Руханият

Ұлттық өнерді ұлықтады

Қарқаралыда жетінші мәрте дәстүрлі ән орындаушылардың «Алтын домбыра» атты байқауы өтті. Бұл өнер додасы биыл қазақтың ұлы ойшылы, ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл және Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толған мерейтойларға арналды.

Сурет автордан

Ұлы далада бірегей мәдениет қалыптастырған қазақ халқының рухани болмысын паш ететін дәстүрлі ән мен домбыра үні – ұлтымыздың рухани тірегі. Ұлттық өнерді ұлықтау арқылы жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін арттыруды, қазақтың дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттауды және жас орындаушылардың шығармашылығын қолдауды, Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен халық әндерін кеңінен танытуды, ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауды және дамытуды мақсат еткен «Алтын домбыра» байқауы – ән жарысы ғана емес, ұлттық өнерге тағзым, жастарды салт-дәстүрмен сусындататын рухани мереке.

Шараның ашылу салтанатында байқауға қатысушылар мен көрермен қауым алдында Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынұлы мен «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков құттықтау сөз сөйлеп, өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Байқауға қатысушылар екі топқа жіктелді: 18 жастан асқан ересектер және жасөспірімдер. Тартысты өткен бәсекенің нәтижесінде ересек әншілер арасында орындаушылық шеберлігімен ерекшеленген Тегісшілдік ауылының өкілі Рустам Жүсіпов І орынды жеңіп алды. Оған 150 мың теңге көлемінде жүлде тапсырылды. ІІ орынға Бесоба ауылының әншісі Ерлан Сепкрай шықты. Ол 100 мың теңге сыйлық иеленді. ІІІ орынға 50 мың теңге көлемінде екі сыйлық тігілген екен. Оларға Сарыобалы ауылының өнерпазы Медет Спанов пен Қарқаралы қаласының талапкері Аружан Әмірхан ие болды.

Жасөспірімдер арасындағы ән байқауына «AMANAT» партиясының облыстық филиалы демеуші болған екен. Жастар арасында жүлделі орындар былай бөлініпті: І орын – Инабат Төлеуғали (Қасым ауылының өнерпазы, жүлдесі – 50 мың теңге); ІІ орын – Балжан Нұрғабенова (жүлдесі – 30 мың теңге); ІІІ орын – Жарас Қайролла (Аппаз ауылының әншісі, жүлдесі – 20 мың теңге).

Байқауға қатысушылардың бәріне диплом мен Алғыс хат табысталды.
Дәстүрге айналған «Алтын домбыра» байқауы – қазақ әндерін орындаушылар арасындағы жай ғана бәсеке емес, ұлттық рухты ұлықтайтын, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды мәдени шара. Бұл бастама жас өнерпаздарға шабыт беріп, талант көзін ашып қана қоймай, халқымыздың киелі өнерін келер ұрпаққа аманаттаудың жарқын үлгісіне айналуда.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button