АймақБалқаш

Ұлтымның байрағы – жұртымның айбары

Балқаш қаласында Мемлекеттік Рәміздер күні мерекесіне орай кең көлемді шара өтті. Қаланың патриоттық жастарының қатысуымен Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайының алдынан бастау алған «Менің Туым – менің мақтанышым» атты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұстау­шылар шеруі «Жастар» сквері алаңындағы үлкен сахнада патриоттық акция­мен жалғасын тапты.

Суретті түсірген Қуандық МАҚСҰТҰЛЫ

Шара барысында егемендігіміздің бас­ты нышаны – Рәміздердің маңыздылығы жас ұрпаққа дәріптелді. Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі студенттері, «Ветерок» үлгілі хореографиялық ансамблі, «Микс шоу», «Аяла», «Айдарья» би ұжымдары сахна алдында «Менің туым» атты флешмоб орындап, би әуенінің ырғағында еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы әкелініп, Мемлекеттік Гимні шырқалды.

Балқаштықтарды шаһар басшысы Сапар Сатаев мерекемен құттықтап, егемен еліміздің бірлігі мен берекесін нығайтуда игілікті істері мен тәуелсіз Қазақстан құру жолында сіңірген еселі еңбек еткен ел азаматтарын қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

– Мемлекеттік рәміздер халқымыздың биік рухын айқындайтын айрықша құндылық. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін біз өз елімізді, туған жеріміз бен Отанымызды ардақ тұтуымыз қажет. Оның ең алғашқы қадамы Мемлекеттік Рәміздерді құрметтеуден басталады. Бүгінгі акция біздің балқаштықтардың Мемлекеттік Рәміздерге деген мақтанышын, пат­риоттық сезімін асқақтата түседі, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Бұдан кейін қала басшысы мереке аясында Орал қаласында орын алған табиғи апат – су тасқынының салдарын жоюға қатысып, азаматтық ұстаным танытқаны үшін «Балқаш Су» ЖШС-нің және «Балқаш Жылу» ЖШС-нің жүк көтеру экскаваторының жүргізушілері Еркінбай Смайлов пен Әуелхан Қапасты Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, қала әкімінің Алғыс хаттары қаламыздың әлеу­меттік проблемаларын шешу жолындағы іс-шараларға және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып, биік азаматтық ұстаным танытқан волонтерлер мен белсенді азаматтарға да табысталды.

Олар: Балқаш сервис колледжінің студенттері Нұрсәт Айтжан мен Ақерке Тілекқабыл, Балқаш медицина колледжінің студенттері Мадина Бекетова, Аяулым Рыспай және Гүлзат Алдамұратова, Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжінің студенті Әлібек Әбен, Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бағдарламашысы Андрей Наточев, Қоңырат шағын ауданының белсенді волонтері, «Балқаш» қалалық спорт клубының жаттықтырушысы Ержан Асқаров, Балқаш қаласы мәдени-сауық орталығының электригі Дархан Ықыласбеков.

Патриоттық акцияның соңы Қарағанды облыстық филармониясының әншісі, республикалық конкурстардың лауреаты Алмаз Құттыбайдың, мәдени-сауық орталығының әншілері Индира Балкееваның, Ерқанат Сәдуақасовтың, Аманжол Шаймерденов және басқа да өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласты.

Сондай-ақ, мерекелік шара түстен ке­йін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күніне арналған автошеру және «Жастар» скверінің бас сахнасында «Патриотизм дауысы» атты мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button