Руханият

Ұлы даланың үні

Күй – Қорқыт, Құрманғазы, Тәттімбет, Дина секілді ұлы дүлдүлдерден қалған асыл мұра. Осы бір бекзада өнерді дәріптеген Қарағандыда дәстүрге айналған байқау бар. Еліміздің төрт тарабынан дарынды орындаушылардың басын қосып, Арқа даласын дүбірге бөлейтін биылғы Тәттімбет атындағы ІХ республикалық байқауы мәреге жетті. Бұл жолғы күй жәрмеңкесінің дәулескер күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенімен орны бөлек.

Күй Тәңірі Тәттімбеттің мол мұрасы еліміздің асыл қазынасына, мәдени байлығына айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жалғасын тауып келеді. Әрине, ол осындай бәсі биік байқаулардың үздіксіз өтіп тұруынан.
Ұлттық музыканың алыбы Тәтекеңе арналған өнер додасына Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қостанай, Семей, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және тағы да басқа өңірлерден келген 70-ке жуық өнерпаз бақ сынады. Олар екі күн бойы қыл-қобыз, прима-қобыз, домбыра және тағы да басқа аспаптарда классикалық туындылар мен халық күйлерін орындады.

– Бұл дәстүрлі Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы республикалық байқауы жас дарынды өнерпаздардың жолын ашатын өнегелі байқау. Тәттімбет – күй құдіретін, домбыра сырын ерекше сезіне білген, күй жанрының табиғи болмысын шынайы ұққан шебер күйші. Арқа жері күй мен дәстүрлі әнге ежелден бай өңір. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген осы жастар ертең еліміздің мәдениетіне өлшеусіз үлес қосады деген сенімдемін. Бүгінгі жеңіс­теріңіз Сіздер үшін бастау болсын, – деді облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Өңірдің мәдениет басшысы Еркебұлан Қайроллаұлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Біләл Ысқақовты сахна төріне шығарып, иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Біләл Алпанұлы бұл байқауды еліміздегі жетекші конкурстардың бірі екенін, конкурстың қазақ күй өнеріне қаншама жаңа таланттар сыйлағанын айтып, алғысын білдірді.

Үміткерлердің дарынын есімдері елге белгілі өнер саңлақтарынан құралған қазылар алқасы таразылады.
Сонымен, «Қыл-қобыз» аталымында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Жания Естайқызы мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Назерке Абилхасенова дипломант атанды.

Осы номинацияның III дәрежелі дипломы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектебінің оқушысы Темірлан Алиевке, II дәрежелі дипломы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Абылай Есетовке, I дәрежелі дипломы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Ерасыл Төрехановқа бұйырды.

Ал, «Қобыз-прима» аталымында А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп оқушысы Алуа Станполова мен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония­сының әншісі Анар Қабдымананова дипломант атанды.

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бекзада Самиғолла III орын, дәл осы университеттің студенті Нұрайлым Әбді II орын, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Әсия Нұртай I орын иеленді.

Конкурстың «Домбыра» аталымында М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесінің студенті Ерболат Талапхан, Қарағанды қаласы №2 музыка мектебінің оқушысы Манап Анықбеков, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Сара Қамбарова дипломант атанды. Аталған аталым бойынша Шет ауданы Мәдениет үйінің әншісі Дәулетбек Жүсіп III орын, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Аяна Сатаева II орын, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінің оқушысы Нұрәлі Саят I орын алды.

Бұл жолғы байқауға Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдас­тығының жас таланттарды ынталандыру мақсатында «Өнерлі өркен» арнайы сыйлықтарын тағайындап, бірқатар жас үміткерлерді марапаттады.

Сонымен, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының өнерпазы Ержанат Жарқыннұр байқаудың бас бәйгесін алды. Жеңімпазға «Үкілі домбыра» байқауының бас жүлде иегері, қолөнер шебері Нарбек Охановтың арнайы домбырасы тарту етілді.

– «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, бас жүлде бұйырды. Өнерімді әділ бағалаған қазылар алқасы мен ұйымдас­тырушыларға көптен-көп алғыс айтамын. Бұл менің ғана жеңісім емес, бізге аманатталған дәстүрлі өнердің жеңісі деп ойлаймын. Өзім төкпе күймен өскенмін. Арқа жеріне келіп, шертпе күйден осындай жетістікке жету – мәртебе. Мені дайындаған ұстаздарыма да мың алғыс, – деді байқаудың бас жүлде иегері.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button