Бас тақырып

Лудоманияның жалғыз емі – жігер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек» деген болатын. Президент айтқан бес кеселдің бірі – лудомания, яғни, құмарпаздық. Бүгінде Қарағанды облысында дәл осы лудомания бойынша облыстық психикалық денсаулық орталығында бес адам динамикалық бақылауда. Бұл – ресми мәлімет. Ал, дертке шалдыққанын мойындамай, өзінің ғана емес, жақындарының да өмірін тозаққа айнылдырғандар санының қанша екені беймәлім. Бір жұбаныш – өңірде кәмелет жасқа толмаған балалардың лудоманияға шалдығуы туралы ресми дерек жоқ.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Құрылтай барысында Президент еліміздегі 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екенін айтқан болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер жаһандағы адамның 3 пайызы – лудоман. Ал, елімізде 40 мыңға тақау адам аталған психологиялық дертке шалдыққанын көрсетеді статистикалық деректер.

Жалпы, лудомания – психикалық аурулардың халықаралық классификаторына енгізілген жалғыз тәуелділік. Жасына, әлеуметтік мәртебесіне, экономикалық жағдайына қарамастан кез келген адам бұл ауруға шалдығуы мүмкін.

Лудомания сипаттамаларының ішінде сарапшылар өмірдің басқа салаларына қызығушылықтың толық жоғалуын, агрессивтілікті, ашуланшақтықты, ұйқының бұзылуын атайды. Уақыт өте келе адамның ойнауға деген құштарлыққа қарсы тұру мүмкіндігін жоғалтады.

Қарағанды облыстық психикалық денсаулық орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Ибраев өзінің дертке шалдыққанын мойындап келетін науқастардың бір-екі рет ем алғаннан кейін мүлдем келмей кететіндерін айтады. Ал, дәрігерден жүйелі түрде ем алып, айығуды мақсат етпегеннен кейін одан арылу мүмкін емес.

– Лудоманияны емдеудің негізгі жолы – психотерапия. Осы дертке шалдыққандарды емдеудің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен үш әдісі бар.

Оның біріншісі – мотивациялық кеңес беру. Екіншісі – құмар ойындарға патологиялық құштарлықтың когнитивті мінез-құлық терапиясы. Ал, үшіншісі – лудоманиямен ауыратындардың экспозициялық терапиясы. Ал, адамда аталған дертпен қатар, депрессия немесе мазасыздық жағдай болса, станионар жағдайында депрессияға қарсы дәрі-дәрмек те қосылады, – дейді Азамат Қайсарұлы.

Азамат Ибраев алдымен, пациенттің емделуге деген ынта-ниеті болуы керек екенін айтады. Олай болмаған жағдайда дәрігердің өзі де көмектесе алмайды.

– Аурудан толықтай жазылуға болады. Ол үшін емделемін деген ниеті болса болғаны. Бірақ, өкінішке қарай, статистикалық деректер мемлекеттік және жекеменшік емдеу орталықтарының мамандарына лудоманиядан зардап шегетіндердің небары бір пайызы ғана жүгінетінін көрсетіп отыр. Яғни, психикалық денсаулық саласындағы мамандарға жүгінетіндер өте аз, – дейді Азамат Ибраев.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Дәрігер дертке шалдығу себептері әр түрлі екенін айтады. Яғни, кез келген психикалық бұзылыс ретінде оған көп жағдаят ықпал етеді. Мәселен, генетикалық бейімділік, тәрбие, түрлі әлеуметтік ұстанымдар да осы психикалық ауруға алып келуі мүмкін. Лудоманияның алдын алу үшін жекелеген адамның психикалық саулығы ғана емес, жалпы, қоғамның саулығы маңызды екенін айтады Азамат Қайсарұлы. Яғни, Қарағанды облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары дәл осы мақсатта биылғы жылғы он айда облыс бойынша алдын алу мақсатында 85 іс-шара өткізген.

– Мамандарымыз түрлі мекемелерге шығып, кеңестер береді. Бұл ретте мектептерден бастап, жекелеген ұйымдарда да боламыз. Семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Атап айтқанда, аптасына екі немесе үш шара. Оның қатарында тек лудомания дертінің алдын алу ғана емес, сондай-ақ, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу, есірткінің, вейптердің, темекінің зиян туралы да бар, – дейді Азамат Ибраев.

Емделіп шыққаннан кейін аурудың қайталануын болдырмау мақсатында тұрақты түрде психотерапевт маманның қадағалауында болғаны жөн. Азамат Қайсарұлы лудомания дертіне шалдыққанға психолог емес, психотерапевт немесе психиатр ғана көмектесе алатынын айтады.

«Адамның өмір сапасы төмендеп, әлеуметтік және басқа да функцияларын жоғалтқанда, дәрігер ғана көмек бере алады», – дейді Азамат Ибраев.

Шілде айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев «Лудоманияға қарсы заң» деп бейресми түрде аталған құжатқа қол қойды. Ол бойынша елімізде бәс тігетіндердің қатары азаяды. Өйткені, борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енген адамдар құмар ойын ойнай алмайды. Заң 3,5 миллионнан астам қазақстандықтарға құмар ойындарын ойнауға тыйым салады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button