Бас тақырып

Ұлттық нақыш сәнге айналды

Киімнің тәуірін киіп, әшекейдің әдемісін таққан қазақ қызын көргенде көз сүйсінеді. Арудың атқан таңдай ажарын ұлттық бұйым ерекшелейді. Бойжеткендер бүгінде сақина мен сырға, алқа және білезік, шекелік тағуды сәнге айналдырды. Әуел баста аталған бұйымдарға қолжетімділік аз еді. Алайда, бүгінде күмістен құйылған ұлттық бұйыммен қатар жылтырақ қолжетімді әшекей де сатылымға шықты. Қазір нарықта таза күмістен жасалған бұйым мен көшірмесі қатар сатылады. Мәселен, шекелікті жастар сәнді әрі заманауи белдемшеге орайластырып тағатынды шығарды. Әсілінде, шекелік маңдайға немесе тақияға бекітіліп тағылатын бұйым еді. Ұлттық бұйым төңірегінде зергерлердің де айтары көп.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Серік Елубаев және ұлттық бұйым

Қарағандылық зергер Серік Елубаев ұлттық нақыштағы көркемдік бұйымдарды бойжеткендер тапсырысына сай тек таза күмістен жасайды. Наурызнаманың «Қайырымдылық күнінде» облыстық бейнелеу өнері мұражайында Серік шебердің бұйымдарын тамашалау­ға мүмкіндік туды.

– Білезіктің жасалуына қарай алтын, күміс, құйма, сағат, топсалы, бұрама, қос білезік деген түрлері де бар. Қазіргі таңда қымбат тастардан көз орнатылған білезіктер де жиі кездеседі. Тұтынушыға сатып тұрған бұйымыңыздың таза немесе жалатылған күмісі бар екенін ескерткен жөн. Бұл саудагер мен сатып алушы арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға сеп, – дейді Серік Елубаев.

Зергердің айтуынша, қазіргі таңда сәнге айналған әшекейдің басым көпшілігі күмістен жасалып, қымбатқа бағаланады. Өйткені, таза күмістің құны ежелден қымбат. Мәселен, таза күмістен құйылған білезік бағасы – 70 000 теңге болса, сақина – 30 000 теңгеге бағалануы мүмкін. Сондықтан, күмістің құнын білетін адам оның пайдасын да ескеруі тиіс.

Тапсырыс берушілер тарапынан «бұйымның бағасы неге қымбат?» деген пікір болуы заңды. Бұл орайда оның ежелден жеткен пайдасын алға тартқан жөн. Мәселен, адамдар ағзасында зиянды 1500 түрлі бактерия болса, соның 650 түрін осы күміс өлтіреді екен. Оған қоса, қазақ күмісті жиі қолдану арқылы аурудың бетін қайтарған. Мойынға тағылған алқадағы немесе шылдыр шүмекке тағылған жүзік қан қысымын түсіретініне сенген. Сұқ саусаққа тағылса, ішектің жұмысын жақсартатынын анықтаған. Тіптен, әлі күнге халық арасында аспен ауқаттану үшін әйелдің қолында міндетті түрде күмістен сақина болуы керек дейтін әжелер бар. Ауыл арасында дәстүрлі наным-сенімге сай күмісті гигиеналық қызметте де кәдеге жарататындар кездеседі. Үйдің үлкендері келіншекке нәрестені шомылдырар алдында, тазалықты алға тартып, «қолыңа күмістен сақина тақ» деп ескертіп отыратынын байқаймыз.

«Саудаласу – сүннет» дегенмен…

Зергерлер жәрмеңкесінде күміс бұйымды тамашалап жүріп, көпшіліктің зергерлік бұйым сапасын ескермей, арзан бұйымға ұмтылатынын байқадық. Оған қоса, алтын-күміс сатып жатқан адамдарды қадағалайтын мекеме жоқтың қасы. Зергерлік бұйымдар нарығында реттілік сақталмаған.

– «Шебердің қолы – көпке ортақ» дейміз. Алайда, шебердің еңбегін бағалайтындар аз. Саудаласу жағына келгенде жиі мәселе туындайды. «Саудаласу – сүннет» дегенмен, қазақ ешқашан шебермен саудаласпаған. Соны ескеру қажет. Қазақ зергерлері өз ұсталығын атадан балаға мұра етіп қалдырды. Тиісінше әйелдер әшекей бұйымдары, киімге тағатын әрі тазалыққа қажетті бұйымдары және киіз үйдің ағаш қаңқасы, жиһаздар, саз аспаптары, қару-жарақтар, ат әбзелдерінің бекітпелерін де зергерлер жасады. Ежелден жеткен ұлы мұраны насихаттаушы болғандықтан, ұлттық өнерге айналған дүниені арзанға бағалау – еңбекті жоққа шығарумен тең, – дейді Серік Елубаев.

Еліміздегі kz.trud.com сайтының мәліметінше, қазіргі таңда зергер жалақысы 182 793 теңгені құрайды. Бұл оның өз мамандығынан бөлек, қосымша табыс көзі бар екенін есептемегенде жүргізілген зерттеу нәтижесі.

– Қарағандыда көне бұйымды жаңаға сай жасайтын зергерім бар. Анамның көзіндей болған, Жібек жолы бойындағы сауда керуенімен байланысты аз-кем тарихы бар сақинаны қайта жаңғырттым. Зергер жұмысын 150 000 теңгеге бағалады. Тамаша еңбегіне разы болдым. Аманатқа қиянат жасамай, бұйымды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуім керек. Қаржы бірде бар, бірде жоқ дүние ғой, ал көне бұйым құрметтелуі тиіс, – дейді ақтоғайлық Күлзипа әжей.

Әжей айтқандай, кей сәтте көне бұйым ғасырлар қойнауында жатқан ұлы тарихты қозғайды. Жібек жолымен жүріп өткен саяхатшылардың арқасында еуропа елдері шығыстың мәдениетімен танысқаны тарихтан белгілі.

Өтірік оюлар көбейді

Зергердің айтуынша, әлемдік мәдениеттің бесігіне жол ашатын тарихи зергерлік бұйымды тұтынушылар қазақ тұрмысының көшпелі салтын білуі тиіс. Бұйымдағы оюлар тарихы сан түрлі болатынына мән берген жөн. Оған қоса, әшекей бұйымдарды тағудың өзіндік қазақы тәрбиелік мәні, маңызы бар. Оны ескермейтін кез келген жан зергер болуға ұмтылғыш.

– Жүзікке белгілі ою салу керек болса, тұтынушы сұранысына сай жасай салатын зергерлер бар. Қазақ оюын оқи білген дұрыс. Көпшілік тек қошқармүйізді біледі. Оны қалай болса солай қолданатындар көп. Ер адамдікін әйелге, кебежеде тұратын оюды киімге салудан қорқу керек. Бұл тұтас ұлттың тарихын бұрмалауы мүмкін, – дейді зергер әрі тігінші Айнагүл Серікқызы.

Тарихи дереккөздері ертеректе 4-5 жастағы қыз бала білезік, құлағына сырға, қамзолына жиектей күміс құймалар таққанын алға тартады. Қыздардың әшекейі пішіні жағынан кіші болуымен, нәзіктігімен ерекшеленген. Қыз-келіншектер жүзік, сақина, құстұмсық жүзік, отау жүзік, білезік, жұмыр білезік, сыр­ға, шекелік, шашқап, шолпы, шашбаумен жүрген. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін жасына қарай әшекейі аз нақыштарға ауысқан. Осылайша әйелдің әшекейі жасын, әлеуметтік тобын, қай аймақтан екендігін ажыратуға мүмкіндік берген. Егер әйел адам ауқатты отбасынан шықса, бағалы таспен көмкеріліп, алтынмен апталған әшекей таққан.

Сол сияқты шолпы мен шашбаудың көпшілік ескермейтін құпиясы бар. Қазақ салт-дәстүрі тарихында шолпы таққан қыздың мойны құрықтай болып өседі деген түсінік бар. Кейде шашбау теңгелері салмағының 3 кг-ға дейін жетуі, қыз бала, бойын тік ұстап, дене бітіміне көңіл бөлсін деген сенімге ұласқан.

Бүгінде облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында ХХ ғасырға тән шекелік бұйымы жәдігер ретінде сақталып тұрғанын көпшілік ескермейді. Музей қызметкерлерінің мәліметінше, шекеліктің сыры – үзбелі салпыншақтар сылдыры жын-шайтанды үркітіп отырады деген нанымға негізделген. Шығыс пен Орта Азия халықтары секілді қазақтар да бұйымдарға тоқталғанда аракідік осы тұжырымға сенім артады екен. Сондай-ақ, маңдай сүйегінің киелі маңызын қазақтың «шекеге шақыру» дәстүрімен байланыстырып, «шекеліктің» мағынасын осылай ашады.

– Қазіргі таңда самайлық әшекейге айналған шекелік – қолжетімді дүние. Дизайнерлер шекелікті белбеуге жапсырмалап тігіп, нарыққа ұсынуда. Біздің ойымызша, шекелік тек маңдайда жарқырауы тиіс. Бізде шекеліктің орташа құны 5 000 теңгеге бағаланады. Егер ол этно үлгідегі жинақ болса, бағасы екі есеге артады, – деді әлеуметтік желідегі assyltas.kz парақшасының өкілдері.

Бұған дейін зергерлік нақыштар тек Наурыз келгенде насихатталып жүргені рас. Қазіргі таңда көрме-жәрмеңкелер аясы ұлттық бірегей әшекей, шапан, бұйымсыз өтпейді. Бұған зергерлер дән риза. Ұлттық шапанды брендке айналдырып жүрген қыз-жігіттерді көргенде көз сүйсініп, көңілдің марқаятыны рас. Ұлттық құндылыққа негізделген зергерлік бұйымға қатысты биік ұстаным сақталса екен.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button