Білім

Ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие

Тәрбие мен оқыту – өзара тығыз байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас жүйе. Әлемнің ең басты құндылығы – адам және адамның өмір сүру үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді.

Ал, адамзаттың алдында тұрған зор міндет — болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Қарағандыдағы «Шаңырақ» бөбекжайында бүгінде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген 400-ге жуық балдырған тәрбиеленуде.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Біртұтас тәрбие бағдарламасының» мақсаты –  жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу. Әрине, қазіргі заманғы тенденцияларды ескере отырып, білім берудің жаңа моделін енгізу бағытында жұмыс істеуіміз керек. Ол «білім беру – оқу» ұстанымынан «білім беру – тұлғаның қалыптасуы мен дамуы» ұстанымына көшуді көздейді.

Ұлттық құндылықтар – тұтас бір жүйе. Оған халықтың тілі, мәдениеті, әдебиеті, өнері, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік және мәдени қауымдастық ретінде пайда болуымен бірге туындаған әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, жол-жоралғылар, ұғым түсініктер, дағды, көзқарастар жатады.

«Халықтан асқан ұлы ұстаз жоқ» ұлттық рухани мұралар – ұрпақтың рухани- адамгершілік азығын жетілдіретін негізгі өзегі болмақ. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан рухани мұраларды жинақтап, зерттеп-зерделеудің маңызы арта түсуде. Ұлт тағдыры ұрпақ қолында екенін жақсы түсінген ата-бабамыз өз ұрпақтарын ежелден ізгілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке, имандылыққа, инабаттылыққа, сауаттылыққа тәрбиелеуді міндеттеген.

Қай халықтың болмасын өзіне ғана дараланып тұратын ерекшелігі бар – ол тәрбие. Тәрбие – мәңгілік және адамзаттық. Осы ретте балабақшамызда облыс көлемінде «Ұлттық құндылықтарымызды дамыту» тақырыбындағы үлкен семинар өтті. Семинар барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеуде балабақшада жасалып жатқан жұмыстар көрсетілді. Сонымен бірге «Ұлт тірегі – ұлттық құндылықтарымыз» көрмесі ұйымдастырылды.

Шәкәрім: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» деген болатын.

Жалпыадамзаттық құндылық – рухани құндылық. Бұл – адамдағы ең терең маңыз­ды әрі мәнді бағдар. Адам соған сүйене отырып, шешім қабылдайды, әрекет етеді. Рухани құндылық адамдағы ішкі тұтастықты қамтамасыз етеді, күш-жігері мен өзіне деген сенімін арттырады, сонымен бірге, осы құндылықтың негізінде адамның өзіне, қоршаған ортаға деген қатынасы қалыптасады.

Шырын КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ,
«Шаңырақ» бөбекжайының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button