Ұлы тұлғаға – ұлық құрмет
Әлемдегі жетістік атаулы ғалымдардың тынымсыз ізденісі мен жасампаз идеяларының жемісі. Елімізде 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні көрнекті геолог-ғалым, геология-минерология ғылымдарының докторы, ҚазКСР Ғылым Академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, КСРО ҒА академигі Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орайластырылған. Кеше ғұлама ғалымның туғанына 125 жыл толуына орай Қарағанды қаласында Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, құрмет көрсетілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы келді. Сонымен қатар, салтанатты шараға облыстың зиялы қауымы, қоғам қайраткерлері мен ақсақалдар және академик Зейнолла Молдахметов қатысты.
Ғалымды бир минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін Ерлан Бейсембайұлы шараға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтады.
– Бүгін – қазақ елі үшін айрықша күн. Қазақ ғылымының бастауында тұрған Қазақ ғылым академиясының негізін қалаған ұлт перзенті – Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы. Айтулы күнге орай «Қазақ ғылымының күні» деп белгіленуінің өзінде үлкен сабақтастық, тарихи үндестік жатыр. Қазақ мемлекеті аяғынан қаз тұрып, қиын-қыстау күндердің өзінде қазақ ғылымының негізін қалап, қазақ жерінің қатпарында, қойнауында жатқан қазынаны зерттеп, ұлттың игілігіне ұсынған Қаныштай ұлы тұлғаның туған күніне орай осы күнді бекіту – елге деген құрмет. «Менің халқым менен де биік» деп, елдің аманатына адал болған, ұлтына қалтқысыз қызмет қылудың өшпес үлгісін көрсеткен Қаныштай ғұламаның болуы біз үшін үлкен мақтаныш. Әрқайсысымызда осындай тұлғадан өнеге алып, өсиетіне адал болып, елге қалтқысыз қызмет қылсақ, дұрыс болмақ, – деді Ерлан Құсайын.
Ерлан Бейсембайұлы, сонымен қатар, кезінде белгілі бір себептерге байланысты Қаныш Имантайұлы құрған Ғылым Академиясының жұмысы тұралап қалғандығына да тоқталды. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен бүгін академияның шаңырағы қайта тіктеліп, жаңаша жаңғырды. «Бұл мемлекет тарапынан қазақ ғылымына жасалған үлкен қолдау» деген облыс әкімінің орынбасары бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.
Салтанатты шараға ғалымның көзін көрген, дәрісін тыңдаған Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Ибатолла Арыстан да қатысты. «Ұлттың өркендеуінде, мемлекет құруында жұлдызды із қалдырған тұлғалар болған. Қазақ халқының маңдайына жарқырап туған тұлға – Қаныш Сәтбаев» деп сөзін бастаған профессор өзінің естелігімен бөлісті.
– Қаныш бабамыздың бізге қалдырған мол мұрасы әлі игерілмей жатыр. Біз ғалымның қиын-қыстау жағдайға қарамай, еліміздің жағдайын, экономикасын көтеру жолындағы еңбегін жақсы білеміз. Біраз жастарды тәрбиелеп, ашаршылықтан аман алып қалды. Соның бірі – «Алтын адамды» тапқан өзінің жиені. Қаныш Имантайұлының жақсы қасиеттерін жастарға сіңіру сіздер мен біздердің парызымыз. Ол кісіні мен Тау-кен институтының екінші курсында оқып жүргенде көрдім. Оқу орнына келіп, кездесу өткізді. Қаныш Сәтбаев дегенде көз алдымызға тау тұлғалы батырды елестетсек, ол кісі ғылымның да батыры екеніне көзімізді жеткіздік. Сонда шешіліп сөйлеп, елімізде қандай кен орындары барын, оны игеру үшін қандай жұмыстар атқару керектігін жатқа айтқанда, таң қалып шыққанымыз бар, – деді Ибатолла Дәрменұлы.
Қаныш Сәтбаевтың үмітін ақтаған профессор оның Қарағандыға келген сапарында «Осы жерде магнитка деген үлкен зауыт салынады. Қарағанды маңында қаптаған кен орындары болады. Бұл жер әсем өлкеге айналады. Осындай өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін білікті маман болыңдар. Білікті маман болмаса, ғылым да, білім де дамымайды. Сендерге үлкен үміт артамын» деген сөзімен де бөлісті.
Ескерткішке гүл қою рәсіміне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жерді зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институтының Қарағанды облысы бойынша филиалы директоры Саян Ахметов те келіп, лебізін білдіріп, ғалымның әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған ойларымен бөлісті.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz