Ұлттық сусын ұлықталды
«Қымыз – дертке дауа, жанға шипа» жобасын іске асыруға арналған ұлттық тағамдарымызбен ұлттық құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа насихаттау, жергілікті жеріміздің табиғи сусыны қымызды жəне сүт өнімдерін халыққа дəріптеу мақсатында Шет аудандық мəдениет үйінің ұйымдастыруымен орталық саябақта «Қымыз Fest » фестивалі жоғарғы деңгейде өтті.
Қазақтың киелі асы – қымыз. Киелі болатын себебі, қымыз шөл қандыратын сусын ғана емес, адамға күш-қуат беріп, науқастарға ем болады. Жылқының сүтін сауып, қымыз дайындау, оны сусын ретінде пайдалану көне замандардан белгілі болған. Қымыздың он шақты түрі бізге белгілі.
Атап айтсақ, қорға қосылған, бірақ, əлі ашып болмаған бие сүті – саумал. Биені жаңа байлаған кездегі ең қуаттысы – уыз қымыз. Қыстан əдейі сақталған семіз қазыны салып піссе – бал қымыз, жаз ортасында шөп əбден піскен кездегісі – сары қымыз. Қанжығаға байланған торсықтағы – торсық қымыз, көп тұрып қалғаны – түнеме қымыз. Күбіде екі түн ұсталғаны – құнан қымыз, күбіде немесе сабада үш түн сақталғаны – дөнен қымыз. Төрт күннен аса тұрғаны – бесті қымыз, қысыр қалған биенікі – қысыр қымыз. Қулық биенің сүтінен ашытылғаны – қысырақ қымыз, күзге қарай бие ағытылар кездегісі – сірге қымыз.
Фестивальде ұлттық сусынымызды күбіде пісіп, аудан жұртшылығына ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар ұршық иіріп, диірмен тартып, құрт жайып, ыстық бауырсақ пісіріп, «Құмыз құйғыш» əні əуелеген ұлттық құндылықтар насихатталған сахналық көрініс қойылды. Фестивальге биенің сүтінен өздері дайындаған денсаулыққа пайдалы дəм əрі дəрі, табиғи сусындарымен Қармыс ауылынан – Жəнібек Қалижанов, Серікбол Жонкин, Асхат Рақымжанов, Тұмсық ауылынан Руслан Тəжібаев, Ерлан Əмірбаев, Жасұлан Сембеков, Еңбекшіл ауылынан – Сағын Қаппарова, Жанат Молдағұлова, Қайролла Құсайынов, Жасұлан Боқанов қатысты.
Фестиваль барысында ауданымыздың жастары халқымыздың «Қарқын аяқ» рəсімін жаңғыртып, күннің ыстығына қарамастан 2 литр қымызды тоқтамай ішсе, «Қымыз басар» жарысында қазақтың ұлттық ойындары Асық иіру (оңға дейін алшы түссе, екі ұпай, тəуке түссе, бір ұпай), бес тас ойыны жəне басқа да ойындар ойнатылып, жастар Алтыбақан теуіп, мереке соңы дəстүрлі əндерден концерттік бағдарламаға ұласты.
Азат МУХАМБЕК,
мектеп бітіруші түлек.