Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Ұлы дала төсінде – ұлы мұрат

     Жолдамыз. Қаздауысты Қазыбек би бабаның 350 жылдығына орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының тарихи маңызын терең түсіндіру мақсатында жолға шыққан «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» Халықаралық автокеруені киелі Түркістан қаласына дейін 2500 шақырымға жуық жолды артқа тастады. Сөз жоқ, тарихи сапар. Балқантау баурайында дүркіреп өткен баба тойында Арқа жұртының ақ тілеуімен атқа қонған керуен мүшелері Ұлы Даланы ән мен күйге бөлеп, Арқадағы той дүбірін Ұлытау арқылы Қаратауға жеткізді.

…Көргенімізді көпіртіп, естігенімізді екілене екпіндетіп жазуға болар еді. Алайда, керуеннің мақсатынан маңызды ештеңе жоқ екенін ескерген жөн. Мақсатымыз – ұлы баба мұрасын жаңғыртып, азаттыққа деген арпалыс пен Тәуелсіздікке деген   талпынысқа толы ғасырлардың асыл мұратын бүгінгі «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтастыру. Яғни, бабалар арманы мен Елбасы мұратындағы үндестікті жаңғырту.

Бастама – облыстың жастар саясаты жөніндегі басқармасынан, қолдау – облыс әкімдігінен, демеу – «Шұбаркөл көмір» АҚ-нан. Керуен құрамында – 28 адам. Меценатымыз бар, әншіміз, күйшіміз, журналистер мен спортшылар бар. Жанарынан нұр, жүрегінен жыр төгілген ақындарымызды қосып қойыңыз… Жас саясаткерлер мен емі шипалы дәрігеріміз де бар. Керуенбасымыз – жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай, үлкеніміз – ҚР Мәдениет қайтаркері, мемлекеттік қызмет ардагері, Егіндібұлақ селосындағы мәдени-сауық кешенінің директоры Раушан Жылтыбаева. Сонымен, сақадай сайланып, кездіктей қайралып жолға шықтық. Қазыбек баба ізімен. Арқалағанымыз – аманат.

Егіндібұлақтан екіндіге таяу қозғалған керуеннің алғашқы аялдамасы қасиетті Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті болды. Бабалар рухына дұға бағыштап, базарлы Балқантаудағы дүбірден алыстап барамыз. Мәліксайдағы Мәди бабаның зиратына зиярат етуді де ұмытпадық. Ұлы рух бойымызды кернеп тұр.

Келесі аялдама – Ботақара. Аудан орталығындағы Бұқар жырау ескерткіші маңында аудан тұрғындары ерекше салтанатпен күтіп алды. Аудан әкімінің орынбасары Айғаным Ақпанова бас болып ұйымдастырған мерекелік бағдарлама баба тойындағы аламан бәйгені көре алмаған атқұмардың, айтысты тамашалай алмаған жырқұмардың өкінішін сейілтіп жіберген. Керуен мүшелері атынан Арқаның Атымтайы, ҚХА мүшесі, Білім меценаты, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков сөз алып, сапар салмағы мен керуен мақсаты жайлы ой толғады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттердің мән-мазмұнын ашып, аудан әкімдігіне облыс әкімі Ерлан Қошановтың Алғыс хатын табыстады.  Сөзі уәлі, аузы дуалы Қайыржан Сымаиылов ақсақал батасын беріп, аудан ардагерлерінің «Дәурен-ай» ансамблі ән-шашуымен шығарып салды. Бұқар баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, аудан халқының ыстық ықыласына марқайып, қайтадан атқа қондық.

Қас қарая Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіне аялдадық. Жасыратыны жоқ, күн кешкіріп кеткеніне алаңдап келе жатқанбыз. Аралбай батыр ескерткіші алаңына жиналған халық нөпірін көріп, күдік-күмән сейілсін. Сал-серілердің мекені, ән мен күйдің ордасы ғой – жазиралы Жаңаарқа! Сол дәстүрінен жаңылмапты. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, риясыз пейіл танытты. Күй күмбірі, ән ырғағы… Кербез дала түн құшағына енгісі келмей, кемел рух кемерінде тербеліп тұр. Ел ардақтысы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, саңлақ спортшы, ұлағатты ұстаз Ғазым Жарылғапов ағамыз бастап, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Мұқанов қоштап Қазыбек баба жолымен сапарлаған керуенді келісті құрметпен қарсы алды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Серік Оспанов ағамыз осы жерден табыла кетіп, асқақ үнімен керуен дүбірін еселеп жіберді.

20 тамыз күні жез бұлағын ағызған Жезқазғанға да жеттік. Қала орталығындағы Алғашқы құрылысшылар алаңына жиналған қауымның қарасы – қалың. Қошеметі – одан да ерен. Мұнда да бізді қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбаева бастаған топ қарсы алды. Әкімдердің барлығы – Егіндібұлақтағы баба тойында. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновтің орындауындағы «Ұлытау» әні мен ақын Ғазиз Ештанаевтың рухты жыры салтанатты сәттің сәнін арттырып, шара мазмұнын еселей түскен. Керуенбасы Мирас Жанатбекұлы жезқазғандықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, ақжарма пейілмен алғыс арнады. Асқақ рух құшағында кеншілер шаһары Сәтбаевқа аттандық.

Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы ғасыр ғұламасы Қаныш Сәтбаев ескерткіші орналасқан алаңды рухтың ордасына айналған дерсің… Ұлттық киіммен сап түзеген жастар мен қала тұрғындары тарихи сапарға шыққан керуенді ерекше қошеметпен қарсы алды. Соғыс және еңбек ардагері Шермұханбет Байбосынов батасын беріп, қала әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев керуен мүшелеріне ақ жол тіледі.

Түс ауа ұлт ұясы – Ұлытауды бетке алғанбыз. Қазақ елінің тарихында Ұлытаудың алатын орны – ерекше. Сондықтан болар, керуен мүшелерінің көңіліндегі толқуды аңғару қиын емес. Қаздауысты Қазыбек бабамыз Сыр бойынан Арқаға қоныс аударғанда Ұлытауға орда тігіп, бірер жыл киелі топырақты мекен еткені белгілі. Ұлт бірлігінің ұраны болған Ұлытау топырағын тебіренбей басу мүмкін емес. Аудан әкімі, ұлтжанды азамат Әнуар Омардың да ауылда жоқ екенін білеміз. Көңілді қоңылтақсытқан олқылық – сол ғана. Бірақ, Ұлы Даланың Ұлытауы әкімсіз керуен қабылдай алмайды дегенге кім сенеді?! Орынбасары Мақсұт Оспанов бастаған ел азаматтары ерекше пейілмен қарсы алып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін-ақ, Ұлытау тарихын толғай жөнелді. Ұлт бірлігі мен тұтастығының нышаны – Бірлік монументінде қарсы алған сәттен «Хан ордасына» барып, аудан орталығына оралғанша аузы жабылған жоқ. «Аспан астындағы ашық мұражай» атанған  Ұлытау бөктеріндегі тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер жайлы тереңнен толғап жатыр. Риза болдық. Аудан әкімінің экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары болып жүрген азаматтың зерделілігі сүйсіндірді. «Хан ордасына» саяхаттап, аудан орталығына ат басын тіредік. Орталық алаңға жиылған елдің керуенді дегбірсіздене күтіп тұрғанын аңғардық. Аңғардық та, ағытыла жөнелдік. Жетекшісі Мирас Жанатбекұлы мен керуен мүшесі Бекзат Алтынбеков ұлытаулықтарға Егіндібұлақтан бастап, жол бойы ағытылған ел ықыласын жеткізіп, аудан басшыларына алғысымызды айтты. Күләштің сіңілісі Гүлдана Мақшонова мен Манарбек Ержановтың жалғасы Медет Осатаев ән салды. Қарт Ұлытау тамсанды. Талантты ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Мирас Асан жырын төкті. Шежірелі Ұлытау нұрын төкті. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы, керуен мүшесі Мадияр Сүлейменов күй күмбірлетіп, жас айтыскер, Қазыбек баба ұрпағы Нұрлыбек Төкенов арнауын әуелетті. «Жас қанат» байқауының лауреаты, жас әнші Мейірлан Қалиев Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Елім менің» әнін шырқағанда, Ұлытау ән құдіретімен тербеліп тұрды. Ұлы іске ұйытқы болып, ұлы жолды жаңғыртқан ұрпақтарының дүбірі тебірентіп-тербелтпей қойсын ба ұлы бесік Ұлытауды?!

…Керуеннің үшінші күні Алаштың анасы – Сыр өңірінде жалғасты. «Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы жолдың шоқалағы шаршатып-ақ тастапты. Баба рухы дем беріп, қадамымызды сәтті етіп, қаламымызды қанаттандырып тұр. Сонда да, жолсоқты болған көңілден жорғалап түсер жолжазба шыға қоймас… Солығымызды бір басып, Қызылорда, Түркістаннан хабарласармыз. Әрі қарай Тәшкент пен Науаи бар. Шырайлы Шымкент, көне Тараздан да әсерлі әңгіме жолдармыз.

Ерсін МҰСАБЕК

Суреттерді түсірген Максим РОЖИН.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button