Рухани жаңғыруСәтбаев

Ұлттық ойын ұлықталды

    Сәтбаев қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні аясында  Тоғызқұмалақ ойынынан өткізілген Халықаралық турнир жалауын түсірді. Бес күнге созылған бәсекелі сынға Ресей Федерациясы, Түркия, Ауғанстан, Моңғолия, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекеттерін қоса алғанда бас-аяғы 20 команда қатысып, бақ сынады. Жарыстың жабылу салтанатында қатысушылар мен жанкүйер қауымды мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан БӘЙМЕНОВ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр ҚАНАҒАТОВ, сондай-ақ, қала әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ құттықтады.

Басты межесі бітімі бөлек ұлттық спорт ойынын ұлықтау ұстанымы болған сайыста сан ортада сынға түсіп, тоғызқұмалақтың қыры мен сырын жетік меңгерген кәнігі спортшылармен қатар, үміттерін үкілеген жас буын өкілдері де бас қосты. Қатысушылар қатарында халықаралық дәрежедегі 10 спорт шебері, 1 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 22 спорт шебері, 13 спорт шеберлігіне кандидат және 1 разрядты дәрежесі бар 11 спортшының болуы бәсеке көрігін айрықша қыздыра түсті. Олардың әрқайсысы өз елі мен облысының намысын қорғау жолында «қара терге түскені» бесенеден белгілі.

Бәсекелестер бес күн бойы тынымсыз «белдескен» жарыс барысында асығы алшысынан түскендері іріктеліп, келесі кезеңге жолдама алып отырды. Нәтижесінде бабы мен бағы келіскен спортшылар жеңімпаздар мен жүлдегерлер санатына ілікті. Сөз орайы келгенде, тоғызқұмалақтың төл Отаны – Қазақ елінің спортшылары үстемдік танытқанына ерекше екпін бере кеткен жөн.

Ерлер арасындағы сында І орынды Астана қаласы командасының құрамындағы спортшы Ғалымжан Темірбаев жеңіп алды. ІІ орынның жүлдесін павлодарлық Жанат Қаймолдин қанжығасына бөктерсе, оның командаласы Бауыржан Абылайхан ІІІ орынға табан тіреді.

Әйелдер арасында Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Лина Кәрімованың бағы жанып, Бас жүлдені еншіледі. Оның жерлесі Салтанат Сапарбекова ІІ орынға тиесілі тұғырға көтерілді. Ал, ІІІ орынның жүлдесі павлодарлық Роза Райымбековаға бұйырды.

Бағы жанып мерейі өскен спортшыларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дипломдары мен естелік медальдары табыс етіліп, тиістілігіне сәйкес, 500 000, 300 000 және 200 000 теңгеден бәйге сыйақылары берілді. Бұдан тысқары, жеңімпаздарға басты жүлде – арнайы Кубок табысталды.

Әлихан БӘЙМЕНОВ,

Дүниежүзілік және ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті:

– Әлемдегі барлық ұлттың болмысының қалыптасуына әсер еткен, олардың әрқайсысының тек өзіне ғана тән спорт ойындарының түрлері бар. Сондай сипаттағы ұлттық ойындар бізде де баршылық. Көкпар, ат бәйгесі, тоғызқұмалақ және басқалары солардың қатарында. Олардың бірі батылдыққа баулыса, екіншісі ептілікке үйреткен, ал үшіншісі ақыл-ой бәсекесіне бейімдеген.

Бабаларымыз балаларының зердесін дамытуға, ойлау жүйесін жетілдіруге, оларды оңтайлы шешім қабылдау мәнеріне машықтандыруға тоғызқұмалақ ойынын ұтымды пайдаланған. Тоғызқұмалақ – біздің ұлтымыздың әлемдік өркениетке қосқан бірегей үлесі.

Кеңес дәуірінде керітартпалыққа жол беріліп, ұлттық ойындар көлеңкеде қалып қойғаны белгілі. Оларды бойына «қан жүгіртуге» ел Тәуелсіздігінің арқасында ғана қол жеткізілді. Елбасының ұлттық ойындарға ерекше назар аударуы халық қазынасының жаңа сипатта дамуына берік негіз қалады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарымыздың жасампаздығын айрықша айғақтай түсті.

Қазіргі таңда осынау зияткерлік ойын түрінен құрлық деңгейіндегі чемпионаттар, бүгінгідей Халықаралық сайыстар, Әлем чемпионаттары өткізілуде. Бұл ойынға қызығушылық таныту үрдісі күн санап артып келеді. Қазақстанда 10 мың адам әр деңгейлі сайыстарға тұрақты түрде қатысып жүрсе, 200 мың адам тоғызқұмалақ үйірмелерінде шеберліктерін шыңдау үстінде.

Осы турнирді Қаныш қаласында өткізу туралы бастаманы қала әкімі Асқар Ыдырысов көтерді, оған облыс әкімі Ерлан Қошанов зор ықыласпен қолдау білдірді. Билік тізгінін ұстаған азаматтардың ұлт мүддесін ұлықтау пейілі қашанда жетістікке жетелей берері анық. Бүгінгі жарыс тоғызқұмалақ ойынының танымалдығын арттырып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосты десек, еш қателеспейміз.

Турнир нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлердің анықталуы – заңдылық. Десек те, бұл ойында ұтылғандар мен жеңілгендер жоқ. Өйткені, түпкі түйінде ұтып тұрған – біздің мәдени мұрамыз. Басты жетістік, міне, осы!..

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Суретті түсірген А.ЖАНАЛИНА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button