Ұлттың Ұлы ұстазы
Ыбырай – қазақ үшін қасиетті есім. Ол ұлтының бағы үшін өмірдің барлық саласына араласты. «Әр қазақтың баласы сауатты болуға тиісті» деген ұстанымын берік ұстады.
Ұлттың тарихи жады неғұрлым терең, тарихи санасының тамыры неғұрлым берік болған сайын әрбір адамның, қоғамның да рухани әлемі байып, болашақ қадамы нықтала түсетіндігін түсінді. Бүгінгіні танып, болашақты барлау үшін өткенді білу қажет. Оның ішінде, халқының қамын жеп, ұлтының ертеңіне қалтқысыз қызмет еткен, ел тарихында аты мәңгі өшпейтін дара тұлғалардың тағылымға толы өмір жолынан үлгі-өнеге ала білу маңызды. Осы тұлғалардың қатарына айрықша тоқталып, Алаш баласының темірқазығы болған, қазақтың ғұламасы Ыбырай атамыздың мұрасын дәріптеу асыл парызымыз.
Ұлтымыздың ұстазы бiлiмiн жүйелi түрде жетiлдiрудiң нәтижесiнде ол өз заманының аса бiлiмдi азаматы болды. Орыс педагогика ғылымын терең зерттеп бiлуі оны қазақ халқының көрнектi ағартушысы етiп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерiнiң оқушыларына арнап, екi оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тiлiн үйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ол қысқа да, жарқын ғұмырында қазақ балалары үшiн зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшiн бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзi сол мектепке орыс тiлiнiң мұғалiмi болып тағайындалды.
Ағартушылық идеялары жiгерлендiрген ол ауыл-ауылды аралап, жергiлiктi халыққа бiлiм алудың маңызы мен қажеттiлiгiн түсiндiруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшiн қаржы-қаражат жинауды қолға алып, ақшаның алғашқы үлесiн Ы.Алтынсариннiң өзi қосты. Осыдан бастап, оның ағартушылық және педагогикалық қызметi басталды. Қазақ балалары сауатын ана тілінде ашып, ана тілінде оқу керектігін, ұлт мектептеріндегі оқу тәрбие ісін дұрыс жолға қою қажеттігін жиі мәселе етіп көтерді. Бір басында сан-салалы өнер тоғысқан телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қиын да қайшылығы мол ғұмырында қазақ балаларының болашағына алаңдап кетті. Ана тілінде сауатын ашып, ары қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш жұмсаған ағартушы қайраткер мәңгілік халқының есінде сақталады.
Гүлім СОПЫЖАНОВА,
әл-Фараби атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
БАЛҚАШ.