Жаңалықтар

Ұлттық рухтың жоқшысы

Ғылым – қоғамның өркениетті жолмен дамуына жол көрсететін және адам мен табиғат арасындағы байланыстың себептерін түсіндіретін танымның ең жоғарғы түрі. Демек, ғылымсыз қоғамның рухани мәдениеті де қалыптаспайды. Ал, ғалымдардың ғылыми шығармашылық қызметінің нәтижесі қоғамның интеллектуалдық дамуы әлеуетінің көрсеткіші болатыны белгілі.

Сурет автордан

Осы орайда еліміздің гуманитарлық ғылымының дамуына зор еңбек сіңіріп жүрген қазақ халқының қабырғалы ғалымы, Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» орталығының директоры, түркітанушы Сатай Мақсұтұлы Сыздықов 70 жасқа толып отыр.

Академик-зерттеуші, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Сатай Сыздықов 1954 жылы 14 қаңтарда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Томар ауылында дүниеге келген. Жаратылыс болмысынан оқу мен білімге ынтасы зор болашақ ғалым 1960 жылы туған ауылындағы мектепке барады. 1968 жылы Томар ауылының 8 жылдық мектебін, 1970 жылы Қарқаралы мектеп-интернатын бітірді.

1970 жылы орта мектепті аяқтаған соң, халық арасында екінші университет атанған Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің студенті атанады. Сатай Сыздықов университет қабырғасында жүрген кезден бастап, білім жолында аса зор қайрат пен табанды күш-жігерді талап ететін ғылыми зерттеу­шілік жолға түседі. 1975 жылы университетті үздік дипломға аяқтағаннан кейін Қарқаралы қаласы жанындағы Ақтерек ауылында тарих және география пәндерінен ұстаздық қызметін бастады. Болашақ ғалымның өмірлік еңбек жолындағы ұстаздық қызметін Ақтерек мектебінен бастауы да кездейсоқтық емес. Себебі, Ұлт ұстазы, Алаш қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы 1904-1908 жылдары Ақтерек мектебінде ұстаз болған және Қарқаралы жерінен бірнеше мектептер ашқан. Ұлт ұстазының жүріп өткен өнегелі өмірі болашақ ғалымға әсер еткені даусыз. «Жас келсе іске», – деген дана халқымыз. Мектепте жұмыс жасап жүрген талапшыл жігерлі мұғалімді сол кездегі ортасы бірден танып, 1977-1978 жылдары Талды аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырады. Сол уақыт шеңберіндегі қатаң тәртіп бойынша жастар әскер қатарында қызмет атқаруы міндетті болатын. Сондықтан, Сатай Мақсұтұлы 1978-1979 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп шықты. Болмысынан талантты жастың ерекшелігі Кеңес әскері қатарында жүргенде де бірден байқалды. Армиялық баспасөзге қарайтын «Сибирьский воин» газеті тілшісінің Сатай Сыздықовтың тәртібі мықты үлгілі жауынгер әрі білім мен ғылымға бейімделген қабілетті әскери қызметші ретінде әскер бөлімінің кітапханасынан болашақ кандидаттық диссертация тақырыбы бойынша материал жинап жүргені туралы мақала жазады.

Әскер қатарынан келген соң, 1980-1985 жылдары Қарағанды кооперативтік институтында оқытушы лауазымында қыз­мет атқарады.

Алаш қозғалысының алтын бесігі – Қарқаралы жерінен қанаттанып, үлкен өмір мектебінен тәжірибе жинақтаған жас ғалым, 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 1988 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болады. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызметте жүріп, 1992 жылы Түркия елінің Стамбул қаласындағы Мармара университеті докторантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 1995 жылы аяқтап шығады. Ғылым жолында үздіксіз табанды ізденістерін жалғастыра білген талантты зерттеуші Сатай Мақсұтұлы 1996 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академия­сы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты жанындағы біріккен диссертациялық Кеңесте «Орталық Азиядағы қарлық түркілері саяси тарихының мәселелері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алады. Көрнекті ғалым Сатай Сыздықов бұл зерттеу тақырыбы арқылы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының негізгі іргелі мәселелеріне жауап беріп қана қоймай, Ұлы Дала тарихындағы үздіксіз мемлекеттілік дәстүрдің және оның өміршең идеологиясының болғандығын сол кездің өзінде дәлелдеп шықты.

«Күлтегін» арнайы сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері, ұлттық тарих, мәдениет және руханиятымыздың өміршең іргелі сұрақтарына жауап іздеп, ғылым мен жоғары білім саласының ірі ұйымдастырушысы, Құрметті академик Сатай Сыздықов жоғары мектепте бірқатар абыройлы қызметтер атқарды. Атап айтсақ, 2002-2005 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің, 2005-2007 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих факультетінің деканы, 2009-2012 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аймақтану кафедрасының меңгерушісі болды. 2012 жылдан осы уақытқа дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Еуразия тарихы және мәдениеті» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметінде.

Бүгінгі күнде өзінің 70 жас мерейлі белесіне биік абырой-беделмен жетіп отырған академик-ғалымның 200-ден асатын ғылыми мақалалары мен ірі еңбектері отандық тарих пен ұлттық идеологиямызға олжа салып қана қоймай, ірі ғылыми мектептің іргетасын қалап отыр. Парасатты ғалымның үздіксіз айналысқан ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде жарық көрген «Қарлық мемлекетінің тарихы», «Мәңгілік Ел идеясы: қалыптасуы, үш негізі және сабақтастық», «Қарлық-Қарахан мемлекеті», «Қарқаралы-Қазылық», «Түркі халықтарының тарихы», «Рухани жаңғыру: Мәңгілік Ел идеологемасы», «Мәңгілік Ел құндылықтары және Алаш идеясы», «Алаш идеясы және мемлекетшілдік», «Әл-Фараби және Мәңгілік Ел» атты монографиялары мен оқулықтары көзі қарақты, ізгі ниетті интеллектуал оқырмандар үшін тағылымы мен ғылыми құндылығы өте жоғары болып саналады.

Есте жоқ ескі замандардан бері тарихын тасқа қашап жазып, кейінгі ұрпағына қалдырған түркі бабаларымыздың мәңгілік мұраларына қалам тартқан Сатай Мақсұтұлының іргелі зерттеулерінен біз қасиетті бабаларымыздың «мыңжылдық, түмен күндік» тарихы мен мәдениетін, аруағы асқан салтанатты жеңістерінің жаңғырығын сезіндік, білдік, көңілге түйдік. Елдік пен мемлекетшілдіктің діңгегі саналатын түркі бабаларымыз – Күлтегін мен Білге қағанның, данагөй Тоныкөк ескерткіштерінде жазылған рухани мұраларымызды терең ыждаһатпен зерттей отырып, мыңжылдықтардың ортасына алтын тамыр тартып, бүгінгі күнмен үндес­тіру арқылы ұлы идеямыз – «Мәңгілік Ел» идеологиясын қайта жаңғыртуы арқылы халқымыздың тарихи жадысы мен ұлттық рухы оянды.

«Әлем тарихынан түркілерді алып тастаса, тарихтан ештеңе таба алмай қаласың», – деген тәмсіл бар. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби мен энциклопедист ғалымдар Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқаридың еңбектерінің қиын қатпарларын зерделеп, Әділетті Қазақстанның өскелең ұрпағының тарихи танымы мен дүниетанымының көкжиегін кеңейтіп, зердесіндегі мемлекетшілдік қасиетті дамыту жолында қажырлы еңбек жасап жүрген ғалымның қайраткерлігі мен тұлғалық болмысы менмұндалап тұрады.

Сатай Сыздықов көп жылдардан бері Қарқаралы аймағының тарихын зерттеп, туған жерінің жер-су атауларының этимологиялық мәселелеріне терең үңіле отырып, «Қарқаралы – Қазылық» іргелі ғылыми-зерттеу еңбегі мен мақалалар жазды. Ол еңбектерінде ХХ ғасыр басында қазақ халқын өркениетті елдердің қатарына апарамыз деп ұлтқа қызмет жасаған қайраткерлердің қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметін кеңінен насихаттады. Қарқаралыны Алаш қозғалысының алтын бесігі ретінде тануы керек екендігіне ерекше көңіл аудара отырып, қазақ зиялы қауымының қалыптасу жолы әлеуметтік және мәдени-рухани өзгерістердің үрдісінен пайда болғанына баса назар аударған ғалым Сатай Мақсұтұлы: «Қарқаралы петициясы» Алаш қозғалысының эволюциялық дамудағы тарихи заңдылық қағидасы бойынша саяси партияға айналуына негіз болды», – деген ғылыми тұжырымдаманы жасап шықты.

Әсіресе, зерттеуші ғалымның Қарқаралының қала статусын сақтап қалудың қажеттілігін айшықтаған «Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы» және де осынау қасиетті қоныстың тарихи жасын отаршыл патша үкіметінің жарлығымен жариялаған 1824 жылдан бастап емес, мыңжылдықтан ары кететінін нақтылы жазбаша және ауызша тарихи деректер арқылы дәлелдеген: «Шаһарлардың мерейтойлық шерулері немесе Қарқаралының жасын қай уақыттан бастап есептеген дұрыс?!» атты ғылыми мақаласы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланып, қалың көпшіліктің қолдауына ие болды. Сонымен бірге, осы мәселе бойынша Қарағанды қаласында өткен «Атыңнан айналайын Қарқаралы» атты халықаралық ғылыми конференцияның алқалық мәжілісінде жасаған баяндамасы негізінде академик-ғалымның ұсынысы конференция қарарында енгізілді және тиісті мемлекеттік органдарға жіберілген.

Көрнекті ғалым Сатай Сыздықов республиканың қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласады. Ол Қазақстан Рес­публикасы Парламентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» комиссиясының, Астана қаласының «Рухани жаңғыру» Кеңесінің мүшесі болды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы эксперттік кеңесінің ғылыми сарапшысы. Мерейлі ғалымның ғылымдағы жетістіктері және қазақ қоғамындағы белсенді іс-қызметтері мемлекет тарапынан ескерілмей қалған жоқ. «Құрмет» орденінің иегері, «Күлтегін» сыйлығының лауреаты, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. Ғылыми шығармашылық және оқытушылық қызметіндегі жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» және 2022 жылы «Қазақстан Республикасы Үздік ғылыми қызметкері» байқауының жеңімпазы болды.

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби ізгілікті қоғамды қалай қалыптастыруға болады деген сұраққа жауап іздеу арқылы ол өз шығармаларында адамзат өміріндегі ең өзекті мәселе – бақыт идеясын ұсынады. Ол жөнінде әл-Фараби былай дейді: «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғарғы бақытқа жету болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет. Және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы керек. Бұл нәрсе кез келген адамға бітетін қасиет емес. Ол үшін адамға ақылгөй ұстаз керек», – деп қорытынды жасайды. Әл-Фараби бұл жерде адам баласы бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж болады деген философиялық ойды түсіндіреді. Ұлы ойшылдың пікірінше, адамның кемелденуіне ең басты ықпал етуші күш – білім. Ғұлама ғалымның білім мен тәрбиені қатар ұштастыра жүргізу хақындағы ой-тұжырымдары ғасырлар бойы өмір шындығынан туған қағида. Тәлім мен тәрбиенің кілті ақыл-парасаты мол ата-­ананың ғана емес, білімі терең, тағылымды ұстаздың да қолында болады. Әл-Фараби адам баласының жақсылыққа жету жолында «ақылгөй ұстаз керек» дейді.

Ғылым мен жоғары білім саласы жолында қызмет жасап, қоғамға қажетті мамандар дайындап жүрген Құрметті академик, ірі ғалым Сатай Сыздықов – нағыз ұстаз-тәлімгер. Елдік мәселе мен қазақ халқының мәңгі мемлекеттік идеологиясының қасиетті ұстынын өзінің өмірлік принципі мен ғылым жолындағы киелі діңгегі санаған қадірлі Сатай Мақсұтұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақ тілейміз.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің профессор ассистенті, PhD докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button