пейілмен алғыс арнап жатты ұйымдастырушылар.
Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Семей өңірлерінен келген ағайындардың да ризашылығында шек болған жоқ.
Ахмедия СҮЛЕЙМЕНОВ, Қарқаралы ауданының тұрғыны, Қазыбек бидің алтыншы ұрпағы:
– Сарыағаш қаласынан баба е с к е р т к і ш і н і ң ашылуы – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іс жүзіне асқандығының көрінісі. Бұл игілікті іс – бабаның ендігі жеті ұрпағына жететіндей сауап пен маңызға ие. Мәңгілік Ел болудың да алғышарты осындай мазмұнды істерде жатыр. Біз өткенді бағалау, ұлыларды ұлықтау арқылы келер ұрпақтың кемел өмірін қамтамасыз етеміз. Сарыағаш елінің, Түркістан өңірінің тұлғаларына дән ризамын!
БАБАНЫҢ МІНСІЗ ТҰҒЫРЫ – ҰРПАҚТЫҢ МҰҢСЫЗ ҒҰМЫРЫ
Теңіздей толқыған лек Қазыбек би ескерткіші ашылатын алаңға лап қойды. Баба атындағы көшенің басы. Сәулетті алаң. Әлгінде ойымызды да, бойымызды да әлек қылған ақ жауын сап тыйылды. Көктен сәуірдің сәруар сәулесі шашылып, дүбірге бөленген алаң нұр мен рух құшағына еніп кетті. Көкке жанарларын тігіп: «Қайран, Қазыбек бабаның қасиеті-ай!» дескен жұрт қолшатырларын жинап жатты. Ұлттық киімдегі әжелер мен жастарға қарап, бейне бір Қазыбек дәуіріне өтіп кеткендей күй кешесің. Өйткені, төбемізден күннің нұрымен жарыса Қазыбек баба қарап тұр. Ұлт рухы ұлы тұлғасымен қауышып…
Ашылу салтанатындағы алғашқы сөзді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Смайл Тәсқұлов пен Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов айтып, ұйымдастыру алқасының төрағасы Арыслан Асанов қысқаша баяндама жасады. Арқа жұртының аманат-тілегін жеткізу мен облыс әкімі Ерлан Қошановтың құттықтауын оқып, Алматыдан келген баба ұрпағы тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсеновпен бірге ескерткіш жамылғысын шешу бақыты маған бұйырды.
«Тарлан тарихымыздың шерлі шежіресін парақтайтын болсақ, қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері өз дәуірінің ғана емес, Мәңгілік Ел бірлігінің символына айналған ұлы тұлғалар болғанын көреміз. Әлем елдері әртүрлі дағдарыстар салқынын сезініп жатқан бүгінгі таңда Қазақ Елі барлық сын-қатерлерді еркін еңсерді. Мұның барлығы – Елбасының сындарлы саясаты мен ел бірлігінің арқасында мүмкін болған байлығымыз. Ендеше, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды ұлылардан аманатқа қалған бекем бірлігіміз бен тұғырлы тұрақтылық келер ұрпақтың да кемел құндылығына айналуы тиіс! Бүгінгі түрленген Түркістан облысының Сарыағаш қаласында бой көтерген Қазыбек баба ескерткіші ұрпақтар сабақтастығын қуаттап, ертеңімізді еңселі болуына кепілдік берер маңызды мақсаттардың жемісі дер едім.
Құрметті сарыағаштықтар!
Қасиетті Қазыбек бабаның құтты қонысы болған Арқа жұрты Сіздерге жалынды сәлемін, риясыз алғысын жолдады. Ұлт бесігі Ұлытау, қасиетті Қарқаралы, базары тарқамаған Балқантау дән риза Сіздерге!
Ұлыны ұлықтау – өткенді ұмытпау! Сонау бір тағдыр талайына ұшырап, Қаратаудан көш құлатып, «Елім-айлап» еңіреген күндерде елге тұтқа, елдікке кепіл болған Қазыбек бабаларымыздың аңсаған арманы мен көксеген мұраты орындалған азаттық таңының арайлы шапағын көрген ұрпақпыз. Бақытымыз баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – делінген облыс әкімі Ерлан Жақанұлының құттықтау хатында.
Ескерткіштің биіктігі – 9 метр (тұғыры – 5 метр, баба тұлғасы – 4 метр). Биік дөңнің басына орналасқан. Ескерткішті жасау мен тұтас кешенді абаттандыруға 17 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Сәулетті кешеннің авторы – жергілікті мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Батухан Бәйменов. Жергілікті халық бұл ескерткіштің бой көтеруіне өлшеусіз еңбек сіңірген Арыслан Асанов, Жарылқасын Ергеш, Қайрат Жүсіпов, Пернебай Жолшиев сынды жерлестерінің есімін құрметпен атап жатты. Ал, ұйымдастырушылар болса, аудан басшыларына тарихи бастамаға оң қабақ танытқандары үшін ризашылықтарын білдіреді.
Сонымен, Сарыағаштағы салтанатты шараға куә болу арқылы біз ұлыларды жерге бөліп, руға меншіктеу үрдісінің дана қазақ халқында болмағандығына, болмайтындығына көз жеткіздік. Бұл – баға жетпес құндылық!
Мұхамедғалым СҮЛЕЙМЕНОВ, әділет полковнигі, ҚР Генералдар одағының кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қаласынан:
– Ұлыларды алаламай, жүзге, руға жіктелмей, ұлттың қасиетіне айналған тұлғаларды қастерлеудің тамаша үлгісін танытқан азаматтарға ризамын. Әрине, мұның барлығы – Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болған құндылық. Ал, оның бастауында ел бірлігі мен мемлекет тұтастығына кепіл болған Елбасының сындарлы саясаты тұр. Өскелең ұрпақ үшін өнегенің өлшеусіз бұлағы – осындай шараларда.
Мүсәлі ЖОРАБАЕВ, Сарыағаш, Қ а з ы ғ ұ р т , О р д а б а с ы , М а қ т а р а л аудандары – ның Құрметті азаматы, прокуратура ардагері, 94 жастағы қария:
– Тура осы жасымда Қазыбек би бабамызға еңселі ескерткіш орнатылып, оның ашылу салтанатына сонау Арқа өңірінен – қасиетті бабаның құтты қонысынан келген меймандарды қарсы алу бақытын бұйыртқан тағдырыма ризамын. Оңтүстік өңірі Қазыбек бабаны бүгін ғана құрметтеп жатқан жоқ. Бұрын мынау Мақтарал өңірінде Қазыбек би атындағы аудан болған. Кешегі оңтайландыру кезінде Жетісай ауданына қосылып кетті. Бұл өңірде Қаздауысты Қазыбек бабаның қазақ ұлтына сіңірген тарихи еңбегіне деген шынайы құрметі ежелден қалыптасқан. Бүгінгі ескерткіш – соның бір ғана көрінісі.
Мүсәлі ақсақалдың осы пікірінен кейін өзіміздің Қарағандыдан Төле би, Әйтеке би атындағы көшелерді ойша іздеп кеттім. Таба алмадым…
ҚАСИЕТ ПЕН ҚАСІРЕТ
Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатынан кейінгі бағдарлама аудан орталығындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда қала тұрғындары мен шара меймандары жерлесіміз белгілі киногер, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың «Қаздауысты би» атты деректі фильмін тамашалады. Бұрын тамашалағандарыңыз бар шығар, фильм желісі Қазыбек бидің қасиеті мен «Семей полигонынан» зардап шеккен Абыралы, Егіндібұлақ өңірінің қасіретін шендестіре ой өрбітеді. Ғасыр қасіретінің зардабын таныту үшін фильм өзегіне Қазыбек бабаның ұрпағы, екі қолы жоқ суретші Кәріпбек Күйіков тағдырының таңдалуында ащы ақиқат жатыр. Екеуінің дәуірі бөлек болғанымен, бабасы да, ұрпағы да қасіретті ғасырда ғұмыр кешеді. Алайда, дала демократиясының дарабозы Қазыбек бабаның қасиеті мәңгілікке сапар шекті. Қазыбек бидің дара қасиетіне куә болған дала да, сол далада жарымжан болып дүние есігін ашқан бала да қасиетінен арылған жоқ.
Фильмді тамашалау барысында оңтүстік халқы баба қасиетіне бас иіп, дала қасіретіне жас үйірді. Көрсетілімнен кейін ортаға фильм авторы Ерлан Төлеутай шақырылып, құрмет құшағына бөленді. Ерекең бірден Мәди бабасының «Қаракесегін» екпіндетіп, тағы бірнеше ән орындады да кеш тізгінін өзі ұстады.
Салтанатты рәсімде Қарқаралы делегациясын бастап барған аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нұркенов, баба ұрпағы Мәди Жәкешов тағы басқа да қарағандылықтар сөз алып, ел атынан сарыағаштық азаматтарға сый-сияпат жасады. Облыс әкімі Ерлан Қошановтың, мәдениет майталманы, «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Рымбала Омарбекованың атынан жасалған жол-жоралғыларды сарыағаштықтар ыстық ықыласпен қабыл алды.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Құрметті судьясы, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Ерлан бауырымыздың «Қаздауысты би» фильмі – өз мақсатына жеткен туынды. Арасы алшақ екі ғасырдың қасиетін де, қасіретін де шебер шендестірген. Жанры деректі фильм болғандықтан, әрине, қазақтың «Қыз Жібек» секілді жауһар дүниелерімен салыстыруға болмас. Дегенмен де, қазақтың кино қоры тамаша туындымен толыққандығына қуаныштымыз. Қазақ – тағдырлы халық. Сол тағдыр тауқыметінің де, сыйының да бабадан ұрпаққа берілуі Қазыбек баба дәуірі мен Кәріпбек дәуірінің тынысы арқылы нанымды бейнеленген. Бұл – режиссер шеберлігі.
Салтанатты кеш барысында бір топ қарағандылықтар «Қазыбек би» медалімен марапатталып, Арқа делегациясына лайықты құрмет көрсетілді. Мерекелік шара соңында баба рухына дұға бағышталып, «Алтын ғасыр» мейрамханасында ас берілді.
* * *
Сарыағаштан Сарыарқаны бетке алып, жолға шықтық. Бойымыз рухтанып, ойымыз сергіп қалғанын сезіндім. Қазыбек бабаның 350 жылдық мерейтойында облыс әкімі Ерлан Жақанұлының қолдауымен «Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» халықаралық автокеруені жолға шығып, Өзбекстан жеріндегі Төле би, Әйтеке би бабаларымыздың басына барып, тәу еткеніміз бар-ды. Қазақтың үш ұлы биін бір-бірінен бөле жармай, айрықша қастерлеудің үлгісін Қарағанды танытып еді. Осы бір игі бастама жалғасты болып жатқанына жаным жадырап келеді. Әттең, тура осы әсермен келіп, үш бабамның рухына тағзым етер едім. Қарағандыда Қазыбек бабамнан басқа бидің ескерткіші, ескерткіш дейсіз-ау, үш бидің атындағы көше де жоқ… Бір кем дүние. Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Оңтүстіктен үйренеріміз көп-ау…
Ерсін МҰСАБЕК.
ҚАРАҒАНДЫ-САРЫАҒАШ-ҚАРАҒАНДЫ.