Шет

Ұлы мұра ұлықталған күн

«Домбыраның пернесінде – ән ғажап,

Домбыраның шанағында – зарлы азап.

Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,

Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ».

Иә, ақын жырларына арқау болған қасиетті домбыра күні аясында Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мұрындық болуымен шет ауданындағы археологиялық-этнографиялық музейде «Күмбірле, қоңыр домбыра, саз байрағы» атты шара өтті.

Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин мерекеге жиылған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

  • Елдік рухты көтеріп, ұлттық санаға серпін беретін мұндай мереке бізге ауадай қажет. Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың болмысы. Халқымыздың тарихымен тамырлас қасиетті домбыра күні мерекесі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысты сақтау секілді ұлы мұраттармен астасып жатыр, – деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары.

Мұнан соң Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев, өлкетанушы, күйші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ертай Жәнібеков, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Кәмел Жүністегі осынау бабадан қалған бағзы мұра домбыраның арғы-бергі тарихы мен шертпе күй шеберлері хақында келелі ой қозғады.

Мереке аясында жұртшылық Шет өңірінен шыққан белгілі әнші, атақты ақындар мен дәулескер күйшілер ұстаған көне домбыралар қойылған көрмені тамашалады. Көрмеге Халық әртістері Жәмила Шашкина мен Қали Байжанов, шертпе күй шебері Дәулетбек Сәдуақасұлы, ақын Ермек Мұстафин секілді он беске жуық танымал тұлғаның домбыралары қойылды.

Арасындағы ең көнесі – осыдан шамамен 125 жыл бұрын жасалған күйші Әбікен Хасеновтің қара домбырасы. Тағылымды шараны тамашалауға келген әлеуметке археологиялық-этнографиялық музей мамандары әр домбыраның тарихына қатысты мол мағлұмат берді.

Қарағанды облыстық шертпе күй орталығының директоры Қайролла Сәдуақасов, С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің ұстазы күйші Қайрат Мұстафин, ақадырлық Тоқман Өтебаева, дәстүрлі әнші Еркебұлан Ахметов және Шет өңіріндегі шертпе күй өнерін жалғастырушы Жүсіп Мейрамұлының күмбірлеген күйлері мен әуезді әндері мерекенің шырайын ашты.

Одан әрі мерекелік шара Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның технология пәнінің мұғалімі Марат Баймұхановтың «Ұлы Даланың жеті қыры» тақырыбындағы шеберлік сабағымен түйінделді.

Думан ҚАБЫЛ.

Басқа материалдар

Back to top button