Ұлыларды ұлықтаған ән кеші
Кеншілер мәдениет сарайында қазақтың әйгілі әнші, композиторы Біржан салдың 190 жылдығы, қазақтың халық композиторы Балуан Шолақтың 160 жылдығы, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған «Атадан қалған асыл ән» атты дәстүрлі ән кеші өтті. Ән кешінде дүлдүлдерден мұра болып қалған классикалық әндер шырқалды.
Ән кешінің шымылдығын Мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков Біржан салдың «Он саусақ» әнімен ашты. Содан кейін, Балуан Шолақтың шоқтығы биік «Ғалиясын» Сұлтан Тілеубеков әуелетті. «Сентябрь» әнін Азат Әбдіғалым шырқады.
Халық әртісі, композитор, Сарыарқаның саңлағы Сыдық Мұхамеджанов композиторлар мектебінің негізін қалаушылар мен 60-шы жылдары шыққан композиторлардың арасындағы алтын көпір болған. Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» атты әндері композитордың тұғырын биіктете түскені анық. Лиризмге тұнған «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Еңбек әні», «Жастар маршы» секілді әндері әуен болмысын түсінген халықтың арасында шырқалып келеді.
«Өзгеге көңілім тоярсың» әнін Шыңғыс Сәрсенбай шырқады. Ануар Адамбаев «Есіңде барма жас күнің» әнін, Мәдениет саласының үздігі Сырым Хордин «Жарқ етпес қара көңілім..» әнін орындады.
Балуан шолақ Ғалияға арнап, бірнеше ән шығарған деседі. Олардың әрқайсысының бөлек сарыны бар. «Ғалия» әнінің үшінші түрін тыңдарманға Саян Мұздыбай жеткізді.
Сахнада өте сирек айтылатын әндердің бірі – Біржан салдың «Он екі взвод» деген әні. Бұны Данияр Түсжанов шырқады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Сержан Мұсайын Біржан салдың «Сырғақты» әнін әуелетті.
Дәулеткелді Сағатов халық арасында кеңінен таралған әйгілі «Екі ғашық» әнін орындады. Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов Біржан салдың «Бурылтайын» сырнаймен құлпыртты.
«Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады». Ән сүйген қазақ баласын жалт қаратқан Қайрат Байбосынов, Мейірхан Адамбеков, Жақсыгелді Кемаловтардан кейін Ерлан Төлеутай, Ерлан Құжиман, Ержан Базарбек, Құрмаш Ыбышевтардың толқыны жетті. Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркеновтердің, Гүлмира Тапайлардың да дүбірі Алашқа жайылды. Сырым Хордин мен Бекжан Әкеевтер де жарқырады. Медет Осатаев пен Әнуар Адамбаев, Азамат Түсіпбек, Ерден Байқотановтарды, Саян Мұздыбайды да айтпай кетуге болмайды. Бұл толқын да мойындата алды десек, қателеспейміз. Шыңғыс Сәрсенбай мен Сұлтан Тілеубеков, Азат Әбдіғалым, Жандос Иманбай, Еркінбай Маясаровтардың да буыны дүрілдеп келеді. Айбек Рымғали, Дәулеткелді Сағатов, Қуандық Төкенов, Азамат Сәкен, Ақжігіт Дәулетбек. Міне, домбыра ұстап, қазақ әнін әуелетіп, деңгей көрсетіп жүрген Арқаның толқындары ән кешінде тыңдарманның жартастай кеудесін теңселтті. Соңында Азамат Сәкенов, Абылай Мейраш, Фарида Саутхан, Аяжан Әкеева шықты. Бұлар да – жаңа толқынның басы. Аяжан Әкеева – Дәуренбек Әркенов пен Гүлмира Тапайдың шәкірті. Әнді сырнаймен шырқайды. Ал, Қарағандыда әнді сырнаймен сүйемелдейтін және сонысымен елді мойындатқан бір әнші бар. Ол – Дәуренбек Әркенов.
«Арқаға келіп, әншімін деме» деген сөз бар қазақ арасында!
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz